Күні кешеге дейін шетелге шыққандардың көбі таңғалып келетін бір жағдай болса, ол – ондағы балаға деген аса сақтық. Яғни «біздегідей бөтен біреудің баласына күле қараудан, абайламасаң, сотталып кетесің» дейтін шетел көргендер шошынып. «Неге?» дейміз ғой біз. Періштедей пәк жаратылысқа сүйсінгенде тұрған не бар дейтін аңқау, ақкөңіл халықтың арасынан көп ұзамай соның «неге» екенін ұқтырғандар шықты. Қазақстан прокуратурасының мәліметтеріне сай, 2010 жылғы 9 айда еліміз бойынша 83 бала жыныстық сипаттағы озбырлыққа душар болса, 26-сы зорланған. Бірақ ол дабыра болмаған соң ба, ел онша дүрліге қоймап еді, биыл жазда ешкімнің ойына кірмейтін, күллі қазақ қастер тұтып, тіпті екінші Мекке санайтын Түркістан қаласынан төрт жасар баланы зорлау фактісі тіркелгенде... Жә, айтпағымыз – әлгіндей сұмдық фактілерді жіпке тізгендей тізіп шығу емес, мәселенің түп төркініне үңіліп, өзіміздегі сол азғындыққа апарады-ау деген соқпақтар жайы.
Қарап отырсақ, қазір бізде қылымсыған қыздар мен арғымақтай азаматтардың арасын қойып, балалар арасында сұлулық байқауын өткізу белең алыпты. Ең бір сорақысы – онда да періштедей пәк жаратылыс иелерін жартылай жалаңаштандырып, суда жүзетін киіммен сахнаға шығаратын кезеңі бар. Осындай байқаулардың біріне әділқазылық етуге шақырылған жерінен, балалардың жалаңаш денесін көргенде депутат Мұрат Әбеновтің өре түрегелгені естеріңізде болар. Біз бала жанашыры, депутат ағамызға қоңырау шалып, осы ойын қайта сабақтауын сұрадық.
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Жалпы, балалар арасында ақыл-ойды дамытып, білімін жетілдіруге арналған, олардың бойындағы ерекше дарынын ашатын байқауларға мен қарсы емеспін. Бірақ дәл сол Қызылорда қаласында өткізілген байқауда мені өре түрегелдіргені балалардың жалаңаш тәнін көрсетіп, үлкен қыз-келіншектерге арналған суда жүзуге арналған костюм мен биік өкше туфли кигізіп шығарғандығы болды. Мен де ұл-қыз тәрбиелеп отырған әкемін, өз басым ешқашан баламды осындай байқауға қатыстырмас едім. Сондай-ақ ол әр қазақтың баласына жат әдет, жат қылық деп ұғамын. Нағыз қазағы басым, тұрғындарының 97 пайызы қазақ Қызылордада ондай байқаудың өтуі мен үшін өте ерсі әрекет болды. Тіпті әрбірден бұл әрекеттің астарын түсінбедім. Өткізер болсақ, басқа да байқаулар жетіп жатыр ғой. Айталық, «Сыр елі – жыр елі» дейді, жырдан неге өткізбейміз? Мысалы, жақында 11 жасар қызымыз шахматтан дүниежүзі бойынша гран-при алды, неге сол шахматтан жарыс өткізбейміз одан да? Дүниежүзінде математикадан біздің қазақ балалары – бесінші орында. Неге осы математикадан жарыс ұйымдастырмасқа? Сондықтан ең алдымен қандай да бір байқау ұйымдастырарда алдымен оның мақсатына мән беру керек. Мені бір таңғалдырғаны – осындай байқауды ұйымдастырушы еліміздің Ішкі істер министрлігінің болғаны. Байқаудың мақсаты – «нашақорлыққа қарсы күрес» деген. Сонда қисынсыздығы – бес жасар бала мен нашақорлықтың арасында қандай байланыс бар? Мен Қызылордада жұмыс істеп жүргенде мұндай нәрселерге жол бермейтінмін. Әйтпесе сол кезде маған 5-7-сынып оқушылары арасында әдемілік байқауын өткізуге ұсыныс келген, сонда сол ересектеу балалар арасында өткізуге рұқсат бердім, бес жасар бала түгіл. Балалардың құқын қорғау комитеті бар, соның жұмысын күшейту керек. Жалпы, балаға қатысты шараларды қатаң бақылауға алмай болмайды.
Таяуда Мұрат Әбеновтің осы мәлімдемесінен кейін «Нур.кз» отандық сайтында «Балалар арасында сұлулық байқауын өткізуге қалай қарайсыз?» деген сұрау салынып, оған қатысқандардың 80 пайыздан астамы мүлдем қарсы екенін білдіріпті. Жалпы, бұл – бізге ешқандай қажеті жоқ нәрсе. Қажеті жоқ екенін Еуропа да түсініп, күні кеше Австралияның Мельбурн қаласына «Балалар мен Диадемалар» атты байқау ұйымдастыруға келген америкалық компанияға қарсы бір топ наразылық шеруіне шыққан. Себебі әлгі байқаудан жеңген балалар телевизиялық шоулар мен түрлі жобаларға қатысуға мүмкіндік алатын болған. Наразылық шеруіне шыққан ата-анаға әсер еткен – осы жағы. Өз баласын дабыраның құрбаны болып, әлдекімдердің бизнесін дөңгелетуге пайдаланылғалы отырғанын австралиялық ата-аналар саналы түрде түсініп, сондықтан шеруге шыққан. Олар «Біздің балаларымыз Барби емес! Өз диадемаларыңды балаларымыздан ары әкетіңдер! Балақандар жарнама нарығының құрбаны болмауға тиіс!» деген ұрансөздер жазып алған.
Ал енді деймін, осындай байқау біздің елге келсе ше? Біздің ата-аналардың көбі қалпағын аспанға ата қуанып, жартылай ашық киімін өзі тігіп беріп, жайына кетер ме еді? Неге бұлай дейміз, себебі Мұрат Әбенов қарсы шыққан байқаудың ұйымдастырушылары: «Бес жасқа дейінгі баланың денесінде құмарлықты қоздыратын ештеңе жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, балаларының мұндай байқауда суда жүзетін костюммен шығуына ата-аналарының өзі рұқсат беріп қана қоймай, өз қолдарымен тігіп берген. Ал ата-ана өз баласына жау емес қой?!» – деп ақталған. Міне, мәселе қайда жатыр? Демек, бізде «періштені жолдан тайдырушы» ең бірінші адам ата-ана болса, екінші – сол салада бизнес жасап отырған кәсіпкерсымақтар. Жеме-жемге келгенде әлгіндей «байқаушылар» ата-ананы қалқан қылып, өздері соның ығымен құтылып кете алатынына сеніп отыр. Рас, айтса айтқандай, әр ана, әр әке өз баласының әдемілігін, пәктігін қорғап, барынша балалығын ұзартудың орнына тезірек баланы есейтіп, ересек өмірдің былғаныштарына араластыруға асығатыны несі? Әрине, баласын барынша құлпыртып, құлындай бәйгеге қосқанда ешкім оны жамандыққа итермелеп отырмын деп ойламас, бірақ... «соңы не жақсылыққа апаруы мүмкін?» деген ойды бір мезгіл неге ескермеске? Мың-миллион көрермен арасынан сол байқауда, мүмкін, бала зорлағыш педофилдің отырмасына кім кепіл? Тіпті отырмаған күнде де ол әлгі байқауды теледидар арқылы көруі мүмкін. Мейлі, тіпті педофил көрмеген күннің өзінде біз баланың балғын түрін бизнеске айналдыруға өзіміз есік ашып бермейміз бе? Бұл жөнінде психолог пікіріне құлақ түрсек.
Әбдуәли МӘМЕДІЛ, психолог:
– Психопатологияда жалаңаштануды жақсы көретін құмарлар және оны көрсеткісі келіп тұратындар бар. Көргісі кеп тұратын визуалистер жас балалардың тәнін көрсеткен кинолар, суреттерді көрумен құмарын қандырып, ләззат алып қана қойып, ешқандай зиян келтірмейді. Ал екінші топ тәнді көрсеткісі кеп тұратындар кішкентай балаларды ішкиіммен сән тұғырына, сахнаға шығарып жүрген ұйымдастырушылардың арасында болуы мүмкін. Сәбилердің жетістігіне мақтау айтып, қошемет білдірсек, олар сол іске ынталана түседі. Болашақта да ешқандай еңбек етпей, тәнін көрсететін, сәнді киім үлгісін көрсететін салаға кетеді. Шындығында, сол сән саласындағылардың басым бөлігі – осындай патологияға ұшырағандар. Бұрын ата-бабаларымыз баланы алдымен киіндіріп, көз тимесін, ұшықтанбасын деп үкі таққан. Ал сән байқауын ұйымдастырушылар барлығын керісінше істеп отыр. Түптің түбінде бұл баланың психологиясына кері әсерін береді. Мектептегі болсын, басқа да балаларға арналған сән сынын ұйымдастыруды министрлік тарапынан тыю керек. Үлкендер өздерінің киім тігу, киім үлгісін көрсету өнерін көрсеткенімен, жас балаларға бұл қылмыспен парапар. Баланың ұялу қасиетін де жоюы мүмкін.
Түйін
«Қызға қырық үйден тыйым, қала берді, есік алдындағы күңнен тыйым» деген халықтың ұрпағы неге ұсақталып кеттік? Неге бүгін өз қаракөз қарындасын қара домалақ ағасы қорлайды? «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, бәлкім, баланы жалаңаштап берген өзіміз кінәлі шығармыз? Негізі, «Билеуші – билеуші, ал бағынышты – бағынышты, әке – әке, ал ұл ұл болуы керек» деген Конфуций сөзін ескерсек, әркім өз орнында қоғам бақытты болатыны түсінікті бола қояды. Ендеше, баланың ең пәк, ең алаңсыз шағын ұрламай, керісінше, оның ұзағырақ бала болуына, санасының тұнық болып қалыптасуына жағдай жасайық та. Осы ретте Мұқағалидың: «Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ, Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге» деген сөзін неге әр қазақ өз жүрегіне ұран етіп жазбасқа?