«Үркер» үміткерлерді іздейді
Әдебиет – қашан да қамқорлыққа зәру. Әсіресе, жас қалам иелерін ынталандыру жағы бізде кемшін. Оның үстіне, қазіргі ақпараттық қоғамда әдеби-танымдық басылымдар некен-саяқ. Болса да таралым ауқымы тар. Қазір бұрынғыдай мемлекеттік дәрежедегі мүшайралар, түрлі әдеби конкурстар өткізіле бермейді. Осы олқылықтардың орнын белгілі бір әдеби басылымдар, қоғамдық ұйымдар шама-шарқыларынша толтыруға ниеттеніп келеді. Әлбетте, қалам ұстаған жастардың тұсауын кесіп, көпшілік оқырманға таныстыру – ол ең алдымен әдеби ортада қалыптасып үлгерген аға буын қаламгерлердің міндет-парызы. Осы орайда, қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан «Үркер» әдеби басылымы шығармашыл жастар арасында арнайы бәйге жариялап отырғанын айта кеткен жөн. «Қазақ газеттері» деп аталатын серіктестікке қарайтын «Үркер» журналы аз уақыттың ішінде руханият саласына жаңа қадам басқан талай жастың есімін қалың көпшілікке қолынан келгенше танытып келеді. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Осы мақсатты берік ұстанған басылым енді жас қаламгерлер үшін «Үркер-Үміт» бәйгесін жариялап отыр. Таланттылар тартысқа түсетін бәйгеге жасы отыз беске дейінгі ақын-жазушылар ғана қатыса алады. Поэзия жанры бойынша әр автор кез келген тақырыпта үш өлеңмен, прозашылар бір әңгімемен ғана қатысуға мүмкіндігі бар. Бәйге қорытындысы осы жылдың желтоқсан айында арнайы қазылар алқасының шешімімен шығарылатын болады. Шығармалар «Үркер» журналының редакциясында (Алматы қаласы, Абай даңғылы 143, 622 бөлме (Urker@mail.ru) қабылданады. Сарапшылардың сұрыптауынан өткен таңдаулы туындылар мүмкіндігінше журнал бетінде жарияланып тұратын болады.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Үркер» журналының бас редакторы, жазушы:
– «Үркердің» дүниеге келгеніне екі жылдай ғана болды. Бұл басылым жастардың әдеби-мәдени ғана емес, қоғамдық-саяси журналы ретінде таныла бастады. Журналдың тұңғыш беташар санында көрнекті жазушы ағамыз Әбіш Кекілбаев «Үркер деген самала шоқ жұлдыз, сондықтан да «Үркердің» бетіне шыққан жастар жарқылдап көрінсін!» деген бата-тілегін айтқан болатын. Міне, біз қазір осы бағытты ұстанып келеміз. Сол себепті ең талантты деген, баспа бетін көре алмай, жарыққа шыға алмай жүрген жас қалам иелеріне өз тарапымыздан ерекше ықылас танытып, олардың шығармашылық жолдарының ашылуына мүмкіндік береміз.