Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі Еуропа халқын өнерімен тамсандырды
Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі бүгінде еліміздегі іргелі өнер ұжымдарының бірі. Өткен жылы оркестр екі рет Астана қаласында арнайы шақырумен болып, өнер көрсетті. Ал халықаралық мейрам - Наурыз мерекесі қарсаңында қазақ мәдениетін насихаттау мақсатында гастрольдік сапармен Германия, Түркия, Австрия елдерін аралап қайтты. Ұлттық өнерді ұлықтаған ұжымның бұл сапарына Атырау облыстық әкімшілігі демеушілік көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған делегацияны алдымен Түркия елі қошеметпен қарсы алды. Делегация құрамында «Алаш айнасының» тілшісі де болған.
ТҮРІК ЕЛІН «СЕРПЕР» СЕРПІЛТТІ
«Дина оркестрінің бұл сапары қазақ-түрік халықтарының арасындағы мәдени бірлестікті нығайтты. Наурыз мерекесі тұсында болған бұл өнер тойы қазақ халқының дәстүрлі өнерін танытып, шетелдік көрермендерді тәнті етті».
(Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Қазақстан Республикасының Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі).
Маниса қаласы – Осман мәдениетінің кіндігі аталатын шағын шаһар. Мұндағы муниципалитет мәдени Орталығына жиналған Түркиядағы елшілік өкілдері мен зиялы қауым қазақ елінен барған өнерпаздарды жылы шыраймен қарсылады. Түркештің атақты «Көңілашарымен» басталған концертті көрермен бір жарым сағат уақыт бойы тапжылмай тамашалады. Өнер ұлтқа бөлінбейді дегенмен, әр халық өздерінің ұлттық әуені мен сазына елітетіні сөзсіз. Егер ол әуенді басқа халықтың ұлттық аспабымен орындауында тыңдаса, әсер мүлде бөлек. «Дина оркестрі түрік әуендерінен попурри ұсынғанда, көрерменнің қошеметі тіпті керемет болды, – дейді Қ.Дүйсембай. – Философиялық тұжырымға толы терең сарынды шығарма – «Қорқыттың күйін» де зал сілтідей тынып тыңдады. Еліміздегі үкіметтік концерттердің өзінде репертуардан түспейтін Құрманғазының «Адай» күйі де түрік жұртына толайым әсер сыйлады. Өнер саласының үздігі Қайрат Какимов Мұхиттың «Айдайын» әуелеткенде, қол соқпаған жан жоқ. Оркестр орындауындағы В.Моцарттың «Түрік маршы», Н.Тілендиевтің «Махамбет поэмасы» да шоқтығы биік шығармалар қатарында қошеметке ие болды.
Концертімізге арнайы келген Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев пен Маниса қаласының әкімі сөз алып, алғыстарын жеткізді.
Келесі күні атыраулық өнер делегациясы Түркияның тарихи қаласы Стамбулдағы әйгілі «Топқапы» алаңындағы Наурыз мерекесіне арналған бас концертке қатысты. Бұл концертті 15 млн. халқы бар Стамбулдың әкімі Қадір Тойбаш мырза, Стамбулдың жақсы-жайсаңдары мен қонақтары тамашалады. Содан соң Топқапыда тігілген қазақ киіз үйіне кіріп, Наурыз көжеден дәм татты. Сол күні кешке оркестр Стамбулдың қазақтар көбірек қоныс тепкен Зейтинбурну ауданында концерт қойды. Атыраулық өнерпаздарды бастап барған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: - 250 млн. халқы бар түркі әлеміндегі жері ең көп-Қазақстан, халқының саны көп-Түркия. Осы екі мемлекеттің арасын географияда Каспий мен Қара теңіз бөліп жатқанымен, бір-біріне деген бауырмалдық сезімін он ғасырлық уақыт та бөле алмаған. Экономикалық байланыс кәсіпкерлерді жақындастырса, мәдениет халықты бауырластырады. Түрік халқына Қазақстан халқының ыстық ықыласы мен мерекелік музыкалық сәлемін қабыл алыңыздар!,- деді концерттің ашылу салтанатында.
Құрманғазының «Серперімен» шымылдығы түрілген бұл концерттік бағдарлама да тыңдаушыларды бір серпілтіп тастады. «ҚР Мәдениет қайраткері Маржан Төреханова Л.Хамидидің «Қазақ вальсін» шырқағанында, үлкен залдың іші тербеліп кеткендей болды, - дейді оркестр директоры Қамбар Дүйсембай, - Белгілі күйші Ғатау Ібішов «Мұнайшы» атты өз шығармасын жоғары дәрежеде орындауымен ерекшеленді. Этномузыка танушы, күйші-композитор Ақнар Шәріпбаева Қорқыттың «Қасқырдың ұлуы» шығармасын жоғары деңгейде жеткізе білді. Республикалық байқаулардың жүлдегері Аманжан Басығариев Н.Тілендиевтің «Өз елім» әнін орындағанында, тағдыр жазуымен Түркия елінде өмір сүріп жатқан қандас бауырларымыздың толқыныс үстінде болғанын аңғардық. Жалпы қай елде, қай қалада, қай концертте болмасын, біз сол елдегі қандас бауырларымыздың Қазақстанға деген сағынышын, махаббатын байқадық. Тіпті олардың көпшілігі біз келеді дегенді естіп, күтіп алып, шығарып салып, бәйек болды».
ШТРАУС ШЫҒАРМАСЫ ҚОС ІШЕКТЕН ТӨГІЛДІ
«Күй анасының атымен аталатын атыраулық оркестрдің концерті неміс жерінде табысты өтті. Оркестрдің өнерін тамашалуға мыңға жуық көрермен келді. Германиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан көшіп келген азаматтар тебіреністерін жасыра алмай, алғыс айтуда. Ел мен елдің арасын жалғайтын мұндай мәдени көпірлер көп болса, нұр үстіне – нұр».
Нұрлан ОНЖАНОВ, Қазақстан Республикасының Германиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
-Түрік еліндегі концерттен кейінгі зор қошемет пен ықылас-пейілді Германия астанасы Берлин қаласына табан тірегенде де жете сезіндік, - дейді оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Орақ Жауыров, - Жалпы мұндай мәдени сапар тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда алғаш рет болып тұрғанын баса айтқым келеді. Сол үшін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке деген алғысымыз шексіз. Біз аймақ басшысының артқан сенімін лайықты ақтай алдық, көздеген мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Ұлттық аспаптарымыздың нағыз мерекесін жасадық, шетелдік талғампаз көрермен назарына қазақтың ұлттық әуенінің ғажайыптығын жеткізе білдік, орындаушылық шеберлігіміздің де жоғары екенін көрсеттік. Бұл аз жеңіс емес. Осындай өнер мерекесінің Наурыз тойымен тұспа-тұс келуі де біздің сапарымыздың мәнін арттыра түсті. Мысалы, Түркияға барғанымызда, Наурыз тойы өтіп жатты. Наурыз атап өтілген қалашықта бірлі-жарым өнерпаздар келіп, ән айтып, би билеп кетіп жатса, біз алпысқа жуық әнші-күйші болып, той көрігін қыздырып жібердік. Сол елдегі қандастарымыз әсіресе қатты қуанды. Олардың жүздеріндегі шаттықты көріп, біз де шабыттандық».
Берлиндегі өнер университетінің үлкен концерт залына да мыңнан астам көрермен жиналған. Оның ішінде Федералдық Үкімет және Германиялық Бундестаг өкілдері, Берлиннің муниципалдық билік басшылығы, Германияның қоғамдық-саяси және іскерлік орта өкілдері, Германияда аккредитталған дипломатиялық корпус пен зиялы қауым болды. Германиядағы Қазақстан Республикасының елшісі Нұрлан Онжанов пен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан кіріспе сөзбен концертті ашып, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениеті жөнінде таныстырып өтті. Мұнда да Түркештің «Көңілашарымен» басталды концерт. Неміс елінің тыңдармандары әсіресе оркестр И.Штраустың «Аңшылар полькасын» қазақтың ұлттық аспаптарына қосып орындағанда, ерекше риза болды.
Жалпы Германия мәдениетке ерекше көңіл бөлуімен де ерекшеленетін мемлекет. Бір ғана Берлиннің өзінде 200-ден астам жекеменшік сурет галереясы, 150 театр жұмыс жасайды, онға жуық филармониялық оркестр бар. Өркениеттің озық үлгісімен жабдықталғаны өз алдына. Осындай талғампаз тыңдарман алдында өнер көрсету де оңай емес.
«Берлиндегі этнология мұражайында өткен Наурыз тойында оркестр мүшелері өнер көрсетті, – дейді Орақ Жауыров. – Германиядағы Түркия елшілігі ұйымдастырған мерекеге де қатыстық. Мюнхен қаласында біз ұсынған бағдарлама жоғары бағаға ие болды. Тағы бір атап өтерлігі, қай елде, қандай концерт берсек те, ұйымдастырушылар тарапынан жауапкершіліктің үлкен болғаны және концерттен кейін де тарқап кетпей, көрермендерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері жөнінде мағлұматтар беріп, ұлттық тағамдарымыздан дастархан жайылды».
ҚАЗАҚША «КАРМЕНГЕ» - ҚОШЕМЕТ
«Венаның әлемдік музыка өнеріндегі орыны баршаға әйгілі. Атыраудан келген оркестрдің шырқаған әні мен шерткен күйі Вена қауымын риза қылды. Өткен жылы Австрияда Қазақстанның мәдени күндері өтіп еді. Биыл Австрия өнерпаздары Қазақ еліне өнерін алып барады. Халықтар достығын, бірлігі мен берекесін арттыратын осындай шаралардың легі жалғасын таба берсе дейміз».
Қайрат САРЫБАЙ, Қазақстан Республикасының Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі:
–Мәдени сапардың соңғы нүктесі Австрия астанасы Вена қаласында қойылды. Өнер мерекесін елші Қайрат Сарыбай ашып, Қазақстан-Австрия арасындағы достық қарым-қатынастың тіні үзілмейтінін ерекше атап өтті. Австрия сыртқы істер министрлігінің мәдени байланыстар комитетін басқарып отырған Тереза Инжайн да сөз сөйлеп, осындай мәдени шаралардың ел мен елді жақындастырып, рухани байланысын нығайтуға септігі зор екеніне тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: - Симфониялық оркестрді әлемнің кез келген елінде тыңдай аласыздар. Ал ұлт-аспаптар оркестрі екі-үш елдерде ғана бар. Қазақстан-ұлттық аспаптарын сақтап қана қоймай, төл өнерін әлемдік музыка көшінен қалдырмай дамытып отырған елдердің бірегейі. Ұлт-аспаптары оркестрі орындаған бұл концертке Венада тек бүгін және қазір куә бола аласыздар. Бүгінгі кештің маңыздылығы да осында.
Австриялық көрерменді Дж.Бизенің «Кармен» операсына увертюрасының қазақтың ұлттық аспаптарымен орындалуы ерекше әсерге бөледі. «Мәдениет қайраткері» Рахила Құлсариева дирижерлік еткен И.Брамстың «№5 Венгр биі» де тыңдарман қошеметіне ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымовтың дирижерлігімен орындалған Құрманғазының «Серперін» шетелдіктер сілтідей тынып тыңдады. Жоғары орындаушылық шеберліктеріне риза болысты. Сондай-ақ, Ақмарал Ноғайбаева, Бауыржан Ақтаев, Гарибжан Мұқанғалиев, Серікқали Тәжіғалиев, Гүлжазира Әуезова мен Арман Жайым секілді солистердің өнерлері де талайға таңдай қақтырды.
Осы сапарға барған «Қазақстан» телерадио корпорациясының облыстағы бөлімшесінің басшысы Асқар Әшімов те бізге өз әсері жайлы баяндап берді. «Біздің оркестр шетелдік көрерменді мойындатты, – дейді ол. – Әсіресе шет мемлекеттердегі қазақ бауырларымыздың қуаныштарында шек болмады. Германия тұрғыны Сүлейман Шадкам Берлиндегі концерттен соң әсерінен арыла алмай, Венадағы концерттік бағдарламаны да арнайы келіп көрді. Қазақ өнерін тамашалау үшін Берлинге Швейцария елінің азаматтары арнайы келіпті. «Бұған дейін де қазақ елінен бірлі-жарым өнерпаздар келіп, концерт бергендерімен, мұндай үлкен құрамда және жоғары орындаушылық шеберлікте келген ешкімді көрмедім», – деп қуанышын жасыра алмады Сүлейман».
Хош, «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» болған бұл мәдени сапар да мәресіне жетті. Күй анасы Дина атындағы оркестр мен делегация мүшелері елге оралды. Айтар әңгімелері де көп, алған әсерлері тіпті керемет. Бастысы, ел мен елдің арасын жалғайтын өнер деген алтын қазына тағы бір қырынан жарқырап көрінді. Шетелдегі талғампаз тыңдарман төрткүл дүниенің бір бұрышында қазақ деген ел барын, оның ұлттық музыкасы да заманмен бірге дамып келе жатқанын білді. Таныды. Мойындады. Қызықты. Қол соқты. Бұл ешқандай да ақшаға сатып ала алмайтын қазына.