Кешегі кеңестік тоталитарлық жүйе жағдайында, өткеннің тамырына балта шабылып, есте жоқ ескі замандағы халық жадындағы рухани өзектер жойыла жаздаған тұста ұлт мәдениетін қызғыштай қорғап, өрге сүйреген қажымас қайраткер, қарапайым ғана қызмет атқара жүріп, ел аузындағы фольклор мұралары мен қалың көпшілікке танылған атақты ақындар шығармаларын тірнектеп жинаған нағыз ұлтжанды азамат, талантты ақын, зерделі зерттеуші, шежіреші Сейітқали Қарамеңдин болатын.
Қойын дәптерге түскен қазына
Сейітқали Абай, Шәкәрім, Мұхтар шыққан ұлылар мекені – Шыңғыстау өңірінде туып-өсті. Ұлы Абайдың Санкт-Петербургте жарық көрген алғашқы жинағын бала жасынан қайта-қайта оқып, әр өлеңін көкейіне тоқып, жаттап өсті. Өзі де еліктеп өлең жазды. Олай болатын себебі де бар. Әкесі Ыдырыс оқыған, тоқыған азамат еді. Мұсылманша сауатты, оның үстіне, екі кластық орысша білім де алған. Абай төңірегіндегі белгілі әнші-ақындарды жақсы біліп, олардың шығармаларын жинап, қалың көпшілікке насихаттаған. «Зарқұм» діни қиссасы мен «Шаһмаран» хикаялық дастанын жатқа айтып, ел арасында орындаған, Абай өлеңдерін өз аузынан естіп, жаттап алып, жұртшылыққа таратқан, Шәкәрім шығармаларына тыйым салынған кездің өзінде ақынның «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» поэмаларын жадында сақтап, жас ұрпақ санасына сіңдірген. Өзі де өлең жазып, оқу-білімді, өнерді насихаттаған. Ұлы жерлесі Мұхтар Әуезов 60 жасқа толғанда «Мұхтар ініме» деп құттықтау өлең арнаған. Қара сөзде дес бермеген шешен, ата жөнін тереңнен тарата білген шежіреші болған сұңғыла Ыдырыс ақсақал жинап тапсырған 5000 беттей көлемдегі фольклор туындылары қазір де Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы.
Зейін
Сейітқали Қарамеңдин жинап жариялаған халық мұрасын бес топта қарастыруға болады:
1. Мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер, аңыздар мен әпсаналар;
2. Халқымыздың көпғасырлық тарихынан терең сыр шертетін батырлық, ғашықтық және тарихи жырлар;
3. Ақындар мен жыраулардың өлең-жырлары мен дастандары;
4. Абайдың талантты шәкірті Көкбай Жанатайұлының шығармалары мен ол туралы ел әңгімелері;
5. Ататек шежірелері, шежіре аңыздар мен шежіре-жырлар.
Міне, осындай өнегелі әке тағылымын көрген Сейітқали бала жастан халық әдебиетін зейініне тоқып, ерекше құмартып өсті. Абайдың жолын қуған талантты шәкірттері, ойшыл ақын Шәкәрім мен ұстаз ақын Көкбайды өз көзімен көріп, үлкен ғибрат алған. Сол ұлт зиялыларының игі ықпалы болар, 1927 жылы Алаштың рухани астанасы – Семей қаласындағы №14 қазақ мектебінде оқи жүріп, фольклор мұраларын жинаумен айналысады, осының алдында екі жыл бұрын қайтыс болған атақты жерлесі Көкбай ақын мұраларын ел аузынан жазып алады, олардың арасында ақынның «Сабалақ», «Қандыжап» атты дастандары бала Сейітқалидың зеректігі мен қажырлылығы арқасында бүгінгі ұрпаққа жетіп, алғаш рет ғылыми айналымға түсті. Бұл жігерлі жинаушының Көкбай мұрасын жинап, сақтаудағы, насихаттап зерттеудегі баға жетпес жанкешті еңбегі деп білу керек.
Зерделі жастың Семей кезеңі білім жолындағы ең бір жемісті, шабытқа толы жылдары болды. Мектепте, одан кейін малдәрігерлік техникумда ақиық ақын Қасым Аманжолов, белгілі педагог-ғалым Омар Қаймолдин, көрнекті қоғам қайраткері Арғынқазы Қайсақанов сияқты игі жақсылармен бірге оқып, жақын достар ретінде етене араласты, қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Сәбит Дөнентаевпен талай мәрте кездесіп, сан қырлы талантынан үлгі алды, жыр жүйрігі Иса Байзақовтың суырыпсалма ақындық талантына талай тәнті болды. Семейдегі ұмытылмас жастық шағын Сейітқали өзінің қимас досы Қасым Аманжолов туралы «Досым еді» деген естелік мақаласында тебірене жазған болатын.
Негізгі мамандығы мал дәрігері болғанымен, осы жұмыста аудандық, облыстық деңгейде басшылық қызметтер атқарып, Қазақ ССР-і Мемлекеттік бақылау комитетінің аға тексерушісі лауазымына дейін өскенімен, жаны жайсаң, жүрегі «ұлтым», «елім» деп соққан арда азамат өзінің бала жастан таңдап алған екінші сүйікті кәсібі – фольклор үлгілері мен ақындар шығармаларын, ататек шежіресін жинау ісіне өмір бойы адал болып қалды. Негізгі мамандығына сәйкес, республикамыздың малдәрігерлік қызметінің жай-жапсарын тексеріп, еліміздің түкпір-түкпірінде іссапарда болған кезінде қолы қалт босай қалса, оңтайлы сәтті бос жібермей, ауыл-ауылдағы құймақұлақ қарттармен, зерек жастармен кездесіп, халық мұрасын қағазға түсірді. Ол уақытта қазіргідей үнтаспа сияқты озық заманауи аспаптар жоққа тән. Соған қарамастан, рухани мұраларды жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен ұлт жанашыры елге белгілі де белгісіз фольклор туындыларын, атақты ақындар өлеңдері мен дастандарын, шежіре үлгілерін қойын дәптеріне ерінбей түсіріп, ыждағатты түрде тәптіштеп жазып отырды. Осылайша ел аузында сақталған көптеген шежірелік аңыздар, тарихи жырлар мен мақал-мәтелдер, авторлық ауыз әдебиеті туындылары мен өткен ғасырлардың белгілі би-шешендерінің билік сөздері, атақты ақын-жыраулардың жыр-толғаулары саф алтындай бүгінгі ұрпаққа жетті. Бұл істі ол тіпті өзінің малдәрігерлік кәсібінен де артық сүйсініп орындады десе болады. Оған фольклоршының артында қалған бөлек-бөлек бірнеше қойын дәптері мен күнделік қағаздары куә.
Зерделі зерттеулер жемісі
Зерттеуші, фольклоршы Сейітқали ақсақалдың жарты ғасырдан астам уақытқа созылған жинаушылық еңбегі зая кеткен жоқ. Оның көз майын тауысып, тірнектеп жинаған материалдары өзі штаттан тыс жинаушы-тілшісі болған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазба қорларында, Абай мен оның шәкірттерінің бай мұрасын жинап, олар туралы ел аузындағы аңыз әңгімелерді жазып алған мәтіндері Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы кітапханасында сақтаулы.
Фольклоршы С.Қарамеңдиннің жинаушылық қызметінде Көкбай мұрасы ерекше бөлектеніп тұрады. Себебі ол Көкбай ақын шығармаларының бүгінге дейін толық жетуіне шексіз еңбек сіңірді. Көрнекті фольклортанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Болатжан Абылқасымов «Көкбай Жанатайұлы» атты зерттеуінде ақын шығармаларының қолжазба нұсқалары туралы айта келіп: «Бізге белгілі қолжазбалардың ішіндегі көлемдісі Сейітқали Қарамеңдиндікі. Жинақ машинкаға басылған 142 беттен тұрады. Ондағы дастан-қиссалары үшеу – 101 бет, өлеңдері қырық шақты (көбі бірқақпайлар) – 41 бет» деп жинаушының ерен еңбегін ерекше атап өтіп (ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. –Алматы: Ғылым, 1988, 283-б.), бірнеше тұстарында Сейітқали жинаған шығармаларға сілтеме жасайды.
С.Қарамеңдин ел аузынан сонау оқушы кезінен бастап өзі жазып алған Көкбайдың «Сабалақ», «Төрт төре», «Наурызбай-Фатима» атты дастандарын 1993 жылы «Абылай» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. 2005 жылы Көкбай Жанатайұлының өлеңдері, айтыс-қағыстары мен қисса-дастандары топтастырылған «Абайдан сабақ алдым бала жастан» атты кітабы Сейітқали ақсақал құрастырып, түсініктерін жазған жинақ негізінде жарық көрді.
Халық мұрасын жинаушының Көкбай шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізген қажырлы еңбегі еліміз Тәуелсіздік алған кезден бастап ғылыми айналымға еніп, көптеген зерттеулерге таптырмас ғылыми негіз болды. Көкбай мұрасын жинап, жариялау ісіндегі қарт фольклоршы еңбегіне ақын өмірі мен шығармашылығы туралы алғаш рет кандидаттық диссертация қорғаған көкбайтанушы ғалым Жандос Әубәкір өз зерттеулерінде жоғары баға берді.
С.Қарамеңдиннің ел аузынан жинаған шешендік сөздер, толғаулар, ХVIII-ХІХ ғасырларда өмір сүрген атақты ақындар мен би-шешендер сөздері мен күлдіргі әңгімелер 1988 жылы 90 мың таралыммен жарық көріп, зәру басылымға айналған «Сөз тапқанға қолқа жоқ» жинағының «Өнер алды – қызыл тіл» атты үлкен бөлімін құрады.
Ол тек халық мұрасын жинаушы ғана емес, ел таныған ақын ретінде де белгілі болды. 1989 жылы «Қос ішек» атты халық ақындары Көкен Шәкеев, Әсімхан Қосбасаров, Әселхан Қалыбекова және тағы басқа үш ақынның жыр кітапшалары енген топтамада Сейітқалидың «Жаһангер» атты шағын жыр жинағы жарық көрді. Ақынның бұл тұңғыш та жалғыз жыр кітапшасында халық аңызына құрылған «Жаһангер» атты дастаны және отаншылдық, ұлтжандылық сезімге толы лирикалық бірнеше өлеңі енді. Оның жеке мұрағатында әлі жарияланбаған өлең-жырлары қаншама!
Сейітқали ақсақал өзі жинаған материалдарды зерттеуші ретінде де танылды. Бұл ретте оның Абай туралы «Ұлы ақынның әділ билігі», ұлттық поэзияның шынар биігі Мағжан туралы «Толқыннан толқын туады» атты мақалалары мен атақты сал-серілер, әнші-ақындар туралы басқа да бірнеше зерттеу мақалалары тың ойларға құрылып, әдебиет тарихына байланысты көкейкесті мәселелерді қозғаған. «Қыз Жібек» ғашықтық эпосындағы Төлегенді Бекежан емес, Кескентерек деген қарақшы өлтіргендігін дәлелдеп мақала жазуы ғылыми қауымға үлкен ой салды.
Зерттеуші әр мақаласын үлкен ізденіс үстінде, асқан жауапкершілікпен, дереккөздерін байыптап, сын таразысынан өткізіп жазады. Атақты ақын, композитор Сегіз сері туралы мақалаларында басқа авторлар сияқты зерттеу нысанын әсірелеуге ұрындырмай, нақты шындықты бүркемелемей айтады. Ол осындай турашылдығымен, әділдігімен есте қалып, ғылыми-зерттеу жұмысындағы адалдықты жақтады.
Еліміз Тәуелсіздік алған кезде құрылған Қазақстан ақын-жыршылар одағының алғашқы мүшелерінің бірі болған халық мұрасының білгірі С.Қарамеңдиннің жинаушылық, фольклоршылық, зерттеушілік еңбегіне көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Т.Кәкішев, ұлттық фольклортану ғылымының белді өкілдері, ҚР ҰҒА академигі Р.Бердібай, ғалым К.Сейдаханов жоғары баға беріп, республикалық газеттерде арнайы мақалалар жариялады. Сонда халық поэзиясын өмір бойы зерттеген Көбей Сейдеханов ол туралы мақаласын «Бал жинаған арадай» деп атапты. Шынында да, Сейітқали ақсақал бал жинаған арадай бүкіл өмірін ел ішіндегі баға жетпес бай қазына – халық мұрасын жинап жариялауға арнаған екен. Туғанына бір ғасыр толған халық мұрасының білгірі, ұлттық мұра мирасқоры Сейітқали Қарамеңдиннің жанкешті жинаушылық, зерттеушілік еңбегі ұлт мәдениеті тарихында өзіндік үлгі-өнегесімен әрдайым жарқырап көріне береді.
Серікқазы ҚОРАБАЙ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі