82 жасында өзінен 45 жас кіші журналист Жадыра Сейдешті жар еткен халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың некесі қазақстандықтарды таңдандырғаны өтірік емес. Олардың некесі әліге дейін көпшіліктің назарында, көптің талқысында. Сексеннің сеңгірінен асқан халық әртісінің шаңырақ көтеруіне қатысты пікір білдіргендер қатарынан танымал сықақшы Көпен Әмірбек те табылды.
Сықақшы «Хабар» арнасының «Қарақатпен шай» бағдарламасында Нұрғали Нүсіпжановтың шаңырақ көтеруі туралы айтты, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Көпен Әмірбек 80-нен асқан шағында шаңырақ көтерген халық әртісінің әрекетін «өте дұрыс» деп санайды. Сықақшы оның себебін өзінше түсіндірді.
«Нұрғали Нүсіпжанов 82 жасында үйленгеннен кейін, мен жарнамадан кете бастадым. Мен екінші, үшінші болып қалдым. Қайта бұл жақсы болды.
Ол кісінің 5 қызы бар. Ұлды сағынып жүрген шығар. Бұрын Сексенбай, Тоқсанбай деген есімдер бекер болмаған шығар. Өзін күткен, таза ұстаған, мұнтаздай Нұрғали ағамыздың күш-қуаты бойында деп ойлаймын. Асанәлі ағамыз да 70-тен асқанда ұлды болған жоқ па?! Қандай керемет! Ал Нұрғали Нүсіпжанов 82-сінде үйленсе, маңдайы жарқырап, Сексенбай деген ұл келе жатқан шығар. Артынан ұрпақ қалдыру үшін осындай әрекетке барды деп ойлаймын. Өте дұрыс», - дейді Көпен Әмірбек.