Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында шөп шабуға арналған шағын трактор үлгісіндегі жаңа машина пайда болды. Оны 47 жастағы Жағыпар Қадыров құрастырып шығарған. Бірақ өзінің бұл жаңалығын әзірге ешбір құзырлы орынға жария ете қоймапты.
«Бұрын тракторға шалғы тіркеп шөп шабатынбыз. «Өзі жүріп шалғымен шөп оратын машина құрастыруға болмас па?» деген ой біраздан бері мазалап жүрген еді. Биыл соны қолға алдым. Машина «Зид» моторымен жүреді. Төрт жылдамдық тетігі бар. Сыйымдылығы алты литр бензин құятын бак орнаттым. Бұл машина жанармайды да үнемді жұмсайды. Мәселен, бір литр бензинмен Ырғыздың барлық көшесін шарлап шығуға болады. Осы кезге дейін он шақты тіркеме шөп шаптым», – дейді Жағыпар Қадыров.
Өнертапқыш жігіт мұнымен де шектеліп қалмаған. Сиырдың тезегін басатын станок құрастырып, осы машинаға жалғаған. Жеті жүз литр су сыятын жеңіл цистернаны да осы машинаға тіркеуге ыңғайлы етіп жасаған. Содан бері Жағыпар ырғыздықтар үшін таптырмайтын адамға айналды. Тезек басып, я су әкеп, не шөп шауып берші деп қолқа салатындар көбейген. Бұған дейін де Жағыпарға түрлі техникаларын әкеліп жөндететін тұрғындар жеткілікті болатын. Осындай еңбегі арқылы күнкөрісін тауып, отбасын асырап отыр. Ол алдағы уақытта автокөліктер жөндейтін орталық ашу мақсаты бар екенін де тілге тиек етті. Оның жерін белгілеп, қажетті кірпіш және басқа материалдарын әзірлеп қойыпты.
Жағыпардың жаңа машинасын сатып алуға ұсыныс жасаушылар да бірден табылыпты. Алайда ол бас тартқан.
Жағыпар трактор жасап алды
Последние статьи автора