ХАН КЕНЕНІ ІЗДЕУ – өршіл қазақтың өлген рухын тірілту

Әсілі, қазақ тарихы – аса қасиетті де қасіретті тарих. Есте жоқ ескі замандардан тамыр тартқан сол шежіренің қай қатпарына үңілсең де, екіұдай күй кешерің анық. Бір жағынан алғанда, төрткүл дүниені тұлпарларының тұяғымен дүбірлете жүріп, тарих сахнасынан ойып орын алған, ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен небір зұлмат кезеңдерді бастан кеше отырып, ұланғайыр даланы ұрпақ еншісіне қалдырған бабалар ерлігі бойыңа мақтаныш сезімін ұялатады. Екінші жағынан, соншалықты ұлы тарихқа ие ұлт ұрпағының бүгінгі қорғансыз халіне, әлдебір берекесіз тірлігіне қарап, еріксіз қарның ашады. Сосын «Қазақтың баяғы өршіл рухы қайда?» деп ашына ойлайсың, ұлт рухының киелі тұмарындай біртуар тұлғаларды іздейсің...
Бұл ретте, қазақ үшін Кенесарының жөні бөлек. «Алашта Кенекемдей ер болмайды» деп, Мағжан ақын қастерлей жырлаған сол аяулы тұлғаның ұлт азат­тығы жолында мерт болғанына да 162 жыл өтіпті. Саясаттың ықпалымен бер­тінге дейін «хандық билікті уысы­нан шығарғысы келмеген бүлікші, темір­дей тәртібі мен жөнсіз талабына қар­сы шыққандардың бәрін аяусыз қыр­ған қанышер» ретінде сипатталған Кене­­сарының арда басынан күні бүгінге дей­ін дау арылмай келеді. Тіршілігінде есе­сі кеткендер қазақтың соңғы ханының мәйі­тін кезінде барынша қорлап бақты. Сөй­тіп, басын ақ патшаға сыйға жіберіп, денесін қырғыз топырағында қалдырды. Нақты қай жерге көмгені тағы белгісіз... Ал бас сүйегі – әлі күнге көрші елде. Біресе «Эрмитажда», біресе «Кунсткамерада», енді біресе «Ресейдің мемлекеттік тарихи мұражайында» деген сияқты түрлі әңгі­мелер айтылып жүргенімен, анық-қаны­ғына жеткен ешкім жоқ. Бастамашыл топтардың ұйымдастыруымен соңғы он шақты жыл көлемінде Мәскеу мен Санкт-Петербургке, Қырғызстанға бірнеше жо­рық­тар жасалып, ханның бас сүйегі, дене­сі іздестірілгенімен, айтарлықтай нәти­же болмаған. Әңгіме сонымен біткен де...
Жуырда бір топ зиялы қауым өкіл­дерінің хан сүйегін түбегейлі елге қайта­рып, арулап жерлеу туралы Елбасына хат жолдағаны мәлім болды. Сенатор Өмірбек Байгелді де Үкіметке: «Бізде де Ресейдің құнды дүниелері бар ғой. Орыстар соның 10-ын алсын да, бізге екі мұрамызды: Алтын адамның сүйегі мен Кенесарының басын берсін» деген ұсыныс білдірген. Билік тарапынан, әрине, жауап жоқ. Дегенмен халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінің ұйытқы болуымен «Хан сүйегін қайтару – парыз» деп есептейтін бір топ қайраткерлер осы іске қалайда нүкте қоюға бекінуде. Осы орайда, ын­та­лы топтың құрамындағы «Алаш» тари­хи-зерттеу орталығының президенті Хайролла Ғабжәлелов, хан Кенеге қатысты мұра­ғат деректерін толық жинақтаушы Болат Насенов, заңгер Дүйсенбек Байма­ханов, «Қазақстан-Zaman» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, сондай-ақ хан шөбересі Нәписа Кенесарина мен тағы бірнеше ұрпағының қатысуымен осыдан біраз күн бұрын өткен дөңгелек үстелде бірталай жайттар сөз болды. Енді сол әңгімелерге қысқаша тоқталсақ...
Дүйсенбек БАЙМАХАНОВ:
– Басқа біреу айтса, сенер ме едім, сенбес пе едім, бірақ мен Кенесарының басын өз көзіммен көрдім. 1981 жылы Эрмитажды аралап жүріп, астыңғы қабат­тың бір бұрышындағы «Кунсткамера» деген есікке кірдім.
I Петр заманынан бергі құбыжықтар жиналған бөлмеде екі басты жылан, екі басты бұзау, жарымжан боп туылған нәрестелер сақталған екен. Сол бөлмедегі мраморлы үстел үсті­­нен төбесі ойылған адамның бас сүйе­гін байқадым. Зер салып қарасам, оң жағына: «Голова бунтаря-киргиза Кене­сары Касымова в дар Николаю I от Урманхана» деп күйдіріліп жазылыпты. Бізде ол кезде Кенесарының аты мүлде аталмайтын. Бірақ әкем оқыған, көзі ашық адам болғандықтан, мен хан Кене туралы бала кезімнен құлағдар едім. Аяулы бабамыздың басын күлсалғыш еткендерін көріп, әрине, қатты күйіндім. Бірақ қолдан келер қайран болмағасын, не шара? Көргенімді баяндап жазған мақалаларым да еш жерде басылмады. Енді, міне, «Ханның бас сүйегін қайтарып аламыз» деп қозғалып жатырмыз ғой. Оны көрген жеріме қайта баруға, бірге іздесуге мен қашанда дайынмын.

Болат НАСЕНОВ:
– Мен Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларын аралап жүріп, Мемлекеттік, Әскери-тарихи, Фо­то-мұрағат дегендердің бәрінде бол­дым. Сөйтіп, Кенесарының 400-ден астам хатын көшіріп алдым. Жалпы, менде хан Кенеге қатысты 1200-1300-дей мұрағаттық құжат бар. Соларды зерт­теу барысында байқағаным: Кене­сарының екі қас жауы болған екен. Оның бірі – орыс полковниктері де, екін­шісі – қырғыз манаптары... Ханның басын кескенде де қырғыздар оны қазақ жерінің үстімен түнделетіп алып өтіп, Омбыға жеткізіпті. Ары қарайғы дерегін еш жерден кездестірмедім...
Хайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ:
– Егер билікке құмартқан адам болса, хан тағына көтерілгеннен кейін-ақ Кенесарының жайлы өмір кешіп жата беруіне болатын еді. Әлемдік дәрежедегі небір көрнекті тұлғалардың өзі: «Егер бүлікпен айналыспай, тиісті білім алғанда Кенесары дүниежүзін­дегі ең мықты қолбасшы болатын еді» деп мойындағаны бар. Дегенмен ба­ба­мыз бүлікпен айналысайын деп ай­на­лыспады. Елін, жерін бодандықтан құт­қа­рып, Қазақ мемлекеттілігін қал­пына келтіруді көксегендіктен де аттан түскен жоқ. Міне, сондай ұлы бабамызды мұ­сылмандық жолмен арулап жерлемек түгіл, әлі күнге дейін басының қайда, денесінің қайда қалғанын білмей отыр­ғанымыз тіпті елдігімізге сын.
Нәписа КЕНЕСАРИНА:
– Хан Кенеге қатысты әңгіме қозғал­ғанда күні бүгінге дейін кейбір тарихшылар «Кенесарының бір қателігі – туысқан қырғыздармен соғысуы бол­ды» деген пікір айтады. Бірақ ол қыр­ғыздармен соғысайын деп соғыс­қан жоқ. Осы мәселеге қатысты мұрағат деректерін зерттеп көргендегі байқа­ғаным – қырғыз манаптары тіпті Кенесары дүниеге келмей жатып, орыс­тың генерал-губернаторларымен «Қазақтар тәуелсіздік үшін күресетін болса, біз оларды басуға көмектесеміз» деп шарт жасасқан екен. Осыдан кейін Кенесары қалайша қырғыздарға ашынбайды?
Данышпан философтардың «Егер бір елді жоямын десең, әуелі тарихын жой, тарихи тұлғаларын аяқасты ет» деген бір сөзі бар. Кенесары өтті, кетті. Арғы дүниеде болмаса, бергі дүниеде оған енді ештеңе керек емес. Бұл бізге керек. Яғни тарихымызды қорлатпау, тұлғалы қайраткерлерімізді аяқасты еткізбеу арқылы ел ретінде еңсемізді тіктейміз, рухымызды биіктетеміз. Өкінішке қарай, бабамыздың басы мен мәйітін іздеп, сергелдеңге түскенімізге де талай жыл болды. «Анда екен», «мұнда екен» деген қаңқу сөз көп, бірақ нақты еш дерегін біле алмай отырмыз. Александр Невскийдің қазір Парижде тұратын ұрпағы – Петр Шереметьев деген граф «Қазақтар 5 млн доллар берсе, мен Кенесарының бас сүйегін сұрап алып беремін» деп жүрген көрінеді. Оның да анық-қанығына жеткен ешкім жоқ.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қалай дегенмен де, ынталы топ «Осы мәселені бір жағына шығармай қоймаймыз» деп құлшынып отыр. Ниет оң, шаруа да оңай емес. Дегенмен Хайролла Ғабжәлеловтің «Бұл істі айғай-аттанға салмай-ақ бітіруге болады. Мұрағаттарда не болып жатқанын мен жақсы білемін. Мысалы, шетелдік небір қалталылар көк қағазбен талай шаруасын тындырып, осындағы мұрағаттардан керегін өңгеріп кетіп жатыр. Сол сияқты өзім де Ресейге қайта-қайта адам жіберіп, сирек қорларын сатып алып жүрмін. Демек, бұл шаруаның да көзін табуға болады...» деген уәжі көңіл жылытады. Өйткені дәл қазіргі мезетте Кенесарыны іздеу, оның бас сүйегін табу – кешегі өршіл қазақтың өлген рухын тірілтумен парапар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста