«Жалыннан» жақсы кітаптар күтеміз

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Кейбір қиындықтарға қарамастан қазір Қазақстан­дағы кітап басу ісі мен оны тарату жайы біршама оңала бастады. Бұрынғыдай қазақ кітабына аса зәрулік жоқ. Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыспен де, жеке баспалар тарапынан да көркем әдеби шығармалар аз тиражбен болса да жарық көріп келеді. Кітапқа байланысты сөз қоз­ғал­ғанда, әдетте, біз отандық баспа өнімдеріне қатер төніп тұрғандай байбалам салуға құмармыз. Дегенмен көзі ашық, көкірегі ояу жан болса, бұл мәселеде ілгерілеу бар екенін айқын көретіні сөзсіз.
Қазіргідей ақпараттық технологиялар үрдісі қарқын алып, қоғамның назары интернетке ауып тұрғанда, қолға ұстап оқитын кітаптың қадір-қасиеті туралы айту қиын. Әйтсе де  инновациялық өркендеуді бастан кешіріп отырған әлемнің озық елдерінің өзінде көркем кітаптар өз құнын асырмаса, төмендете қойған жоқ. Бұл ретте қазақ қоғамының жалпыұлттық руханият­қа, кітапқа деген көзқарасының дұрыстығы көңіл қуантатыны рас.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары баспалардың жағдайы нашарлап, көпшілігі тарап, дүние-мүлкі талан-таражға түсіп жатқан тұста бірқатар мемлекеттік баспалар өздерін-өздері сақтап қала алды десек те болады. Олар кезіндегі қарқындарынан айырылып қалғанымен, күні бүгінге дейін талғамы бөлек, тұшымды баспа өнімдерін шығарып келеді. Бұған қоса мемлекет өз тарапынан арнайы тапсырыс беру арқылы, көптеген баспалардың жұмысына жан біті­ріп отыр. Бүгінде еліміздің жаңа құрамдағы Мәдениет және ақпарат министрлігі дәл осы кітап мәселесіне баса назар аударып отыр десек те болады. Биылғы жылдың өзінде аталған министрлік баспа ісі және полиграфия проблемаларына арналған бірнеше ауқымды жиын өткізіп, осы саланы дамытуға байланысты нақты жоба-жоспар­лар жасау үстінде. Шамадан тыс шеттен келетін баспа өнімдерінің отандық нарықта сұранысының жоғары екендігіне қарамас­тан, қазіргі кезде еліміздегі баспалар шама-шарқыларынша заманға бейімделіп, бәсе­келестік жағдайда өз ісін жүргізуге бе­йім­деле бастады.
Мемлекет тарапынан қолдау көріп әрі коммерциялық жолмен дамып отырған отандық баспалардың алды кітап нары­ғында өздерінің позицияларын айқындай бастады. Сондай баспалардың бірі – ұлттық көркем әдебиеттің таңдаулы үлгілерінен бастап бүгінгі жас қаламгерлердің жинақ­тарын шығарумен айналысып келе жатқан, 35 жылдық тарихы бар «Жалын» баспасы. Көрнекті қаламгер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, тәжірибелі баспа­гер Бексұлтан Нұржекеұлы басқаратын бұл баспа жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында бірнеше серияны қамтитын баспа өнімдерін шығарып, жекелеген авторлар­мен де тиімді жұмыс жүргізіп келеді.
«Жалын» баспасы әуелде Қазақ КСР Министрлер Советiнiң 1975 жылғы 15 қыр­күйектегi қаулысымен 1976 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс iстейтiн бала­лар мен жасөспiрiмдерге арналған көркем, саяси және ғылыми-көпшiлiк әдебиеттерiн, сондай-ақ өнер мен музыка шығармаларын, жастарға арналған «Жалын» әдеби-көркем альманағын басып шығаратын арнайы баспа болып құрылған. Осы баспаның ашы­луы­на байланысты, республикада ба­лаларға арналған әдебиет қауырт өркен­дедi десек те болады. Оған дейiн балалар әдебиетiнiң үлесi бүкiл әдебиеттiң 1–1,5 пайызын ғана құрап, жылына – 10, кейде 20-ға дейiн ғана кiтап шығып келсе, сол 1976 жылы ғана «Жалын» баспасынан жарық көрген 56 аталым балалар кiтабы­ның жалпы таралымы 1 миллион 350 мың да­на­ға жеткен.
Ал 1986 жылы 120-дан астам кiтап шығарған баспа, олардың жалпы таралы­мын 6 миллион данаға жеткізген. Бүгінде бұл баспа сапалы, көркем безендiрiлген, басылуы мен түптелуi жағынан көз тартар­лық әдемi кiтаптар шығарудан да үлкен табыстарға қол жеткізіп отыр. Қазіргі уақыт­тағы музыка және көркем сурет шығаратын «Өнер» баспасы мен «Балауса» балалар баспасы 1992 жылы осы «Жалыннан» бөлі­ніп шыққандығын біреу білсе, біреу білмей­ді.
Уақыт өте келе, заман талабы мен нарық сұранысына сай Қазақстан Республика­сының  мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiн­де­гi мемлекеттiк комитетiнiң 1996 жылғы  4 желтоқсандағы қаулысы бойынша атал­ған баспа «Жалын баспасы» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi болып қайта құрылды.
Жекешеленгеннен кейiн де баспа өзiнiң дәстүрлi жолын жалғастырып, ел ықыла­сына бөленген Мұқағали Мақатаевтың төрт томдығын, Оразақын Асқардың үш томды­ғын, Бек Тоғысбайұлының екі томдығын, орыс тiлiнде И.Бичуриннiң үш томдығын шы­ғарды. Баспадан шыққан «Қазақ тари­хы­­нан» және «Из истории казахов» атты екi томдықтар, ҚР Ұлттық кiтапхана қорынан табылған Қожа Ахмет Ясауидiң «Хикмет­тер», «Сказки народов Казахстана» «Орбұ­лақ шайқасы», екі томдық «Жүз тұңғыш», «Жас толқын» жинақтары оқырман қауым­ның жылы ықыласына ие болды. Оқырман талабын орындау мақсатымен қазір баспа Мұқағалидың көп томдығын қайта шығару­мен қатар, басқа да қаламгерлердiң екi томдығы мен көп томдығын шығаруды жоспарлап отыр. Ендігі кезекте баспа шығармашылық жолда толысып қалыптас­қан қаламгерлердiң кiтабын «Беласқан»  деген жүйелiк бойынша жыл сайын шыға­рып тұруды қолға алуда. Сонымен қатар биылдан бастап «Жаңа заман әдебие­ті» сериясы бойынша да көркем кітаптар шыға­­рыла бастады.
Баспаның қорында iрiктелген, сара­лан­ған шығарма мол, оның iшiнде жас толқын ақын-жазушылардың үлесi әсiресе қомақ­ты. 2008 жылдан бері Қазақстан Жазу­шылар одағының ұсыныс-рецензиясын негізге ала отырып, «Жас толқын» сериясы бойынша жас ақын-жазушылардың кітап­тарын шығару жолға қойылды. Жас қалам­герлерді қамтитын бұл серия ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Оқырмандар арасында ерекше қызығушылыққа ие болып келе жатқан осы «Жас толқын» сериясымен биыл 20-дан астам автордың кітаптарын шығаруды жоспарлаған. Атап айтар болсақ, поэзия аталымы бойынша:

1. Алмат Исәділ, «Көкжиекке сіңген жол...»
2. Бақытжан Алдияр, «Қазығұрттың қоңы­ры»
3. Бауыржан Әліқожа, «Айтұма»
4. Ерғали Бақаш, «Жастық жалыны»
5. Мирас Асан,  «Бекзат»
6. Мақпал Мыса, «Мен керекпін»
7. Олжас Қасым, «Бозбеткей»
8. Мағиза Құнапияқызы, «Ай жүзіне көп қарап»
9. Бақытгүл Баймолдақызы, «Жүректегі жүзік»
10. Алтыншапақ Хаутай, «Қаламымнан сағынышым сырғанап»
11.  Ержан Жұмабек, «Шексіздік шұғыласы»
12. Жанат Жаңқашұлы, «Тәңір таңбасы»
13. Гүлжайнар Қалдина, «Әке әлдиі»
Ал проза аталымы бойынша:
14. Дархан Бейсенбекұлы,  «Әулиеағаш жапырағындағы жас»
15. Айнұр Шайшейтова, «Тағдыр сыйы»
16. Мирас Мұқашев, «Ақ шағала»
17. Алмас Нүсіп, «Барлау»
18. Мәди Алжанбай, «Автобустағы әңгіме»
19. Үміт Зұлхарова, «Депутат отыр партада» 
20. Әлібек Байбол, «Теміржол вокзалы»
21. Әсем Қоспағарова,  «Қызыл орамал»
22. Қанағат Әбілқайыр, «Ұмыт мені»

P.S.
Бұл жинақтардың көбі оқырман қолына тиіп үлгерсе, аз бөлігі бас­па­дан шығуға даяр тұр. Аталған жас авторлардың басым бөлігінің кітаптары, алды – 20 баспа, кемі – 7 баспа табақтан, тұңғыш рет баспа бетін көріп отырғандығын айта кету керек.
Енді осы бір шоғыр жас қаламгерлердің жаңа кітаптары­ның тұсаукесер рәсімі алдағы 14 қарашада, сағат 11.00-де Алма­тыдағы Ұлттық кітапхана­да өткізіл­мек. Оған аталған жинақ­тардың авторлары мен белгілі қаламгерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жалпы кітапсүйер оқырман­дар қатыспақ. Сөз соңында жалын­ды жастардың жинақтарын жалпақ жұртқа жеткізіп келе жатқан «Жалын» баспасынан ұлтқа қажетті жаңа кітаптар шыға берсін деген тілегіміз бар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста