Туғанына 195 жыл толып отырған Шортанбай ақынды көп адамдар Абайдың: «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» деген өлең жолдары арқылы ғана біледі десек, артық айтқандық емес. Тіпті осыған қарап, Шортанбай жөнінде күні бүгінге дейін ұшқары пікірде жүргендер де жоқ емес. Ал, шын негізінде, Шортанбай кім, қандай ақын, оның қазақ әдебиетіндегі орны, әдеби үлесі қаншалық? Енді осы төңіректе сөз тарқатып көрелік.
Ер түріктің бесігі, түркі жұртының тұмары болған Түркістан жеріне қарасты Қарнақ қыстағында 1818 жылы дүниеге келген Шортанбай Қанайұлы орта ғасыр данышпандарының еңбектерімен сусындап, ақылды, зерек болып өскен. Ойшылдар отанында оқып, мұсылмандық жолда тағылым алған. Есейе келе, Түркістаннан Арқаға, Қарқаралыға қарасты Жамантай төренің мекеніне қоныс аударған. Біржан сал және Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Мәди, Жанақ, Шөже, Орынбай, Кемпірбай және т.б. төкпе ақындардың айтыстары, жыршы-жыраулардың толғау, жырлары өнерге құштар Шортанбай ақындығының ұшталып, айшықтануына ықпал етті. Қазақтың киелі өлкесі Шортанбайды тақуа етіп тәрбиелесе, қазақ өнерінің қан тамыры саналатын Арқа даласы оны тамаша ақын етіп шығарды. Оған ақынның:
Қожа емес едім, сарт едім,
Арқаға келіп нан жедім,
Нан жедім де дәндедім.
Жүйрігі болса, мінсем деп,
Сұлуы болса, сүйсем деп,
Жарамды тонын кисем деп,
Күннен-күнге сәндендім, – деген өлең жолдары дәлел.
Шортанбай шығармалары XIX ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы іспетті. Ол туған елінің ауыр тағдырын жырлап, көңілдегісін бүкпесіз айтқан, адамның мін-кемшілігін аяусыз сынап, жөнге салуды мақсат етіп отырған. Академик жазушы Сәбит Мұқанов: «Шортанбайдың үш зары бар: «Зар заман», «Бала зар», «Өлер зар». Осы үш зарында да ол халықтың басына түскен зарды, заманының зарын айтқан. Бұл үш зар – үш поэма және сюжеттік жағынан біріне-бірі жалғас, бірінің мазмұнын бірі өрбітетін поэма. «Зар заманда» Шортанбай қазақ халқының көтерілістерін патша үкіметі уақытша сөндіргеннен кейінгі ауырлаған халді айтады; «Бала зарда» көтерілістен кейінгі ауырлаған халді айтады; «Өлер зарда» Шортанбай өлім халында жатып, өмірмен, елмен мақұлдасып, артында тірі қалып бара жатқан жұрттан не тілейтіндігін баяндайды», – деп жазған.
Шортанбай ақындығының дәуірлеуі патша өкіметінің үстемдігі өршіп, қазақ халқы тәуелсіздігінен, шұрайлы жерлерінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырыла бастаған ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Ақын сол кезеңдегі патша өкіметін халықты қанаушы ретінде сынға алады. Құдай жолында қызмет етіп жүрген қожа, молдалардың өзі халықты талаушы, сырты бүтін, іші түтін арамзалар екенін әшкерелейді. Халықты ауызбіршілікке, тәуелсіздік үшін күреске шақырады. Шортанбай Қанайұлының заман зарын, болашағының қамын ойлаған жыршы екендігін Сәбит Мұқанов өз зерттеулерінде: «Реалист ақын Шортанбай заманының ірі суретшісі, қырағы ақыны болғандықтан, XIX ғасырда ауылда тап қайшылығын күшейтуге себепкер болған саяси шаруашылық жағдайларды да көреді, түсініп жырлайды», – деп сипаттаған.
Шортанбай ел арасына молда ишан болып танылғанымен, өлер шағында шығарған өсиет өлеңінде халқын елдің басты адамдарына тапсырады.
Билерге былай дейді:
Тыңдаңдар, жұртым, сөзімді.
Билер, пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер,
Кісі ақысын алмаңдар.
Болыстарға айтқан өсиеті:
Дүниенің малы үшін,
Ақтан аттап өтпеңдер.
Старшын, болыс болам деп,
Ысырап қып малды төкпеңдер.
«Өлер зарын» Шортанбай былай аяқтайды:
Қамсыз жүріп қамалған,
Жасын иіп, Тәңірім,
Өзің оңда халқымды.
Құрық түсті мойынға,
Тарылып тыныс алқынды.
Зармен бітті өмірім,
Жарылқа енді артымды...
Шортанбай шығармашылығы туралы сөз болғанда біз жоғарыда тілге тиек еткен Абайдың сыны ойға оралады. Абай бұл сынды жыраулар поэзиясына көңілі толмағандықтан айтты ма, әлде басқалай себептері болды ма? Осы сауалдар көптеген ғалымдардың зерттеу мақалаларына арқау болғаны да белгілі. Шортанбай шығармашылығына Абайдың айтқан сыни пікірі хақындағы мәселеге көрнекті зерттеуші ғалым Рабиға Сыздықова «Дулатты танып болдық па?» деген мақаласында: «Абайдың бұл сыны – осы үш сөз зергерінің бүкіл творчествосын жан-жақты талдап барып айтқан ғылыми тұжырым емес, сөз реті келгенде, яғни өзінің поэзияға қоятын талабының зор екендігін көрсету үшін айтылған поэтикалық образ-тұжырым. Жоғарғы екі жол өлеңіне қарап, Абай өзі атаған ақындарды мансұқ етті деп түсінуге болмайды. Қайта өзіне дейінгі, өзімен тұстас ондаған, тіпті жүздеген ақын-жазушылардың ішінен осы үшеуін бөліп атауы – оларды қазақ поэзиясының ауызға аларлық ең ірі өкілдері деп білгені», – дейді. Көрнекті әдебиет зерттеушісі Мұхтар Әуезов: «Шортанбай шығармалары XIX ғасырдың 60-70 жылдарында кеп шыққан бір ағынды көрсетеді. Өз тұсында болған қоғамдық, таптық, шаруашылық өзгерістердің нәтижесі әдебиетте бір Шортанбай емес, осының тұстасы болған Мұратты, кейінірек қалыптанған Абайды, тағы басқаларын да – бұрынғыдан басқаша, ерекше сарынмен жырлауға бейімдетеді», – дейді. Яғни Мұхтар Әуезов пікіріне сүйене отырып айтсақ, Абай Шортанбай ізімен ілесе келіп, оның дәстүрін жаңаша дамытқан.
XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан ойып орын алған Шортанбай Қанайұлы – туған елінің мұңын мұндап, жоғын жоқтаған, халқының басына түскен қиын-қыстау күндерді ет жүрегі езіле сөз еткен жырау ақын. Келер заманның зобалаңын зерделеп, қасіретін қатал ескерткен ақын Шортанбай өз жырларында ауыр күндердің хақтығын болжаған және халық өз басындағы жаман ғадет, қасиеттерден арылмаса, оның түбі үлкен өкінішке ұрындырарын бұдан екі ғасыр бұрын дөп басып айтып, шығармаларына арқау еткен.
Бір пікір
Қанипаш МӘДІБАЕВА, филология ғылымының докторы, профессор:
– Шортанбай өлең сөздің бейнелеу құралдарын мейлінше мол пайдаланған. Алайда Шортанбай өлеңінің сезім қуаты, көркемдік күші бейнелі көркем тілінде ғана емес. Шортанбай өлеңіне поэзиялық сәуле түсіріп тұрған – наразылық, жаттың ісінен іш жию, ұрпағын жамандықтан сақтаудағы жанұшыру сезімі. Ақынның тіл кестесінде ежелгі дәстүрлі қолданыстармен бірге, өз заманының ерекшелігін жеткізер өзіндік тіл айшықтары аз емес. Бір ғана заман ұғымы ақын қолданыстарында зар заман, тар заман, асылық асқан заман, ақыр заман, арғымақ ат тосырқап, тағалы болған заман т. б. түрленіп сипатталады. Қазақ поэзиясының кейіптеу тілі, теңеу тілі зар заман дәуірінде өзгеше сипатқа енді. Ашынып, кектеніп, жек көріп, айбаттанып, сес көрсете сөйлеу поэзия тіліне жаңа айшықтар әкелді. Махамбет Жәңгірді қасқырға, жыланға, шаянға т.б. теңеді. Дулат сол шығармаларындағы ел мінезін, атқамінерлердің болмысын ашу – қазақ поэзиясына жаңа қырлар енгізді. Зар заман ағымы халық поэзиясындағы дәстүрлі кейіптеу, бейнелеу құралдарын молайтты, түрлендірді, өзгертті. Шортанбай тілі – сол өзгерген, нақтылана түскен, өткірі, өтімі өскен өлеңнің тілі. Әрбір өзгерген қалыптың, тіршілік дамуының жаңа сөз тудырып отыратыны белгілі. Зар заманның өз сөзі болды.
Шортанбай көне түркі, араб поэзиясының қыры мен сырын еркін меңгеріп, игерген ақын екені даусыз. Жалпы, оның шығыс мәдениетімен, мұсылманшылық идеясымен астарланып жатқан қырларын ашу – келешектің шаруасы. Шортанбай – баяғыны баяндап беруші емес, өз дәуірінің шындығын нақты көрініспен өлеңге өзіндік өрнекпен көшірген ірі дарын, ілгерідегі өлең дәстүрін дамытып, байытушы, заманға сай жаңа түске көшірген суреткер.