Халық мұрасының білгірі

Халық мұрасының білгірі

Кешегі кеңестік тотали­тар­лық жүйе жағдайында, өткеннің тамырына балта шабылып, есте жоқ ескі замандағы халық жадында­ғы рухани өзектер жойыла жаздаған тұста ұлт мәдение­тін қызғыштай қорғап, өрге сүйреген қажымас қайрат­кер, қарапайым ғана қызмет атқара жүріп, ел аузындағы фольклор мұралары мен қалың көпшілікке танылған атақты ақындар шығарма­ла­рын тірнектеп жинаған нағыз ұлтжанды азамат, талантты ақын, зерделі зерттеуші, шежіреші Сейітқали Қарамең­дин болатын.

Қойын дәптерге түскен қазына
Сейітқали Абай, Шәкәрім, Мұхтар шық­қан ұлылар мекені – Шыңғыстау өңірінде туып-өсті. Ұлы Абайдың Санкт-Петербургте жарық көрген алғашқы жинағын бала жасынан қайта-қайта оқып, әр өлеңін көкейіне тоқып, жаттап өсті. Өзі де еліктеп өлең жазды. Олай болатын себе­бі де бар. Әкесі Ыдырыс оқыған, тоқыған азамат еді. Мұсылманша сауатты, оның үстіне, екі кластық орысша білім де алған. Абай төңірегіндегі белгілі әнші-ақындарды жақсы біліп, олардың шығар­маларын жинап, қалың көпшілікке наси­хат­таған. «Зарқұм» діни қиссасы мен «Шаһмаран» хикаялық дастанын жатқа айтып, ел арасында орындаған, Абай өлеңдерін өз аузынан естіп, жаттап алып, жұртшылыққа таратқан, Шәкәрім шығар­ма­ларына тыйым салынған кездің өзінде ақынның «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» поэмаларын жадында сақтап, жас ұрпақ санасына сіңдірген. Өзі де өлең жазып, оқу-білімді, өнерді насихаттаған. Ұлы жерлесі Мұхтар Әуезов 60 жасқа толғанда «Мұхтар ініме» деп құттықтау өлең арнаған. Қара сөзде дес бермеген шешен, ата жөнін тереңнен тарата білген шежіреші болған сұңғыла Ыдырыс ақ­са­қал жинап тапсырған 5000 беттей көлем­дегі фольклор туынды­лары қазір де Орта­лық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы.

Зейін
Сейітқали Қарамеңдин жинап жариялаған халық мұрасын бес топта қарастыруға болады:
1. Мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер, аңыздар мен әпсаналар;
2. Халқымыздың көпғасырлық тарихынан терең сыр шертетін батырлық, ғашықтық және тарихи жырлар;
3. Ақындар мен жыраулардың өлең-жырлары мен дастандары;
4. Абайдың талантты шәкірті Көкбай Жанатайұлының шығармалары мен ол туралы ел әңгімелері;
5. Ататек шежірелері, шежіре аңыздар мен шежіре-жырлар.

Міне, осындай өнегелі әке тағылымын көрген Сейітқали бала жастан халық әде­биетін зейініне тоқып, ерекше құмартып өсті. Абайдың жолын қуған талантты шәкірттері, ойшыл ақын Шәкәрім мен ұстаз ақын Көкбайды өз көзімен көріп, үлкен ғибрат алған. Сол ұлт зиялыларының игі ықпалы болар, 1927 жылы Алаштың рухани астанасы – Семей қаласындағы №14 қазақ мектебінде оқи жүріп, фольк­лор мұраларын жинаумен айналысады, осының алдында екі жыл бұрын қайтыс болған атақты жерлесі Көкбай ақын мұраларын ел аузынан жазып алады, олардың арасында ақынның «Сабалақ», «Қандыжап» атты дастандары бала Сейітқалидың зеректігі мен қажырлылығы арқасында бүгінгі ұрпаққа жетіп, алғаш рет ғылыми айналымға түсті. Бұл жігерлі жинаушының Көкбай мұрасын жинап, сақтаудағы, насихаттап зерттеудегі баға жетпес жанкешті еңбегі деп білу керек.
Зерделі жастың Семей кезеңі білім жолындағы ең бір жемісті, шабытқа толы жылдары болды. Мектепте, одан кейін малдәрігерлік техникумда ақиық ақын Қасым Аманжолов, белгілі педагог-ғалым Омар Қаймолдин, көрнекті қоғам қайрат­кері Арғынқазы Қайсақанов сияқты игі жақсылармен бірге оқып, жақын достар ретінде етене араласты, қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Сәбит Дөнентаевпен талай мәрте кездесіп, сан қырлы таланты­нан үлгі алды, жыр жүйрігі Иса Байзақов­тың суырыпсалма ақындық талантына талай тәнті болды. Семейдегі ұмытылмас жастық шағын Сейітқали өзінің қимас досы Қасым Аманжолов туралы «Досым еді» деген естелік мақаласында тебірене жазған болатын.
Негізгі мамандығы мал дәрігері бол­ға­ны­мен, осы жұмыста аудандық, облыс­тық деңгейде басшылық қызметтер атқарып, Қазақ ССР-і Мемлекеттік бақы­лау комитетінің аға тексерушісі лауазы­мы­на дейін өскенімен, жаны жайсаң, жүрегі «ұлтым», «елім» деп соққан арда азамат өзінің бала жастан таңдап алған екінші сүйікті кәсібі – фольклор үлгілері мен ақындар шығармаларын, ататек ше­жіре­сін жинау ісіне өмір бойы адал болып қалды. Негізгі мамандығына сәйкес, рес­публикамыздың малдәрігерлік қызметінің жай-жапсарын тексеріп, еліміздің түкпір-түкпірінде іссапарда болған кезінде қолы қалт босай қалса, оңтайлы сәтті бос жі­бер­мей, ауыл-ауылдағы құймақұлақ қарт­тармен, зерек жастармен кездесіп, халық мұрасын қағаз­ға түсірді. Ол уақыт­та қазіргідей үн­таспа сияқты озық за­ма­науи аспап­­тар жоққа тән. Соған қара­мас­тан, рухани мұра­лар­ды жинап, кейінгі ұр­пақ­қа жет­кізуді мақсат еткен ұлт жа­нашыры елге белгілі де белгісіз фоль­клор туындыла­рын, атақты ақын­дар өлеңдері мен дастанда­рын, шежіре үлгі­лерін қойын дәп­тері­не ерінбей түсіріп, ыжда­ғатты түрде тәптіштеп жазып отырды. Осы­лайша ел ау­зын­да сақталған көп­те­ген шежіре­лік аңыздар, тари­хи жырлар мен мақал-мәтел­дер, авторлық ауыз әдебие­ті туын­дылары мен өткен ғасыр­лар­дың белгі­лі би-шешен­де­рінің билік сөздері, атақты ақын-жы­рау­лардың жыр-толғау­лары саф алтындай бүгінгі ұрпақ­қа жетті. Бұл істі ол тіпті өзінің малдәрігерлік кәсібінен де ар­тық сүйсініп орын­дады десе болады. Оған фоль­клор­шының артында қал­ған бө­лек-бөлек бірнеше қо­йын дәптері мен күн­делік қағаз­да­ры куә.
Зерделі зерттеулер жемісі
Зерттеуші, фольклоршы Сейітқали ақсақалдың жарты ғасырдан астам уақытқа созылған жинаушылық еңбегі зая кеткен жоқ. Оның көз майын тауысып, тірнектеп жинаған материалдары өзі штаттан тыс жинаушы-тілшісі болған М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этно­ло­гия институтының қолжазба қорла­рында, Абай мен оның шәкірттерінің бай мұрасын жинап, олар туралы ел аузындағы аңыз әңгімелерді жазып алған мәтіндері Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы кітапхана­сында сақтаулы.
Фольклоршы С.Қарамеңдиннің жинаушылық қызметінде Көкбай мұрасы ерекше бөлектеніп тұрады. Себебі ол Көк­бай ақын шығармаларының бүгінге дейін толық жетуіне шексіз еңбек сіңірді. Көр­некті фольклортанушы ғалым, филология ғылы­мының докторы, профессор Болатжан Абылқасымов «Көкбай Жанатай­ұлы» атты зерттеуінде ақын шығармалары­ның қол­жаз­ба нұсқалары туралы айта келіп: «Бізге белгілі қолжазбалардың ішін­дегі көлемдісі Сейітқали Қарамеңдиндікі. Жинақ машинкаға басылған 142 беттен тұрады. Ондағы дастан-қиссалары үшеу – 101 бет, өлеңдері қырық шақты (көбі бірқақпайлар) – 41 бет» деп жинаушының ерен еңбегін ерекше атап өтіп (ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. –Алматы: Ғылым, 1988, 283-б.), бірнеше тұстарын­да Сейітқали жинаған шығармаларға сілтеме жасайды.
С.Қарамеңдин ел аузынан сонау оқушы кезінен бастап өзі жазып алған Көкбайдың «Сабалақ», «Төрт төре», «Наурызбай-Фати­ма» атты дастандарын 1993 жылы «Абы­лай» деген атпен жеке кітап етіп шы­ғарды. 2005 жылы Көкбай Жанатайұлының өлеңдері, айтыс-қағыстары мен қисса-дастандары топтастырылған «Абайдан сабақ алдым бала жастан» атты кітабы Сейітқали ақсақал құрастырып, түсініктерін жазған жинақ негізінде жарық көрді.
Халық мұрасын жинаушының Көкбай шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізген қажырлы еңбегі еліміз Тәуелсіздік алған кезден бастап ғылыми айналымға еніп, көптеген зерттеулерге таптырмас ғылыми негіз болды. Көкбай мұрасын жинап, жа­рия­лау ісіндегі қарт фольклоршы еңбегі­не ақын өмірі мен шығармашылығы туралы алғаш рет кандидаттық диссертация қор­ғаған көкбайтанушы ғалым Жандос Әубә­кір өз зерттеулерінде жоғары баға берді.
С.Қарамеңдиннің ел аузынан жинаған шешендік сөздер, толғаулар, ХVIII-ХІХ ғасырларда өмір сүрген атақты ақындар мен би-шешендер сөз­дері мен күлдіргі әңгімелер 1988 жылы 90 мың таралыммен жарық көріп, зәру басылымға айналған «Сөз тапқанға қолқа жоқ» жинағының «Өнер алды – қызыл тіл» атты үлкен бөлі­мін құрады.
Ол тек халық мұрасын жинау­шы ғана емес, ел таныған ақын ретінде де белгілі болды. 1989 жылы «Қос ішек» атты халық ақындары Көкен Шәкеев, Әсімхан Қосба­саров, Әселхан Қалыбекова және тағы басқа үш ақынның жыр кітапшалары енген топтамада Сейітқалидың «Жаһангер» атты шағын жыр жинағы жарық көрді. Ақынның бұл тұңғыш та жалғыз жыр кітапшасында халық аңызы­на құрылған «Жаһангер» атты дас­таны және отаншылдық, ұлт­жан­дылық сезімге толы лирика­лық бірнеше өлеңі енді. Оның жеке мұрағатында әлі жария­лан­баған өлең-жырлары қаншама!
Сейітқали ақсақал өзі жинаған мате­риал­дарды зерттеуші ретінде де танылды. Бұл ретте оның Абай туралы «Ұлы ақынның әділ билігі», ұлттық поэзияның шынар биігі Мағжан туралы «Толқыннан толқын туады» атты мақалалары мен атақты сал-серілер, әнші-ақындар туралы басқа да бірнеше зерттеу мақалалары тың ойларға құрылып, әдебиет тарихына байланысты көкейкесті мәселелерді қозғаған. «Қыз Жібек» ға­шық­тық эпосындағы Төлегенді Бекежан емес, Кескентерек деген қарақшы өлтір­ген­дігін дәлелдеп мақала жазуы ғылыми қауымға үлкен ой салды.
Зерттеуші әр мақаласын үлкен ізденіс үстінде, асқан жауапкершілікпен, дерек­көздерін байыптап, сын таразысынан өткі­зіп жазады. Атақты ақын, композитор Сегіз сері туралы мақалаларында басқа автор­лар сияқты зерттеу нысанын әсірелеуге ұрындырмай, нақты шындықты бүркеме­ле­мей айтады. Ол осындай турашылды­ғымен, әділдігімен есте қалып, ғылыми-зерттеу жұмысындағы адалдықты жақ­та­ды.
Еліміз Тәуелсіздік алған кезде құрылған Қазақстан ақын-жыршылар одағының алғашқы мүшелерінің бірі болған халық мұрасының білгірі С.Қарамеңдиннің жи­нау­шылық, фольклоршылық, зерттеушілік еңбегіне көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профес­сор Т.Кәкішев, ұлттық фольклортану ғылы­мының белді өкілдері, ҚР ҰҒА академигі Р.Бердібай, ғалым К.Сейдаханов жоғары баға беріп, республикалық газеттерде арнайы мақалалар жариялады. Сонда халық поэзиясын өмір бойы зерттеген Көбей Сейдеханов ол туралы мақаласын «Бал жинаған арадай» деп атапты. Шы­нында да, Сейітқали ақсақал бал жинаған арадай бүкіл өмірін ел ішіндегі баға жетпес бай қазына – халық мұрасын жинап жа­рия­лауға арнаған екен. Туғанына бір ғасыр толған халық мұрасының білгірі, ұлттық мұра мирасқоры Сейітқали Қарамеңдиннің жанкешті жинаушылық, зерттеушілік еңбе­гі ұлт мәдениеті тарихында өзіндік үлгі-өнегесімен әрдайым жарқырап көріне бе­реді.
Серікқазы ҚОРАБАЙ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің  меңгерушісі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста