Ұлытау ұланының туғанына – 80 жыл
Көрнекті жазушы-публицист, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ киносы мен телевизиясының талантты ұйымдастырушысы Камал Смайылов тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматты еске алу кеші Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өтті.
«Қазақфильм» киностудиясының ұйытқы болуымен өткізілген әдеби-сазды кешке Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, «Қазақстан» корпорациясының басқарма төрайымы Нұржан Жалауқызы, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев, «Ел арна» телеарнасының директоры Айгүл Мүкей, «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхамед, Тағамтану институтының директоры, академик Төрегелді Шарманов, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, жазушы Жұмабек Кенжалин, ақын Жүрсін Ерман, ақпараттың ақ мылтығы Нұртілеу Иманғалиұлы, жазушы Дидар Амантай және тағы басқа қазақ өнері мен әдебиетінің, баспасөз бен теледидарының көшбасында жүрген ірі тұлғалар қоғам қайраткерінің рухына тағзым ете келіпті.
Талантты режиссер Жаңабек Жетіруовтың күллі қазақтың түп қазығы, орда тігер орталығы – қасиетті Ұлытаудан түлеп ұшқан дарынның өмірі мен шығармашылығы туралы әсерлі деректі фильммен басталған шара көрерменді ән мен күйдің бесігінде тербетті. Әнші Ерлан Төлеутай Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқасын» шырқаса, қобызшы Саян Ақмолда Ықыластың «Ерден» күйін қобыздың қыл шегімен боздатты. Белгілі күйшілер Мұрат Әбуғазы (Халық күйі «Ақсақ құлан») мен Нүркен Әшіров (Нұрғиса Тілендиевтің күйі «Әлқисса») қара домбыраның құдіретті қуатымен көпшілікті дүр сілкіндірді. Заманының заңғар тұлғалары Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір-біріне баспасөз арқылы жазған әйгілі хаттары турасында шағын қойылым да халықтың көңіл пернесін дөп басқандай әсер етті. Шара соңында ұлық тұлға рухына арналып ас берілді.
Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның халық әртісі:
– Иық тіресіп қатар жүрген Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Әзірбайжан Мәмбетов, Шота Уалихановтар нағыз қазақтар еді. Әр халықтың көшін алға сүйрейтін қадау-қадау тұлғалары болады. Сондай қазақтың ірі перзенттерінің бірі – Камал Смайылов. Оның «Қазақфильмді» басқарып тұрған кездегі жасаған жұмыстары – мәңгілік азық болып келеді. Ол «Қазақфильмді» басқарған жылдары «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Құлагер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» тәрізді үздік дүниелер жарыққа шықты. Орталықтағы басшылар «Қыз Жібекті» экрандауды қырғыздарға бермек болып, «қазақтар – аграрлық ел, олар ауылшаруашылығын жетістіріп түсіріп алсын» дегенде Камал бар күшін салып «Қыз Жібекті» режиссер Сұлтан Қожықовқа алып бергені әлі есімде. Оның қазақ руханиятына сіңірген еңбегі орасан.
Төрегелді ШАРМАНОВ, академик:
– Камал екеуміздің достығымыз бастауыш сыныптан басталып, өмір бойы жалғасын тапты. Оның ақкөңілдігі, адалдығы, әділдігі айнымас темірқазықтай көрінетін. Қазақтың «қайда жүрсем жақсының жанындамыны» тікелей Камалға қатысты сияқтанады да тұрады. «Қазақфильм» директоры және Госкино төрағасының орынбасары болып жүргенде, ол көркемдік кеңестің мүшелері атақты Ғабит Мүсіреповты, Шәкен Аймановты, Әбдіжәміл Нұрпейісовті, Олжас Сүлейменовті, Қалтай Мұхамеджановты, Әнуар Әлімжановты және тағы басқа қазақ мәдениетінің марғасқаларын ұйымдастырып іс жүргізе білді. Нағыз таланттардың жарқырап көрінуіне барынша жағдай жасай білді. Кеңестік жүйе құрсауының өзінде ұлттық мүддеге берік болды.
Шерхан МҰРТАЗА, жазушы:
– Қазіргі кен шығып жатқан Жезді жері бір кездері Камалдың бабасы Бабырдың иелігінде болыпты. Сол Бабырдың асыл текті сойы еді – ол. Ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп кеткен азаматын Алаш жұрты ұмытпақ емес. Оның іске мығым, телегей теңіз білім иесі екендігін бәрі біледі. Ал досқа беріктігі де – бір төбе. Жүректегі дертіне қарамастан, ауруханада жатқан жан досы Төрегелдінің жағдайын сұрай барып мәңгілікке сапар шеккені – соның айқын дәлелі.
Сәлім СМАЙЫЛОВ, Камалдың ұлы:
– Әкемнің уақытының көбі жұмыста өтетін. Бір анығы – ешкім туралы жаман сөз айтпайтын. Тіпті өзіне қастандық жасаған адамдар жайында да жағымсыз көзқарасын білдіре бермейтін. Әсте өзі талантты болған соң, күңкіл сөздерге мән бермейтін болуы керек. Оның өмірге құштарлығы керемет еді. Мені жазда Ұлытаудағы әжеме жіберіп тұратын. Қазір бақсам, қазақы тәрбие алсын деген оймен сөйтеді екен.