Венгрия қыпшақтары қазақы дәстүрді дәріптеді
Венгриядағы қыпшақтардың бас қаласы Карцагта дәстүрлі тағам «пёркёлт» әзірлеу жөнінен арнайы байқау өткізілді. Ежелгі кундардың еттен жасалатын бұл тағамы қазақтың қуырдағына ұқсайды.
Еуропаның дәл ортасында тұратын халық қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық тағамдар әзірлейді, ата-бабалардың салт-дәстүрлерін құрметтеп, бүгінге дейін сақтап келеді. Осыдан 770 жыл бұрын қыпшақтың ханы Котян кундарды қазіргі Қазақстан жерінен Венгрияға алып келді. «Карцаг» – қазақша «қарсақ», яғни дала түлкісі. Қала тұрғындары үшін «пёркёлт» тағамын пісіру байқауы – елдің ұлттық мерекесі секілді айрықша оқиға. Қонақтар арасында Венгрияның белгілі саясаткерлері, үкімет мүшелері, министрлер бар. Елдің басшылық органдарында лауазымды қызмет атқарып жүрген олар – этникалық қыпшақтардың ұрпақтары, сол себепті де, қазақстандықтарды туысқан санап, екі елдің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тырысады. Қарсаққа Франция, Польша, Сербия, Германия, Румыния және Словакиядан бауырлас қалалардың мэрлері келді. Венгриядағы Қазақстан елшілігінің атсалысуымен ұйымдастырылған байқауда еліміз туралы фотокөрме мен әсем безендірілген кітаптар келушілердің қызығушылығын тудырды.
Пёркёлттің дәстүрлі венгр гуляшынан айырмашылығы, бұл тағамға қойдың ішек-қарны қосылады. Венгрлер – осы тағамды әзірлеу барысында қойдың басын пайдаланатын Еуропадағы жалғыз халық. Байқауға қатысқан 200 аспаздың шеберлігіне құрамында Қазақстанның Венгриядағы елшісі Рашид Ибраев бар халықаралық қазылар алқасы баға берді. Мереке барысында қөлөнер туындылары көрмесі мен жергілікті әртістердің концерті де ұйымдастырылды.