ВИЧ туралы мультфильм жарық көрді
Таяуда Шымкент қаласында «Өмір сүру құқығы» атты мультфильмнің тұсаукесері өтті. Әлеуметтік-құқықтық тақырыпта анимациялық мультфильмдер түсіруде тәжірибесі бар шымкенттік «Анимастер» студиясының бұл жолғы жобасы әлемдегі ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың қоғамнан тыс қалуына қарсы бағытталып отыр.
«Анимастер» студиясының директоры Мақсұт Жарымбетовтің айтуынша, мультфильмді жасаушылар дертке ұшыраған адамдардың алдынан шығатын түрлі проблемаларды халыққа жеткізуді мақсат еткен көрінеді.
Фильмдегі бас кейіпкер Диля – ВИЧ дертіне ұшыраған адамдардың өміріндегі шынайы оқиғалар мен түрлі жағдайлар негізінде жасалған, жинақталған образ. Мультфильм авторлары кейіпкердің тағдырын мысалға ала отырып, ВИЧ инфекциясын тек теріс жолда жүргендер ғана жұқтырмайтынын, мұндай дертке кез келген адамның ұшырауы мүмкін екенін көрсетеді. Отбасын тастап кеткен күйеуінен ВИЧ инфекциясын жұқтырған Диля дені сау сәбиді дүниеге әкелу үшін дәрігерлердің барлық нұсқауын орындауға тырысады. Жас келіншек науқас болғандықтан, қоғам оны қабылдамай, әбден шеттетеді. Алайда Диляның туған-туыстары, достары оған көмектеседі.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2006 жылы жаңа туған сәбилер жаппай жұқпалы дертке ұшырағаннан кейін, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың қоғамнан тыс қалуы келелі мәселеге айналды. Қазақстанда СПИД-ке шалдыққандардың қоғамнан тыс қалу мәселесімен негізінен, үкіметтік емес ұйымдар және дағдарыс орталықтары айналысады.