Жуырда Қ.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназияда ұстаз Рафиқа Нұртазина тағылымына арналған ашық сабақ өтті. Оған білім басқармасының мамандары, ардагер ұстаздар мен қазіргі мұғалімдер қатысты.
Рафиқа Нұртазина – Социалистік Еңбек Ері, «Құрмет» белгісінің, А.Пушкин атындағы және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері. Биыл 90 жасқа келіп отырған аяулы ана, ардақты ұстаз жайлы әңгімені орыс мектебінің 5-сынып оқушылары үлкен ықыласпен, зейінмен тыңдады. «Рафиқа Нұртазина – еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, ұлттың анасы бола білген жан. Ол көп жыл бойы қаладағы №12 мектепте мұғалімдік, кейіннен директорлық қызметтер атқарды. Ұстаздық еткен уақытта Шота Уәлиханов, Марфуға Айтқожина сынды бүгінгі көптеген танымал азаматқа білім берді», – деп бастаған мұғалима Гүлмира Қасенова бұдан кейінгі сөзін Нұртазинаның қиындық пен қызыққа толы өміріне арнады. Сабақ соңында оқушылар ардақты ұстазға арнаған өлеңдерін оқып, би билеп, келген қонақтарға өз өнерін көрсетті. Айта кеткен жөн болар, бүгінгі таңда Қ.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназияда қазақ тіліне, қазақ ағартушы-ғалымдарын оқытуға үлкен мән беріліп келеді. Мәселен, өткен аптаның өзінде Р.Нұртазина туралы бес ұстаз ашық сабақ өткізген. Сонымен бірге әр жұма сайын ұстаз, оқушылардың қазақ тілінде сөйлеуді дәстүрге айналдырғанын да игі іс деп бағалауға болады.
Гүлмира Қасенова, Қ.Сәтпаев атындағы №56 мектеп-гимназияның қазақ тілі пәні мұғалімі:
– Бұл сабақты өткізудегі мақсатымыз – оқушыларды ұстаздарды сыйлауға, құрметтеуге үйрету. Олардың бойында ұстаздарға деген сүйіспеншілік, махаббат сезімдерін ояту. Сабақ оқушыларға түсінікті өтті ғой деп ойлаймын. Себебі сыныбымыздың оқушылары өзге ұлттың балалары болса да, қазақ тілін жақсы түсініп, сөйлейді. Айта кетейін, Р.Нұртазина – тек ардақты ұстаз ғана емес, ардақты ана бола білген жан. Екі қыз тәрбиелеген оның бірінші қызы қазір қаладағы бір мектептің директоры болса, екіншісі ғылым жолын қуып келеді. Біздің – оқушылардың да, ұстаздардың да бұл кісіден алатын өнегеміз көп.
Ұстаз Рафиқа Нұртазина туралы ашық сабақ өтті
Последние статьи автора