Жайық жұрты Жұбан тойын тойлады

Рафхат ХАЛЕЛОВ (фото)

«Ұлылар провинцияда туып, Парижде көз жұмады» деп бір данышпан айтқандай, ұлан-ғайыр қазақ даласының қасиетті Жайық өңірінен шығып, Алаш жұртына қызмет етіп, Алматыдай руханият ордасында көз жұмған тұлғаларымыз аз емес. Алайда сол шоғырдың ішінде де шоқтығы биік, қазақтың мойнына құрық, тіліне кісен салынған тұста да «Мен – қазақпын!» деп екпіндете жырлап, кешегі Желтоқсанда Колбиннің өзіне «кеше алаңда сенің балаң менің баламды сабады» деп, ешкім жақ аша алмаған қазақтың жетпіс жылдық азабын бір-ақ ауыз сөзбен айтып салған Жұбан ақынның жөні тым айрықша. Бір ананың құрсағынан шығып, бір ауылдың құшағында еркелеген, ұлтының ұлы ғана емес, адамзаттың асқар биігіне көтерілген Жұбан Молдағалиевтің биыл 90 жылдық мерейтойы.

Торқалы тойдың тұсауын кесіп, шымыл­дығын түріп, күллі елге сүйікті перзент, ар­қа­лы ақынын ардақтаудың керемет үлгісін әуелі ақынның туған елі Батыс Қазақстан облысы көрсетті. Қыркүйектің соңғы күндері 29-30-ы мен қазанның 1-і ақын туған өңірде үш күн қатарынан тойлау үшін Алматыдан Жұбан атамыздың жары, асыл­дың сынығындай Софья Мәлікқызы мен ұлдары Қуандық пен Азамат, келіндері Са­ға­дат пен Айгүлдің қатарында біз де Жайық өңіріне жол тарттық. Қонақтарды аэропорт­тан күтіп алуға Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы бастаған облыс әкімшілігі, одан ақын туған Ақжайық ауданының әкімі Абай Сәтиұлының өзі арнайы келіп, сол жерден бірден барлығы­мызды Ақжайық ауданына алып кетті. Жо­лай Сырымдай батыр әрі шешен бабамыз­дың кесенесіне, одан Жұбан ақынға арнап қойылған, шаңырақ пен қаламды астасты­рып жасаған тәу тұғырға тоқтап, Сайқұдық, Жұбан ауылдарындағы ақынды еске алу кештерін тамашаладық. Бәрінде Жұбан ақынның тума таланты, қайсар тұлғасы ауыз­ға алынды, жырлары оқылып, «Еділ мен Жайық», «Ана», «Туған ел» сынды ән­де­рі әуеледі. Әсіресе Чапай ауылының пер­зенті, Ақжайық аудандық Абай атын­дағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқу­шысы Асхат Байжұменнің «Мен – қазақ­пын» деп оқығандағы дауыс ырғағы, оқу мәнері тыңдаған жұрттың барлығын тебі­рентіп, көз жанарындағы от жас ұрпақтың жалынды болашағын аңғартты. Жұбан жырының жалыны кеудесінде алаулаған жас ұрпақты көрген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхаммедов 90 жылдыққа қарсы жасал­ған шаралардың жақсы атқарылғанын атап өтіп, ақынның еліне жасаған тағы бір сыйы ретінде келесі жылы Сайқұдықта жаңа заман талабына сай жаңа мектеп салып беруге уәде берді. Әрине, кеш барысында ардақты тұлғаға жар болған, бір кездері Зеріп сынды анаға келін болса, бүгінде Жайық жұртының ғана емес, Алаш­тың келініне айналған, 81 жастағы Софья анамызға сөз берілді.
Софья МӘЛІКҚЫЗЫ, ақынның жары:
– Жұбан көзі тірісінде ғана емес, бақилық болғаннан кейін де еліне керек екенін, оның абыройы асқақтай түспесе, аласармағанын көзбен көріп, шыны керек, толқып тұрмын. Толқуым­ның тағы бір себебі, бұл – менің алғаш ақ босаға аттап, шымылдыққа кірген, яғни келін болып түскен ауылым. Сол бір кездер көз алдыма қайта келгендей. Тек, өкініштісі, көз көрген, қолымыздан дәм татқандардың көбі о дүниелік бо­лыпты. Бірақ олардан қалған ұрпақ­тар бүгін, міне, Жұбандай ақын аталарының сөзін өлтірмей, Жұбан рухы тұнып тұр­ған жырларын жатқа оқып жатыр. Ен­деше, ел аман болсын, азамат болып өсе берсін!
Жұбан десе, елдің есіне бірден ақ қар, көк мұзы сіресіп тұрған 1986 жылдың желтоқсанындағы ақынның жасаған ерлігі түседі. Сол кезді көзбен көргендердің бірі, бірі болғанда да, жүрген жерінде ол шын­дық­ты тіліне тиек етіп, жырымен паш етуші азулы ақын, «Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап апамыздың сөзіне тебі­рен­беген жан қалмады.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
«1986. Желтоқсан оқиғасынан екі жетідей өткенде Колбин ақын-жазушы­ларды жинаңдар» деп бұйрық берді. Тізімге қол қойып, өздері айтқандай, «жүз жазушы» бес қатарға жайғастық. Әлі көз алдымда, соғыс ардагері Тоқаш Бердияров ақын бір орнында байыз тауып отыра алмай, екі қолын қалтасына салған күйі біресе барып Колбинге шүй­лі­геді, біресе қайта тұрады. Ал пар­тия жендеттері «тағы бірдеңемен жіберіп қала ма» деп оның қалтасын қарап жатты. Бір сәт барлығы тына қал­ған сәтте жазушылар мінбесіне Жұбан ақын көтерілді. Оқиғаның арғы жағын өлең түрінде есте сақтап қалыппын.
«Ұрпағыма халім бар не дер енді?
Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.
Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,
Ит таласын деп пе едім немеремді!
Дедіңдер тым «мәңгүртсің, бәрің надан»,
Тілден, діннен айырылды менің далам
Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,
Ал таяқты жегендер – менің балам.
Ақын жүрек тартыпты содан қайғы,
Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы.
Кешір мені, замандас, осы жолы,
Ақын сізбен пікірлес бола алмайды, – деп қамшы тілімен осып-осып жіберді.
Мұндайды күтпеген біз, сол сәт сілтідей тынып, не істерімізді білмей қалдық. Сонда масқарасы, халқын қанға бояған саясатты сыбап, ар алдында дарға асылуға әзір бо­лып ақын тұрса, біз қол соғуға да қорқып, жер тарпыдық».

Келесі күні Чапаев ауылында аламан бәй­ге ұйымдастырылып, бас бәйгеге тігіл­ген екі автокөліктің бірін – Маңғыстау, екін­шісін Орал жеңіп алды. Ал, қазанның 1-і күні Орал қаласында жалғасып, таңертең ақын ескерткішінің алдында жас­тар жыр оқып, одан кейін Жұбан Мол­дағалиев атындағы Батыс Қазақстан об­лыс­тық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын шығармашылығы жайлы конферен­ция болды. Осы ретте ақынның фотоше­жіре­сін, күнтізбесін шығарып, кітаптары мен қолжазбасын сақтап отырған облыстық әмбебап кітапхананың еңбегі ерен екен­ді­гін айту керекпіз. Мерейтой кешкісін драма театрында Жұбан Молдағалиевті еске алуға арналған поэзия кешімен қорытын­дыланды.
Батыс Қазақстанда биылғы жылды «Жұбан жылы» деп атағанымен, тойға да­йын­дық Бақтықожа Ізмұхаммедов облысқа әкім болып келген кезден басталса керек. Аудан орталығында ақынның айбынды ескерткіші тұрғызылып, мұражайлар жөн­деліп, Жұбан Молдағалиевтің тұңғыш кітабы, суреттері, тұтынған заттары түгел  қамтылған экспозициялар қойылып, мүшәйра, конференциялар ұйымдастыры­лыпты. Жұбан ауылдық мәдениет үйі, мектеп, кітапхана түгел күрделі жөндеуден өткізіліп, ауыл халқы таза сумен қамтама­сыз етілген. Сапар барысында осындай игі іс жасауға шапағаты тиген Жұбандай ақын мен ақын аруағын қастерлеген ел тізгінін ұстаған азаматтарға деген ел алғысы көз­дерінен көрінді.

Түйін:
Ақұштап апамыз айтпақшы, «күні кеше Жұбан атамыздың алдына кіре алмай именетін біз бүгін ардақты ақын жайлы өткен шақта еске алуға мәжбүрміз. Зымыран уақыт зулап өтер, біз де кетерміз, жаңарған ұрпақ Сайқұдық деген картада нүкте барын басқа бір әлемде отырып қарар, сол бір қазақ даласының алыстағы бір түкпірінде қазақ деген ұлттың атын шығаратын бір баланың дүниеге келгенін айтар». Бірақ осы тұста айта кетерлік бір жайт, киелі Жайықты «Отаным, анам» деп жырлағанымен, бүкіл қазақ даласын «менің далам», бүтін қазақ ұлтын «менің қазағым» деген перзентінің тойын тойлау тек Сайқұдықтың, Ақжайықтың, бір сөзбен айтқанда, Батыс Қазақстан облысының ғана еншісіндегі іс емес. Биыл елімізде «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Жұбан ақынның «Мен –қазақпын!» поэмасы оқылуда. Осы идеяның авторы, ҚР Кітапханалар қауымдастығының президенті Роза Бердіғалиева осы тойға арнайы келіп: Жұбан Молдағалиев еңбектері, ақын туралы материалдардың түгелі заман талабына сай сандық жүйеге түсіріліп, электронды кітапханасы әзірленсе», – деген келелі бір ұсыныс айтты. Десек те, осы тұста бізге әлі де бірігу жетпей тұрғандай, яғни Жұбан тойын «Мен – қазақпын!» деп тұтас ел болып тойласақ, тіпті керемет болары сөзсіз. Сондай-ақ ақын есімі Республика көшелері мен мектептеріне беріліп, Алматы мен Астана секілді қалаларда ескерткіш тұрғызылса да жарасады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста