Үш жасқа толған «Рейтинг» газеті ынтымақ пен бірліктің үлгісі іспетті
Ақпарат айдынында желкен тартқанына үш жыл толған «Рейтинг» апталық сараптамалық газеті осы уақыт ішінде өзіндік орнын, тұрақты оқырмандарын тапты деуге толық негіз бар. Үш жылдық мерейтойын жаңа ғимаратының ашылуымен ұштастырған басылымның қуанышымен ортақтасуға арысы Астана мен Алматыдан, атап айтқанда, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «Қаламгер-Медиа» ақпараттық орталығының директоры Жанарбек Әшімжан, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС президенті Досымбек Өтеғалиев, «Нұр Астана» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Ерік Рахым, «Алматы» телеарнасы Астана филиалының жетекшісі Руслан Ербота, «Жас қазақ» газеті бас редакторының орынбасары Шадияр Өстемірұлы, «Дала мен қала» газетінің бөлім меңгерушісі, «Рейтинг» газетінің Астанадағы тілшісі Еркін Досымбай, Жамбыл облыстық «Ар-Ай» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт арнайы келіп, қуанышқа қуаныш қосты.
Мәртебелі меймандар алғаш облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтың қабылдауында болды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын үлкен жетістіктермен қарсы алып отырған облысымыздың әдеби-мәдени өміріндегі өзгешеліктер мен өзгелерге өнеге боларлық тұстарын сөз еткен Әли Әбдікәрімұлымен арада ашық-жарқын әңгіме орнады. 11 қараша, яғни 11.11.11 сағат 11-ден 11 минут өткенде облыстық басқармалар, аудан, қала басшылары, облыстық, Шымкент қалалық мәслихат депутаттары,оқу орындарының басшылары, басқа да басылымға тілеулес азаматтар бас қосып, «Рейтинг» газетінің үш жылдығы мен жаңа ғимаратының салтанатты түрдегі ашылуы басталды.
– 300-ден астам басылым шығатын өңірде небәрі үш жылдың ішінде осыншама бәсекелестерінің арасынан өзіндік орнын тауып, оқырман жинаған, абырой-беделге ие болған «Рейтинг» газетінің бүгінгі қуанышы құтты болсын. Әр газеттің өзіне тән мінезі болады. Көпшілік сүйіп оқитын «Рейтингтің» шыншылдығы, әділдігі, батылдығы, тың ізденістері көптің көңілінен шыға білді. Болашағынан да зор үміт күтеміз. Небәрі үш жылдың ішінде мұндай мықты материалдық базаға, оқырман ортасында күшті абырой-беделге ие болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін жақсы жетістік, – деді облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев.
Жандар Көшенов, «Рейтинг» газетінің бас редакторы:
– «Газетіміздің атауын қалай қойсақ екен?» деп бірнеше ай ойландық. «Рейтинг» жайлы идея аяқастынан туындады. Осы таңдаудың сәтті болғаны анық. Байқасаңыз, қазіргі заманда көп нәрсе рейтингімен анықталады. Банктер, оқу орындары, саясат, спорт, тіпті еліміздің халықаралық деңгейдегі орны – барлығы рейтингімен айқындалады. Бұл оңтүстік үшін таңсық болған дүние екенін жасырмаймыз. Дегенмен осы бағытта жұмыс істеп көруге бел байладық. Үздіктер мен көш соңындағылардың тізімін жасау оңай емес. Тіпті шағын рейтинг әзірлеу үшін жан-жақты зерттеу, терең сараптама жүргізу қажет. Ойдан құрастырып рейтинг жасауға болмайды. Газеттің әр санында рейтинг беруге мүмкіндігіміз болмағанымен, мүмкіндігімізше осы бағытты қамтып отырдық.
Мың сан шаруаның арасынан уақыт тауып, бір сәтке бой жазуға әрі өңірдің туризм саласының зор болашағына көз жеткізгісі келген қонақтар Төлеби ауданындағы тамашаға бай «Тау самалы» сауықтыру кешенінің кереметіне куә болды. Жеке кәсіпкер Әлішер Толыбаевтың бұл нысанды іске қосуда қыруар күш жұмсағаны бірден байқалады. Төрт қабатты қонақүй, қаз-қатар тізілген екі қабатты коттедждер, бассейн, ауланың әсем көркі, табиғаттың тамаша көрінісі көздің жауын алып тұрғандай. Екі қырдың ортасын жалғап тұрған 150 метрлік көпір мен оның астында жатқан жасанды көл де, жан-жағы түгел көрінетін мейрамхана да жарасымдылықтың озық үлгісін көрсетіп тұрғандай. Арнайы Түрген балық шаруашылығынан жеткізілген хан балық, яғни форель балығы демалушылардың қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз.
Сауықтыру кешенін тамашалаған қонақтар қонақүйдің бильярд залында «Рейтинг» газетінің жүлдесі үшін шар салудан шеберлік сынасты.
Дәл осы күні облыстық әкімдік пен Мәдениет басқармасы, Қазақстан Журналистер Одағы Оңтүстік Қазақстан филиалының ұйымдастыруымен «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» іс-шарасы өтіп, қаламын жанына серік еткен ақын-жазушылар мен журналистер бас қосты. «Цензурасыз 20 жыл» атты дөңгелек үстел өткізді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыс орталығында салынған нысандарды аралап, бірқатар мәдени іс-шараларға қатысты. Қонақтар жекеменшік ақпарат құралдарының жұмысымен де танысты.