«Зайсан» сөзі қалмақтарда қандай мағына берген?
Аталған сөзді ести салысымен біздердің көз алдымызға еліміздің картасының шығысында орын тепкен Зайсан көлі бірден келе қаларлығы анық. Жоғарыдағы сөздің осы көлдің атауына қаншалықты қатысы барлығын ғалым Телғожа Жанұзақ «Тарихи жер-су аттарының түп төркіні» (Алматы 2010) атты еңбегінде төмендегідей түсіндіріп өткен: Бұл атаудың шығу төркіні мен мағынасы жайлы әр алуан пікір айтылады. Ғ.Қонқашбаев: «Монғолдың заасинг (жақсы) деген сөзінен бұл атау ертеректе Зайсан-нор, кейде Нор-Зайсан деп те аталған. Зайсан атының қойылуына байланысты аңызда: «Бір жұт жылы қалмақтар аштан қырылып жатқанда, осы көлге келіп, балығын жеп, апаттан аман қалыпты. Сөйтіп, көлді Заасингнор (жақсы көл) атапты. Зайсан көлінің бұрынғы атауы Хонхоты да (Қоңыраулы) монғол сөзі» (Қоңқашбаев, 1959, 91 б.), – дейді. А.Әбдірахманов осы пікірді жалғастырып: «Ертеректе монғол ақсүйектері де заасинг деп аталған. Қазақ тіліндегі «жақсы мен жайсаң» деген тіркестегі жайсаң сөзі – монғол тілінен енген көл аты осы мағынадағы сөзбен байланысты болуы ықтимал, жергілікті тұрғындар көлді осы күнге дейін Жайсаң деп атайды», - деген пікірін айтты (А.Әбдірахманов, 1975, 99 б.). Бұл пікірді Бақытбек Бәмішұлы «Зайсан ба? Жоқ, Жайсаң ба?» атты мақаласында («Ана тілі», мешін жылы, ақпаннның 11-і) жалғастырып нақтылай түскен. Автор көл атының ежелден Жайсаң екенін, ана тіліміздің байырғы төл сөзінен қойылғанын айта отырып: «Етек-жеңін кеңге салып, жағасы жайлаудай жайылып, мамырлап жатқан тұщы көлін бабаларымыз Жайсаң атаған ғой. Қазақ жаны жаз, көңілі кең, пиғылы пәк, пейілі жазира адамды «жаны жайсаң жан»дейді. Сонымен қатар, қазақ суы мол, жағасы жайдақ, кемері кең, жиегі жадағай, жалпақ аймаққа жайылып жатқан суды жайсаң дейді. Олай болса, көл аты Зайсан емес, Жайсаң», - деген қорытындыға келеді. Біз осы пікірді дұрыс деп санаймыз. Сондықтан бұл көл де, ойпат та, ауыл-аудан да байырғы қазақ сөзімен Жайсаң атауына өзгертілгені жөн.»
Ал ғалым І.Кеңесбаев басшылығымен құрастырылған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы 1959): Жайсаң сөзінің мағынасы: Жайсаң.сын. Зор, үлкен, ұлық, ірі, көрнекті сал, мырза. Қасқа мен жайсаңдардың мәжілісін тапқандай, көп жөңкіле кетті. (Мұстафин) Өзі бір етінен ет кесіп беретін жайсаң жігіт еді. (Мүсірепов) – деген түсінік берген.
Біздер «Жоңғар хандығы» кезеңіне қатысты дереккөздерде жиі ұшырасатын «зайсан» сөзінің мағынасын ойраттарға қатысты қырынан қарап көрелік. (Бұл сөз «Зайсан нор» - дан бөлек, көбіне адам аттарына тіркеме сөз ретінде қолданылады. Дэджит-зайсан, Эрдэни-зайсан т.т.)
Аталған хандық кезеңінде «зайсан» сөзі үш мағына берген.
1) Зайсан – мұраға қалдырылатын рубасы дәрежесі.
2) Зайсан – ойрат қарулы жасағының бөлім сардары дәрежесі
3) зайсан – игілікті, мейірбан, аса мейірімді
Қазақтың жайсаң сөзінің, монғолдарда зайсан болып аударылатындығын «Қазақша – монғолша сөздікті» (Ұланбатыр 1970) құрастырушы ғалым Б.Базылхан түсіндіре келе, аталған сөздіктің алғы сөзінде: «Қазақтар мен монғолдар – ежелден рулық – тайпалық қатысы болған материалдық тұрмысы мен рухани ойы желілес халықтар. Егер қазақ тілінің сөздік қорына араб, парсы сияқты шет тілдерден енген кірме сөздерді; ал монғол тілінің сөздік қорына санскрит, тибет, т.б. тілдерден енген сөздерді есептемесек, онда қазақ монғол тілдерінің негізгі сөздік қорында осы екі тілге ортақ ұйтқы сөздердің молдығын көреміз, яғни монғол, қазақ тілдерінің негізгі ұйтқы сөздері, бір желіге байланысып жатыр. Қазақ тілін монғол тіліне басқа түркі тілдерінен гөрі ең жуық тіл деп айтуға болады» - деген пікірін білдірген.
Жер-су атауларының атауы қашанда сол жердің, судың өзіндік табиғи ерекшелігі немесе, сол жерде, не болмаса сол судың бойында орын алған сүбелі тарихи оқиғаға байланысты аталатындығын ескерер болсақ, белгілі топонимист ғалым А.П.Горбуновтың жоғарыдағы Ғ.Қоңқашбаевтың пікірімен сабақтас мал шаруашылығын кәсіп еткен қалмақтарда қалың қармен үскірік аязы қатар келген «жұт жылы тігерге тұяқтары қалмаған қалмақтар, көлдің мұзын ойып балығын жеп, аштықтан қырылудан аман қалуларына «мейірімділік» танытқан көлдің атын «зайсан нор» (благадарное озеро) – атапты дегендігі шындыққа жанасатындай».
Ал жоғарыдағы ғалымдардың пікіріндегі көл атауымен, монғол ақсүйектеріне қатысты «заасинг» сөзінің, аталған жағдайларға байланысты қолданылуы жоңғар хандығы кезеңіне қатысты жазбаша дереккөздерде кезікпейді.
Қорыта келгенде «зайсан - жайсаң» сөзінің бір тілге жекелендіруге келмейтіндігін және жасалынар жақсылыққа қатысты қолданылар сөз ретінде, монғол-қазақ тіліне де мағыналас сөз екендігін аңғаруға болады.
Серікбосын Сайдығалиұлы,
Ғылыми ізденуші
Алматы қаласы