Өткен ғасырдың 60-жылдары – қызыл империяның қылышы жалаңдап тұрған кезде ұлттық рухты оятуға септескен «Ақ аруана» атты повесін, «Тау жолы» атты романын жарыққа шығарып, оны С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұлов сынды классиктер аса жоғары бағалаған Сәбит Досанов одан кейін де өнімді еңбек етіп, ондаған көркем шығармалар жазды.
Олардың бірқатары берісі өзбек, қырғыз, тәжік, әрісі француз тілдеріне аударылды. Шығармаларын Ю.Бондарев, Ш.Айтматов, М.Кәрім, А.Фишлер, М.Қаратаев, С.Қирабаев, А.Алтай т.б. аса көрнекті жазушылар мен сыншылар жоғары бағалаған қаламгер М.Шолохов және В.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды.
Көрнекті қаламгер қазақ әдебиетінің қазынасын тағы бір көркем шығармамен байытты. Ол – тұтас бір ғасырдың көркем суретін төрт ұрпақтың тағдыры арқылы оқушының көз алдына алып келген төрт кітаптан тұратын «ХХ ғасыр» атты роман-эпопея. Бұл еңбекке Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты марқұм Әз-аға – Әзілхан Нұршайықов лайықты бағасын беріп, өзінің ағалық пікірін білдіріп, алғысөзін жазған. Кітаптың түйінсөзін белгілі сыншы Жұма-Назар Сомжүреков жазыпты. Алғашқы екі томы орыс тілінде жарыққа шыққан. Орыс әдебиетінің аса көрнекті өкілі, «Литературная газетаның» бас редакторы Юрий Поляков «ХХ ғасыр» роман-эпопеясы жайлы «Әдеби құбылыс» деп жазды.