Үш жиырма мен «үшемдер» тоғысатын кеш
Алпыс екі тамырын идіріп берген ананың сүті, атаның қаны арқылы ғасырлардан ғасырларға өзімізбен біте қайнасып кеткен қазақы ән, ұлтымыздың үні, қоңыр дауыстың жөні бөлек қой, шіркін, қашан да!.. Сондай дара дауыс, әуезді үн мен әуелеткен әнге шөліркеп қалған қауымды наурыздың 19-ы күні ерекше бір концерт күтеді.
«Ал қоңыр ән екенсің» атты бұл кеш елімізге белгілі әншілер, өнерде де, өмірде де жұптары жазылмай келе жатқан жұбайлар – Құрманбек Әлімғазыұлы мен Риза Қайырбайқызыныкі. Жұбайлар өздерінің бұл концертін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнаса, өздерінің өнерде жүргендеріне де, сондай-ақ отбасын құрғандарына да дәл осынша уақыт болса керек. Сондықтан үш жиырманың басын тоғыстырған бұл кешті жұлдызды жұптар өміріндегі өте маңызды оқиға деуге болады.
Құрманбек Әлімғазыұлы мен Риза Қайырбайқызы...
Осы есімдердің өнерге келу тарихына аз-кем шегініс жасар болсақ, түптеп келе, ол ел егемендігімен тікелей байланысты болып шығады. Себебі оған дейін қазақтың бұл екі перзенті Атамекеннен жырақта – аспан асты елінде жүрген-ді.
Құрманбек ӘЛІМҒАЗЫҰЛЫ, әнші, «Қазақконцерт» бірлестігінің қызметкері, Қытай Халық Республикасының мәдениет қайраткері:
– Бала күнімізден сонау Еренқабырғаның арғы жағындағы байырғы қазақ жерінде ұлтымыздың үнін Қазақ радиосынан ертегі, қисса, дастандармен қатар Нұрғали Нүсіпжанов, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Алтынбек Қоразбаев сынды майталман әншілерімізді қалт жібермей тыңдап өстік. Шіркін, әннің құдіреті Абай атамыз айтпақшы, ұйықтап жатқан жүректі де оятып жібермей ме?! Біздің бойымыздағы өнер шоғының үрленуіне осы қасиетті радио түрткі болды дей аламын. Анамыз домбыра шертетін, сол сүттен де бір қасиет дарыса керек, әйтеуір бала боп қыңқылдап, домбыра алдырғаным әлі күнге есімде. Сол домбыраға жармасқаннан әлі күнге өнердің сүрлеуіне түсіп, сол жолда өмірдің мәнін тауып, жұбымызды тауып, елге оралу, егемен еліміздің төрінде концерт қою бақытына қол жеткізіп отырмыз.
Егемендігіміз сыйлаған еркіндіктің арқасында елімізге Еренқабырға мен Алтай тауларының арғы жағынан кезінде көз жазып қалған қаншама бауырларымыз оралды. Соның ішінде бүгінде қазақ елінің өнеріне өлшеусіз үлес қосып жүрген Майра Керей, Шұғыла Сапарғалиқызы, Шәба Әденқұлова т.б да көптеген өнерпаздарымыз бар. Аталған кешке осы аяулы жандар ақ тілектерімен ән мен жырдан шашу шашып келмек. Айта кетуге тұрарлық тағы бір қызық жайт бар. Өнерде біріне-бірі қатты ұқсайтын адамдар кездесіп жатады, тіпті халық оларды көшеде көргенде айыра алмай, шатастырып жатады. Осы кештің иесі Құрманбек Әлімғазыұлын жұрт көбіне әнші Сембек Жұмағалиевпен, ол аз десеңіз, күйші Секен Тұрысбеков ағамызбен қатты шатастырып жатады. Тіпті әншіге достары әзілдеп «Құрманбек өзінің Сембек емес екенін дәлелдеу үшін сахнада қаншама жыл бойы ән айтумен келеді» дейтінге де ұқсайды. Міне, осы кеште әнші әдейі өзінің өнердегі екі ағасын концертіне арнайы шақырып, үшеуі сахнаға қатар шығып, «міне, біз үш адамбыз» деп көрерменнің көзін шындыққа жеткізбекші.
Құрманбек Әлімғазыұлы мен Риза Қайырбайқызының әндерінің барлығы дерлік жұртшылыққа таныс. Әсіресе ақын Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған «Көк туым желбіреген», Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым елім» атты әндері кейінгі жылдары ел құлағында. Сондай-ақ әншілер Ермұрат Зейіпханұлы, Асхат Әбілахатұлы, Кеңес Дүйсекеев, Алтынбек Қоразбаевтармен тығыз шығармашылық байланыста. Олардың тағы бір ерекшелігі – бірнеше тілде ән шырқай алатындығында, яғни қазақ, қытай, тіпті итальян классикалық әндерін нақышына келтіре орындай береді. Алған білімдеріне келсек, Құрманбек Әлімғазыұлы Үрімжіде, Риза Қайырбайқызы Пекиндегі өнерлілерді даярлайтын оқу орындарынан білім алған. Содан кейін елге келген соң да 1991-1994 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында Кәукен Кенжетаев, Есім Сегізбаев, Амангелді Сембин, Әшірбек Сығайлардан дәріс алады. Орайы келгенде сондай-ақ Риза Қайырбайқызының «Елік-ай» әнінің «Алтын дискіге» енгенін айта кеткеніміз жөн. Жұбайларға «Алтай аясындағы бір үйлі жандар» атты төрт бөлімді операны орындағаны үшін Қытай Халық Республикасының мәдениет қайраткері атағы берілген.
Атажұртқа алғаш оралғанда өнерпаздарға ағалық қамқор қолын созған Алтынбек Қоразбаев «Қазақконцертке» жұмысқа шақырғанын жұбайлар ерекше ризашылықпен айтып жүреді.
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, кештің сценарийін жазған ақын:
– Жалпы, қазақта жезтаңдай әнші деген сөз бар. Сол сөздің толық мағынасы осы Құрманбектің даусына келеді. Немесе Әсет Найманбайұлының «Даусым көкте дамылдаған» деген сөзі бар. Құрманбектердің даусы көкте қалықтап қалатын дауыс қой. Микрофонның күшіне сүйеніп, түртіп қалсаң құлап қалатындай әлсіз дауыспен де ыңылдап жүргендерді бұл екеуінің қайсысымен болсын, яғни Риза не Құрманбекпен тіпті салыстыруға да тұрмайды. Сондықтан сондай зор дауысты домбырамен ән шырқау арқылы көрсетсін, нағыз әннің қандай болатынын халық білсін деп мен жүрген жерімде үнемі домбыра ұсына қоямын.