«Заң және Біз» өзіміздің де, өзгенің де көкірек көзін ашып, заңдық сауатын көтеруге көмектессе деймін

Досымбек Қонысбекұлы, «Қазақстан» ұлттық арнасы «Заң және Біз» бағдарламасының жүргізушісі:

– Досымбек Қонысбекұлы, халық­тың құқықтық сауатын ашудағы телевидениенің, он­дағы бағдар­ла­маның рөліне тоқ­талсаңыз?
– Қазіргі таңда елдің құқықтық сауатын арттыру – өзектілігін жоймаған маңызды мәселелердің бірі. Біздің Ата Заңымыздың өзі, «Қазақстан Республикасы өзін демо­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнық­ты­рады...» деп басталады. Бірақ еліміз тү­бегейлі құқықтық мемлекетке айналып кетті деу қиын. Біз өзіміздің құқымызды қалай қорғауды білмейміз. Ең қарапайым мысал, салық органдары, «кез келген жерде сауда жасағанда чекті талап етіңіз» деуден талмай келеді. Бірақ дүкеннен чек сұрап жатуды қажет деп таппайтынымыз немесе оған мүлдем көңіл бөлмейтініміз рас. Ал егер алған тауарымыз сапасыз бо­лып шықса, оны кері өткізе алмай, тұты­нушылық құқымызды қорғай алмай қи­налып жатамыз. Жалпы, өмірдің өзі – заң. Адамның дүниеге келгеннен бастап, есейіп қайтыс болғанға дейінгі өмір жолы заңдық құжаттарда тәптіштеліп жазылған, қай кезде қалай әрекет етуге болатындығы қағазға қатталып қойылған. Тек керек кезінде қажетті заңды, нормативтік құ­жатты, әлде болмаса Кодексті ал да қалай әрекет етуің керектігін қарап ал. Бірақ үйі­мізде құқықтық кітаптар мен кодекстерді жинап отырғандарымыз шамалы. Күн сайын қабылданып, өзгертулер мен толық­тырулар енгізіліп жатқан заңдарды өзімізге еш қатысы жоқтай, олардың барлығы тек заңгерлер мен судьялар үшін ғана керектей сезінеміз. Ал өз басымызға іс түскенде заңгер немесе адвокат іздеп сабыламыз. Міне, осы кемшіліктердің орнын толтыруда, халықтың құқықтық сауатын арттыру бағытында теле­виде­ниенің көтерер жүгі қомақты. Бұл жұмыс­тармен өзім еңбек етіп жатқан «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдары 20 жыл бойы айналысып келеді. Бірақ бұл басылымдар барша бұқараны қамти алмай отырғаны өкінішті. Оның үстіне газетке деген қызығушылық төмендеген қазіргі заманда электрондық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстардың орны ерекше. Көрермен экранда болып жатқан жағдайға еріксіз назар аударады. Өзінің, туысының немесе танысының басына түскен жағ­дайды шешудің заңды жолдары талқы­ла­нып жатса құлақ қояры кәміл. Сол себепті теле және радиоарналарда құқықтық бағ­дарламалар қазіргіден де көп болуы керек.
– «Заң және Біз» бағ­дарламасы өзекті құқық мәселелері талқы­ланатын ауқымды алаңға айналып отыр. Қо­ғам­мен кері байланыс та қалыпты деп ойлаймыз. Осы тұр­ғыдан алғанда, қазір жұртшылықты көбінесе қандай мәселелер кеңі­нен толғантады?
– «Заң және Біз» бағдарламасы кө­рерменнің құқын қорғайтын ашық алаңға айналды» деген бағаңызға мың алғыс. Бұл жобаның атқарар ісі әлі алда. Ұлттық арна­дағы бұл бағдарлама болашақта бар­ша қазақ жұртына құқықтық кеңес беретін сенімді сері­гіне, білікті қорғаушысына ай­налса деген үміт бар. «Заң және Біз» өзіміз­­­дің де, өзгенің де көкірек көзін ашып, заң­дық сауатын көтеруге көмектессе дей­мін. Енді сіздің сауалыңызға келер болсақ, көрермендер, негізінен, әлеуметтік мәсе­лелерді шешу жолдары мен тиісті меке­мелер тарапынан теріс әрекеттерге тап бол­ған жағдайда не істесем болады, кімге шағымданып, қалай арызданам деген сауал­дарды жиі қояды. «Заң және Біз» бағ­дарламасы әр апта сайын жаңа тақырыпты арқау етіп алатындықтан, сұрақтар да сол тақырып төңірегінде өр­биді.
– Өткендегі судьялар съезінде заң тақырыбын жазатын журналистер пу­лын қалыптастыру мәселесі көте­рілген еді. Осы пікірге көзқарасыңызды білсек?
– Қазақстан Республикасы судья­ла­рының VI съезі – төрт жылда бір рет өтіп тұ­ра­тын алқалы жиын. Оған Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың ұдайы қатысуы жиынның маңыздылығын көрсетсе керек. Үшінші билік өкілдерінің биылғы басқосуы халықаралық деңгейде өтті. Шетелден келген қонақтар да өз елдеріндегі сот жүйе­­сі мен ақпарат құралдары өкілдері арасында болып жатқан жағдайларды тілге тиек етті. Байқағаным, ұқсастық көп. Олар да журналистердің сотта қаралып жат­қан іске, мәселенің мән-жайына байып­­­­тап бармай тұрып, атүсті ақпарат тарататындығын мәлімдеп жатты. Қазақ­стандық судьялардың барлығы дерлік бұл тақырыпқа ерекше тоқталып, кетіп жатқан кемшіліктерді тілшілердің құ­қықтық сауа­тының төмендігіне теліді. Әріп­тес­теріме қаратып айтылған айыптаулардың түп-төркіні түсінікті. Қазіргі уақытта судья­лардың, құқық қорғау органы қызмет­кер­лерінің жағымды имиджін қалыптастырып, жұрттың оларға деген сенімін арттыруға көп күш салынып жатқаны белгілі. Осы кез­де сенсация қуған журналистің бүй­ректен сирақ шығарып, тексермей таратып жіберген ақпараты тірнектеп жи­ған абыройды шелектеп төгіп тас­тайтыны рас. Жиында осындай олқы­лықтарды бола­шақта болдырмау мақсатында судья­лардың журналистермен бірлесе жұмыс істеп, арнайы сот репор­терларын дайын­дауға қолғабыс ету қажеттігі, тілші­лерге сот процестеріне байланысты ақпа­рат­тарды (ешқандай құпиялылығы бол­маса) кедергісіз беріп тұру керектігі сөз болды. Бұл – дер кезінде қолға алынып жатқан бастама. Мұндай ынтымақтастық орнап жатса, одан соттар да, журналистер де ұт­паса ұтылмайды деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста