Ұлттық тәрбие тіні шежіреде жатыр
Ұлт ұрпағына тәрбие беруде өткеннің қайнарынан нәр алып, яғни ата-бабамыздың бала тәрбиесіндегі асыл қасиеттерін келешек жастарға жеткізе отырып тәрбиелеуіміз қажет. Біздің ата-бабамыз қайдан, қалай келді, қандай адамдар болды дегенді ғылым арқылы танып-біліп, оларға түсіндіруіміз керек. Сонда ғана біздің болашағымыз баянды, келешегіміз кемел болмақ. Шежіре тарқатқан қазақ тәрбие мен денсаулықты әмәнда бірінші орынға қойған.
Жастарымыз жеті атасын біле ме?
Шежіре, бұл – тікелей ер адамнан тарайтын ұрпақ бойынша ататекті жазбаша ұсынатын қазақтардың, сонымен қатар өзге де түркі тектес халықтардың генеалогиялық кестесі. Шежіре (арабша шаджара – бұтақ, тармақ) – халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Шежіре, шын мәнінде, рудың, тайпаның, халықтың тарихының құрамдас бөлігі. Тарихи ата салты бар халықтар жеке отбасының, әулеттің, атақты қолбасшы, мемлекет қайраткерлерінің шежіресін жасауды салтқа айналдырған. Шығыста бұл салт Қытай елінде өте ерте дамыған. Онда сол мемлекетте, көрші елдерде күнбе-күн басты оқиғалар «хроника» есебінде жазылып отырған. Осылай өз тарихының деректі негізін жасаған. Көрші Ресейді патшалардың, текті сословиелердің, жеке дворян әулеттерінің шежіресін жасау салты қалыптасқан.
Қазақ халқында ата шежіресі ерте кезден бар. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ер жеті рулы елдің қамын жер, жалғыз өзін білген ұл құлағы мен жағын жер» деген аталы сөздер – соның айғағы.
Жеті атада үлкен сыр бар. Әрбір ұрпақтың арасын 25-30 жастан десек, ол –175-210 жыл. Бұл – бір адамның жеке басының тағдыры арқылы оның ата тегін білетін, өз ортасының белді мүшесі екенін байқататын фактор. Шежіре арқылы оның тегі, атақонысы, Отан қорғаудағы орны т.б. болмысы білінетін болған. Қазақ жігітінің үш жұрты бар: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Шежіре де осы үш жұрттың динамикасын көрсетіп, соның нәтижесінде барша халықты тану қалыптасады. Бұл дегеніңіз тұтас бір ұлттың, халықтың тарихи сырын ашуға бірден-бір қажетті дәйектер болмақ. XIII ғасырда Алтын Орда хандары шежіре тарқатуды бекзат өнердің бірі ретінде бағалап, хан тұқымдарының шыққан тегін жақсы желілеп, мүдірмей айтатындарды сарай шежірешісі деп ардақтап отырған. Шежірешінің беделі әр кезде ел билеген әкімдерден кем болмаған. Оған қоса шежіре – тірі тарих. Шежірені тарам-тарам таратып отыратын қарттар қай атаның тұсында қырғын болғанын, қай атаның тұсында жұт болғанын, қай атаның тұсында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болғанын қолмен қойғандай етіп айтып отырады. Өкінішке орай, ондай қарттар қазір жоқтың қасы.
Ал XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандар дербес Қазақ мемлекетін құрған кезде шежіреге одан сайын мән беріп, оған бекзат өнер деп қана қарамай, ішкі астарына үңіліп салауаттылыққа бастайтынын түсінуге тырысты. Елдің негізгі тірегі ұлт болса, оның ұрпағының сау болуы елдің дамуы үшін өте маңызды екенін жақсы түсінді. Мемлекетті нығайтудың бірден-бір жолы қоғамның әрбір мүшесінің денінің саулығында екенін басшылыққа алып, билер кеңесімен мақұлданып, бүгінгіше айтқанда, арнайы тұжырымдама дайындалды. Ол неден, қалай басталып еді – соған тоқтала кетейік.
Бірде Әз-Жәнібек хан кеңесшісі Жиренше шешеннен әр нәрсені сұрап отырып, одан: «Бізде қара үзген шипагер бар ма?» – деп сұрайды. Сонда Жиренше: «Тақсыр, өзі білгі – алдыңызда, білмесеңіз – қарызыңызда тұр» дейді ғалымды нұсқап. Хан назарын ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына аударып, шипагерліктің өзекті мәселелері туралы жан-жақты сұрап отырып, бір кезде: «Сырқат қалай пайда болады? Оның жазылмайтын қандай түрлері бар?» дегендей бірнеше сауал тастайды. Ғалым ханның сауалдарының бәріне де мүдірмей жауап беріп, аурудың пайда болуы, оның таралуы және сырқаттарды емдеудің тәсілдерін қолмен қойғандай етіп түсіндіріп береді. Өтейбойдақтың берген жауабына ханның иланып ден қойғаны сонша – ғалымның дәлелдеген кейбір ғылыми анықтамаларын бірден қолдайды.
Сөз арасында шипагер Өтейбойдақ ханға ұрпақ тазалығы мен денінің саулығы үшін «Жеті атаға толмай үйленбеу, жөн-жосықсыз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау» туралы ұсыныс айтады. Шежірені сақтамай, жеті атаға толмай қыз алысса, ұрпақтың кемтар, жарымжан болып қалатынына көзі жетіп, сол сәтте-ақ бұл қағиданы басшылыққа алып, дереу хатшыларын шақырып: «Күллі Алаш ұранды бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз болмағы шарты үшін... жеті атаға толмай қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт» деген жарлығын жаздырып, «алтын мөрін басып», қолма-қол шабарман аттандырып, жарлықты атқаруды уәзір Жарнамаға бұйырады («Шипагерлік баян» Ө.Тілеуқабылұлы, қолжазба, 54-бет).
Сонымен сонау Әз-Жәнібек ханнан бастау алған жеті атаға дейінгі өзінің ата-бабасын білу әрбір қазақтың ұлы мен қызына міндетті саналуына түрткі болған – қазақтан шыққан ғұлама, әмбебап ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478). Оның бұл ойы Жәнібек хан тарапынан қолдау тауып жүзеге асқаны туралы өз еңбегінде де айтып кетеді. Ғалымның «Шипагерлік баян» атты 5 ғасыр бұрын жазылған кітабы араға талай қиын кезеңді салып бүгінгі күнге жетіп отыр. Оқырмандарға осы кітапты тауып алып, оқуға кеңес беремін. Осыны оқи отырып, кезіндегі ата-бабаларымыз жаратылыстану, биология ғылымын бірсыдырғы білгендігіне таңғалмасқа шара жоқ.
Генетикалық сауатымыз қай деңгейде?
Халқымыздың қайсар рухты, дастарқаны мол, жатты бауыр санайтын ұлы қасиеті, тұқымымыздың тазалығы мен рухының биіктігі – жоғарыда сөз болған жарғы талаптарының орындалуынан. Осы уақытқа дейін ұмыт болған бұл жарғыны тек әрбір әулеттің ақсақалдары ұлына, одан немересіне өнеге-өсиет ретінде қалдырып, аманаттап отырған. Бір өкініштісі – бүгінде осының мән-мағынасын дұрыс түсінбей жүрміз. Сөйтіп, күннен-күнге ұмытылып, ұрпағымыз азып-тозуға айналды. Жастардың бір-бірін толық түсінбей, өз руынан, яғни жеті атаға толмаса да үйленіп, ажырасып жатуы. Я болмаса туған баланың, әлжуаз, жасық, жігерсіз болып туылуы немесе, ең сорақысы, жақын аталастардың некелерінен құбыжық (мутант) сәбилердің дүниеге келуі – соның айғағы. Оған экологияны қосыңыз. Енді не істемек керек?!
Бүгінгідей жаһандану заманында балаларымыз, жасөспірімдеріміз бен жастарымыздың толыққанды білім алуларына барлық мүмкіндік бар екендігі белгілі. Балаға өз шыққан тегін баяндайтын шежірені заманауи әдістерді қолдана отырып үйрету керек. Яғни күнделікті қолданыстағы үйдегі теледидарға, ұялы телефонға, интернетке жұртты қызықтыру үшін шежіреге қатысты түрлі телехабарлар мен бағдарламаларды әзірлеп, сол арқылы өзінің шын мәнінде текті халықтың ұрпағы екендігін санасына нұрлы ақылмен сіңіру қажет. Бұл өте үлкен кешенді жұмысты қажет етеді.
Қазақтың ұлттық ұрпақ тәрбиесінде сонымен қатар тыйым сөздерге ерекше мән беріліп, оның орындалуын қатаң қадағалаған. Ал осы тыйымдардың дұрыстығын бүгінде генетика ғылымы толықтай дәлелдеп, әлемдік деңгейдегі үздік зертханаларда жүргізілген ДНҚ сынақ нәтижелері нақтылап отыр!
Ұрпақ алдындағы осындай келелі зерттеу ісін жүзеге асыруға жақында Алматыда ашылған Shejire DNA орталығы бел шешіп кірісіп отыр. Орталық ұсынатын генетикалық сынақтар, ата-тегіңізді анықтауда 99,9% нақты дәлдікті көрсетіп, сіздің шығу тегіңіздің толық картинасын көз алдыңызға әкеледі екен. Ғылыми орталық ашылған сәттен бері көптеген адамдарды сынамалай отырып, қазіргі уақытта бай мәліметтер базасына ие болып, өз кезегінде келушілердің генетикалық туыстарын табуға мүмкіндік беруде. Кезінде өз шежіреңді түзуге тек қана ауызша және мұрағаттардағы мәліметтер арқылы ғана мүмкін болса, енді туыстық қатынастарды тексерудің заманауи тәсілі – тек ДНҚ сынамасы көмегімен ғана орындауға болады.
XX ғасыр физика ғасыры болса, XXI ғасыр – биотехнологиялар ғасыры! Ендеше, осы ғасырда тарихтан тәбәрік болған шежіреге ұлт болып, қоғам болып, мән-мағынасын арттырып өмірлік қажеттілікке жаратуды ойластырғанымыз жөн.