Ұлттық жәдігерлер көрмесі көктемгі мерекелерге арналады
Алматының Орталық көрме залында «Сүйіктілерге арналған сыйлықтар» атты жәрмеңке ашылды. Көрме 8 наурыз әйелдердің халықаралық мерекесіне арналып отыр.
Алматыда ұлттық бұйымдарды шығаратын «Әдемі-ай» компаниясы «Ұлт жауһарлары» атты көрме өткізді. 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мен төл жаңа жылымыз 22 наурыз мерекелері қарсаңында ұйымдастырылған бұл көрмеде қазақ елінің арғы-бергі тарихын бейнелейтін түрлі картиналар, ұлттық қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, тоқыма өнімдері, жаугершілік қарулары мен саз аспаптары үлгісінде жасалған флеш-карталар көпшілік назарына ұсынылды. «Әдемі-ай» компаниясы соңғы 10 жыл көлемінде ұлт мұраларын заманауи технологиялармен жаңғыртып, халқымыздың салт-дәстүріне сай жасалған кәдесыйларды халыққа ұсынып келеді. Еске сала кетсек, 2010 жылы «Әдемі-ай» компаниясының директоры, өнертанушы, коллекционер Бахаргүл Төлегенқызы 1000-нан астам жәдігер қойылған «Әдемі-ай» өнер мұражайын ашқан болатын. Бүгінге дейін мұражай көне жәдігерлермен толыққан.
Бахаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Әдемі-ай» компаниясының директоры, ҚР мәдениет қайраткері, танымал топтамашы этнограф:
– Мақсатымыз – халқымыздың ұлттық құндылықтарын бүгінгі заманға сай қайта жабдықтап, оны көпшілікке ұсыну, тапсырыс берушінің талаптарын толыққанды орындап, ерекше дизайн жасап, жоғары дәрежеде қызмет көрсету. Бүгінгі көрмеге қойылған заттар – дизайнерлеріміздің соңғы алты ай бойы істеген жұмысының жемісі, нәтижесі. Көнеден келе жатқан ұлттық бұйымдарымыздың мұртын бұзбай, табиғи қалпын сақтай отырып, заман талабына сай, соңғы үлгіде жасап шығарып, халыққа ұсынып отырмыз. Тіпті қолданыста ұмыт болып бара жатқан, әжелеріміз таққан өңіржиек, құдағи жүзік, шашбау, шолпы секілді асыл мұраларымызды жаңғыртып отырмыз. Мұны мен Алматы қаласы тұрғындарының алдында есеп беру көрмесі деп есептеймін.