Ұлттық тәрбиенің тұнығы лайланып жатыр

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...», – депті. Баукеңнің қорқынышы бекер емес екен. «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген қазақтың асқан даналығы бұл күні адырам қалды. Әкенің жағасына жармасқан ұл, шешенің бетінен алған қыз өсіп келеді. Батыс қызға – бетпақтықты, ұлға ұждансыздықты үйретті. Қазақтың қадірлісі мен қастерлі әдет-ғұрпы күресінге шықты. Оның «мәуелі жемісі» – тал түсте көшенің қақ ортасында аймаласқан, саябақта талтайып жатқан қыз бен жігіт. Жылап-сықтайық деп отырғанымыз жоқ. Ергеншексіз қалған тәрбие турасы хақында сөз етпекпіз.
Иесі нашар үйдің қонағы билейтіні секілді, батыстың баса-көктеп енген көшелік жабайы мәдениеті күнделікті өмірімізге әбден сіңіп болды. Қара­пайым тұрмысты ғана емес, сананы басып алды. Теледидардан да, қара­пайым тұрмыстан да батыстың жаман әдеттерін көре-көре көзіміз үйренді. Етіміз өлді. Сағызша созылған сериал­дар теріс тәрбиеден басқа тәлім беріп жатқан жоқ. Оған балаларымыз күн ұзақ көретін шетелдік мульт­фильм­дерді қосыңыз. Онда тәрбие тіпті теріс. Мульт­фильмдегі ата-анасының орны ауысып кеткен. Американың қай мульт­фильмдерін алсаңыз да, әкесі ыдыс жуып, тамақ істейді. Шешесі кө­ше қы­ды­рып, қызметте жүреді. Не бол­маса, басты кейіпкер баланың не әкесі, я ше­шесі жоқ. Менталитетімізге мүлде жат дүние.
Мультфильмдегі баланың әкесі үнемі ыдыс жуып жүретінін көріп отыр­ған төрт жасар қызымның өзі ерсі көрді мұны. «Неге папалары ыдыс жуып, тамақ жасап, кухнядан шық­пай­ды? Біз­дің папамыз өйтпейді ғой?» – деп сұрай­ды. Ойланып қалдық. Расы­мен, баланы неге тәрбиелеп жүрміз біз? Кішкентай баланың өзіне өрескел көрінген, ділімізге қайшы тәрбиені осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл – ба­ла­ларға арналған мульт­фильм­дер ха­қын­да. Ал үлкен­дер өліп-талып көре­тін сериалдың соры – бес елі.
Әсіресе түріктің сериалдары жал­пақ жұртты жынды қылуға ай­нал­ды. Бірінің әйелін бірі кезек­тесіп ала беретін, беттері бүлк етпей, бір-біріне опасыздық жа­сай­­тын, я ар-ожданын ақшаға са­тып жі­бере­тін ұл-қыздары туралы сериал­дарды түріктердің өзі көре ме екен?! Жоқ! Түріктерге бұл сериалдар туралы айтсаңыз, төбе шашы тік тұрады. Түркияға жолы түскен бір танысымыз айтады. Сон­да­ғы туристік қызметпен айна­лы­сатын түрік­терге әңгіме арасында «Мың бір түн» секілді бірқатар сериалдарын ата­са керек. Қолдарын төбесіне қойып: «Атама! Ол – көргенсіздік, өтірік. Ондайға біздің әйел заты бармайды», – десіпті. Өздері көрген­сіз­дік ретінде танитын сериалдарды біздің елге дәріптеудегі мақсат не? Онсыз да қыз – қы­лықтан, ұл ерліктен құралақан қалған жоқ па?
Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ, педагогика және пси­хо­логия ғылымдарының докторы, Қазақ­станның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, профессор:
– Қоғам, жас ұрпақ тәрбиесі де­ген­де бірінші орында психология тұрады. Себебі тәрбие дегеннің өзі – тұнып тұрған психология. Адам өзін-өзі таны­май, жан-дүниесін білмей жатып, дұ­рыс тәрбие ала алмайды. Ал егер қазіргі қоғамдағы жас ұрпақ тәрбиесі мәселесіне не жетіспейді десек, жалғыз айтарым, психология жетіспейді. Өске­лең ұрпақтың сана-сезімі өзгерген, за­ман бір орында тұрып қалмайды. Уақыт өтеді, адам өзгереді, қоғамның талабы да осыған орай бір қалыбын сақта­май­ды. Мысалы, педагогикада түрлі жур­нал­дар бар, оқылып, айтылып жүр. Демек, біз педагогика саласында ұлт­тық көзқарасты тудыруға атсалысып ке­леміз. Бірақ ұлттық сана-сезім бол­ма­ған жерде педагогика ма, басқа ма, үстемдік таныта алмайды.

Ерліктен құралақан дегеннен шығады. Күзде Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Доскей ауылына қарасты әскери бөлімнен екі бірдей сарбаздың қашып кетуі жалпақ жұртты дүрліктірді. Әскери бөлім аяғынан тік тұрып іздеді. Сөйтсе, әлгі екі сарбаз әскери борышын тастап, Аста­наға «қыдырып» кетіпті. Қашқындар Астанадан табылды. Бар-жоғы біржылдық әскери қызметке шыдай алмаған жігіттер жігіт пе, әлде мігіт пе? Махамбетше айт­қан­да, «қабырғасын бір-бірлеп сөксе де, қабағын шытпайтын ердің» аздығының көрінісі емей, немене?
Ұлттық тәрбиеден ада қалғанымыздың бұдан да өткен сорақы мысалдары бар­шы­лық. Ақыл-есі түзу әкесін дәрі беріп ұйық­татып, жүйке аурулар ауруханасына тап­сырған қыз да, әкесін ұрып өлтірген ұл да бар қазір. Аты-жөнін түстемей-ақ қоялық. Бірақ 80-дегі әкесін жындыханаға тоғыт­қан қыз туралы естіген ел жағасын ұстаған жағдай болған. Сау адамды ауру қылған туған қызымен күресті бастаған ақсақал осы күні жүйке аурулар ауруханасының бас дәрігерін сотқа берді. Адвокат та жалдады. Бұл – Теміртау қаласында орын алған оқи­ға. Ұлттық үрдістен, қазақы тәлім-тәр­бие­ден қалыс қалған қаладағы ахуал.
Осы күні таңғалудан қалғанбыз. Өйт­ке­ні «қазаннан қақпақ кетсе, иттен де ұят кететіні» рас. Қазіргі қоғам қақпағы жоқ қазан сияқты болып тұр. Оған сырттан ит те, құс та үйір. Тұмсығын тығып, былғап жатыр. Түрлі сектасы бар, алуан жабайы мә­дениеті бар.
Қазақта «ұят болады» деген ұғым, түсінік болған. («Болған» деп өткен шақта айтуы­мызға жоғарыдағы аталған жағ­дай­лар себеп). Басқа өзге бір ұлт та жоқ. Қазақ баласын жасынан кешегі күнге дейін сол «ұят боладымен» тәр­биелеп келді. Сон­дық­тан ибалы, инабатты, арлы, ұятты бо­лып ер жетті. Бүгін сол халықтың «ұят бола­дысы» кеміп, «онда түрған дәнеме жоғы» көбейді. Соның салдары – көргенсіздік.
Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ, саяси ғылым­да­р кандидаты, мәдениеттанушы:
– Қандай болмасын, ілім-білімнің бастауында қайнар көзі ретінде әдет-ғұрып, салт-дәстүр тұр. Батыста ол жоқ, құрдым болған. Неше ғасыр бұрын көшеге шағарып алған әйелдерін енді үйге кіргізе алмай әлек. Оны гендерлік саясат аясында жүргізіп жатыр. Бізде бәрі керісінше, ер-азаматпен тең болуы тиіс деп, үйдегі әйелді түзге шығардық. Содан баланың тәрбиесінде басты рөл атқаратын ана күндіз-түні дала безер болды. Сонда бала тәрбиесіз болма­ған­да қайтеді? Оны тәрбиелейтін ана­сы ер-азаматпен қатар шылым шегіп, шарап ішеді. Гендерлік теңдіктің жеткен жері. Ол аз дегендей, шалбарын да тар­тып алды. Шыны керек, қазір ұлттық құн­дылықтардың қадірі кеміді. Оны мойын­дау керек. Еліктеу, солықтау елдің дәстүрін ірітті. Халқымыз үшін мас­қара, сұмдық саналатын жат әдет­тер жайлап алды.

Бұл – қалың қайғының бір қатпары ғана. Қайда бара жатырмыз? Қазақтың тап-тамаша қалыбы қайда қалды? Ойла­нып көрелікші... Ұят болмас үшін...
Зәмзагүл АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, балабақша тәрбиешісі:
– Қазіргі кезде бала тәрбиесі төңі­регіндегі кемшін тұстар туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Шын мәнінде, бала тәрбиесінде орасан күшке ие – теледидар бағдарламалары, темір жәшіктегі алданатын виртуалдық ойын­дар. Бәрі-бәрі – шетелдің туындылары. Қазақи таным үшін жат дүниелер. Қазір­гі қазақ отбасыларындағы сәби­лер соларға қарап шүлдірлеп, өсіп келеді. Елімізде кейінгі буын үшін қаза­қи тәрбие құралына айналар бағ­дар­ла­малар, кинолар, мульт­фильмдер түсі­рілмей кетті. Жат елдің дүниесі қазақ балапандары үшін азық болмасы анық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста