Көптеген жылдар бойы экономика саласы мен аударманы қатар алып жүрген. Өзінің адамгершілігі мен қарапайымдылығымен ерекше көзге түскен қазақтың біртуар азаматы. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы «Қазақ радиосы» студиясының бас редакторы қызметін атқарып келе жатқан Мұрат Мұқаш мырзадан сұхбат алу мен үшін үлкен жетістік болды. Біз сияқты жастарға түзу жол көрсетіп, ұлтымызды, тілімізді, дәстүрімізді сақтауға жол көрсетіп, ақылын айтып, батасын берді.
- Мұрат аға, қазір жастар радиоға қызыға ма? Қалай ойлайсыз?
-Қазір енді заманның ағысына, талабына қарай десек те болады, радионы тыңдамайды емес, тыңдайды. Радио тыңдайтын жастар көп, бірақ көбіне музыкалық сарындағы бағдарламалар. Айталық, әдеби- сазды, әлеуметтік бағдарламалар. Қазіргі кезде жастардың басым көпшілігі интернетке ауып кетті, оның себебі – батысқа еліктеушілік. Бұл жастарды батыстың киносына, әніне, батыстың сәніне еліктіреді. Жаһандану жалпыға ортақ үрдіс болғандықтан, бұл ағыс осы бетімен жалғаса береді. Біздің қолымыздан келетін бір нәрсе: ол – жастарымызды ұлтқа, ұлттың тарихына, тілімізге салт-дәстүрімізге бет бұрғызу үшін , ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу үшін жұмыс істеу. Осы орайда, қазақ радиосында көптеген бағдарламалар жарыққа шығып жатыр. Мысалы: «Замана заңғарлары», «Айтөбел», «Атадан қалған асыл сөз», «Абай жолы» т.с.с. кете береді. Жастарды отансүйгіштікке, патриоттық сезімге, ұлттық рухқа, салт-дәстүрге тәрбиелеп жатқан бірден-бір радио ол – Қазақ радиосы.
-Сұрағымды радио саласы бойынша өрбіткім келеді. Қазіргі таңда радиожурналист болу үшін кәсіби білімнің қажеттілігі қанша?
-Кәсіби білім тек радио саласына ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық салаларына қажет деп ойлаймын. Алдымен, «радио дегеніміз не? Ол қандай ақпарат?» дегенге келсек, ол дыбыс, эфир арқылы таралатын ақпараттың түрі. Бұл жерде ең бастысы – дыбыс. Оны тыңдармандар есту арқылы қабылдайды. Басқа ақпарат құралдарынан радионың басты айырмашылығы – осы. Осы тұстан радионың кәсіби ерекшелігін шығаруға болады. Демек, радиожурналистер қандай болуы керек? Ең бірінші кезекте, дауысы дұрыс қойылған, дикциясы бар, одан соң өз ісін жақсы білетін кәсіби мамандар болуы керек. Содан соң, радиожурналистикада дыбыс режиссерлері басты рөл атқарады. Солардың талғамымен, таңдауымен жас мамандар радиоға жұмысқа қабылдануы керек. Бұрынғы кезде, мамандар өз жұмыстарын режиссерлермен ақылдаса отырып, үйлестіріп жүргізетін. Бұрынғы кезде радиожурналистер репортерлерді арқалап жүретін, қазір репортерлер жоқ. Қазір, заманға сай, шетелдің техникалық тұрғыдан жақсы дамып, жетілген түрі – диктофонды айтсақ болады. Мысалы, біздің «Қазақ радиосында» осындай диктофондар қолданылады. Енді мен оны неге айтып отырмын? Сол диктофондармен журналистер жұмыс істей білуі керек. Одан соң, қазіргі хабар жасау үрдісінің барлығы техникалық тұрғыдан жеңілдетілген. Бұрынғыдай жекелеген пленкаларды алып, оларды кесіп - қию жоқ, жаңадан алып келген таспадағы хабарды өңдеп, құрастырады. Одан соң, оны «sound» дыбыс операторларына әкеліп, солардың көмегімен өңделген хабардың астына «фон» яғни, төсеніш дейді, музыкасын қояды. Ал, хабардың басына «шапка» немесе қазақша ұран қояды. Содан соң, хабарды жинақтап, құрастырып, дайын хабар жасап шығарады. Радионың тағы бір кәсіби ерекшелігене келер болсақ, бұл – тікелей эфир жүргізу. Тікелей эфир жүргізуде журналистің шеберлігі қажет. Бір сөзбен айтқанда, жүргізуші хабардың майын ішкен майталман болуы керек. Сұхбат алып отырған адамына қоятын сұрағын алдын- ала дайындап, сол хабардың мән-мағынасын ашып көрсетуі керек. Сондай-ақ, әрқашан ізденіс үстінде жүруі керек.
- Радиодан бөлек, сіздің экономика саласы бойынша да қалам тербейтініңізді білеміз, сол туралы айта кетсеңіз.
-Қазіргі кезде жастардың экономикаға қызығушылығы өте жоғары деп ойлаймын. Себебі, бұрын экономикаға жеке сала, жеке бір кәсіп түрінде қарайтын болса, қазір экономика өмірдің барлық саласын қамтиды. Себебі, біз капиталистік үрдіс бойынша өмір сүріп жатырмыз. Экономика – бұл біздің өміріміз. Мысалы,техника саласындағы жас маман ақпараттық технология саласы бойынша маманданып жатыр делік. Сол жас маман қазірден өзін – өзі дайындауы керек. Осы жағынан алғанда бәрібір экономиканы білуге тиіс болады. Себебі ол болашақта мемлекетке қызмет ету үшін немесе жеке кәсіп ашып,тірлік жасау үшін экономиканың әліппесін білу керек.Егер, заманға қарай өмір сүрем, өзімді – өзім қалыптастырам деген болса, экономиканы білгені жөн.
- Көп жылдар бойы газетте қызмет еттіңіз. Енді, міне, радиода жұмыс істейсіз, шәкірттеріңіз бар ма?
-«Алматы ақшамы» газетінде 13 жылдай еңбек еттім, ол жерде жай тілшіден бастадым. Одан соң, экономика және әлеуметтік хабарлар редакциясын басқардым. Сол кезден бастап, шәкірттер тәрбиелеп келе жатырмын. Ол жасырын емес. Мысалы, газетте еңбек етіп жүргендегі шәкірттеріме тоқталатын болсақ, қазіргі белгілі ақын Жазушылар Одағындағы Жанарбек Әшімжан немесе белгілі журналист Оразәлі Баймұрат. Сонымен қатар, Нұрбек деген жігіт бар, қазір Қызылордада мәдениет саласы бойынша телевизияда қызмет етеді. Ал, енді радиоға келгеннен бері біраз жастардың тікелей осы радиоға жұмысқа кіруіне, радионың не екенін үйренуіне, жалпы радиожурналистиканы меңгеруіне көмектестім деп айта аламын. Мысалы, Нұрболат Жантілеев деген журналист. Бұл жігіттің негізгі мамандығы – тарихшы. Бірақ, кейіннен экономикалық хабар дайындауға тікелей өзім үлгі-өнеге көрсеттім, бағыт-бағдар бердім. Радиоға үлкен-үлкен хабарлар дайындады. Ол жігіт экономика саласын өте жақсы меңгерді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында экономикаға байланысты «Даму» деген бағдарламаны жүргізді. Радионың өзінде «Экономика тынысы», «Менің елім» атты экономикалық хабарлармен айналысты. Сондай-ақ, Жанна Жайлаубекқызы, Баян Талдыбаева, Мұхаммедәлі Болатұлы менің бетке ұстар шәкірттерім.
- Журналистикадан басқа, немен айналысасыз? Бәлкім, біз білмейтін басқа да қырларыңыз бар шығар...
- Журналистикадан басқа, мен өмір бойы аудармамен айналысып келе жатырмын. Орыс тілінен қазақшаға немесе керісінше. Жалпы, аударма саласы деген – өте қиын сала. Мысалы, 90 жылдардың басында аударма саласы өте қажет болды. Аударма қазірде қажет, ол өзінің қажеттілігін,маңызын әлі де жойған жоқ.Аударманы мен студенттік кезден бастағанмын. Оған дейін мен бірнеше орыс тілінде жазылған украин жазушыларының, орыс жазушыларының, орыс тілінде шыққан шетелдің көркем дүниелерін, повестерін, әңгімелерін, қиял – ғажайып әңгімелерін аудардым. Нарық келгелі бері экономикалық аудармаға ауыстым, онсыз болмайтын еді. Себебі, әдебиеттің бәрі орыс тілінде болды. Қазақ тілінде әдебиеттер жоқ. Бір нәрсе білгің, жазғың келсе, көп іздену керек болды. Сондықтан экономика мен аударманы ұштастыруға тура келді. Тек, экономика саласы ғана емес, медицина, тарих, саяси салада да аудармалар жасадым, әлі де жасап келемін. Бірнеше кітаптар шығардым. Техникалық саладағы тілдескіш құралдар, сөздіктер шығардым. Одан соң, авторлық бірлестікте тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты үлкен «Тәуелсіздік шежіресі» деген кітап шығардық. Бұл кітапты шығару үшін де аудармамен айналыстық, көп еңбектендік. Аудармадан бөлек басқа да дүниелерім бар, олар – бөлек әңгіме. Жалпы, қоғамға қосымша сіңіріп жатқан еңбегім – аударма саласында. Тағы да айта кетер болсақ, қосымша телеарналармен жұмыс істеймін, ондағы деректі фильмдерді аударамын. Деректі фильмдер көбіне танымдық фильмдер ғой, ол да өзінше бір үлкен сала. Аударма тіліне қатысты қазір көптеген сындар айтылып жүр. Ондай пікірлермен мен келісемін. Себебі, оқу орындарындағы аударма саласы бойынша білім алып жатқан шәкірттер әлсіздеу. Соған қарағанда, аудармадағы сабақ жүргізу әдісі дұрыс емес пе деп ойлаймын, көбінесе іс-тәжірибемен жұмыс жасаса деймін. Мысалы, көпшілігі тікелей аударады, мағынасына қарамай дәлме –дәл аударды. Ал, дәлме-дәл аударылған шығарма сәл күлкілілеу болып щығады. Көшедегі жарнамалардың салдыр-салақ шығып жатқаны, кейбір деректі фильмдердің тілдерінің күлкілі болып шығатыны аударманың солақай болатыны осыған байланысты. Бұл орайда, мемлекет үшін, бұқаралық ақпарат құралдары үшін істейтін тірлік әлі де көп.
- Қазіргі журналистерге көңіліңіз тола ма?
-Журналист ол – көп салалы, жан-жақты мамандық. Мысалы, біз КазГу-дің журфагінде оқып жүрген кезде, біздің курс деканатқа, ректоратқа талап қойған болатынбыз. Журналистерді шетелдегі сияқты сала-салаға бөліп даярлау жөнінде. Ондай тәжірибе көбіне батыс елдерінде бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласының журналисі жеке даярланады. Заң, медицина саласындағы журналистер де жеке даярлануы керек. Осылай тек жеке сала бойынша даярлау жөнінде бастама көтердік. Бірақ бұл жобамызды университет басшылығы қолдамады. Жас журналистерді қазіргі кезде үстірт даярлайды. Әр нәрсенің басын бір шалып өтеді. Журналистиканың кәсіби мамандыққа тән ерекшеліктерінің өзін көп жағдайда тереңдетіп оқытпайды. Болашақ журналистердің, жас мамандардың өз саласын жете білмеуі, әлсіздігі осыдан туып жатады. Әрине, бәрі бірдей емес, арасында ізденетін оқитындары да бар. Өз мамандығын сүйетін, өз саласына жүрек қалауымен келгендер бар. Оларды жасырмау керек, айту керек, барынша қолдау көрсету керек. Қазір бізде, журналистика бір жақты деп айтуға болмайды, ол үнемі өсіп-даму үстінде. Жаһандану заманы болғандықтан, ақпараттар күнбе-күн келіп түсіп жатыр, дүние өзгеріп жатыр. Қазірге журналистер осы үрдіске бейімделген. Газеттер де, телевизие де, радио да осы бағытта үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Ұшқыр хабарларға, мақалаларға, ақпаратқа бірінші кезекте көңіл бөлінеді. Біздің журналистер осы бағытта жақсы дамып келе жатыр.
- Алтын уақытыңызды бөліп, салмақты сұхбат бергеніңізге көп рахмет. Шығармашылығыңызға табыс, отбасыңызға бақыт, береке тілеймін.
-Айтқаның келсін, әмин, айналайын. Болашағың жарқын болсын, мамандығыңды жақсы меңгеріп, елің қалағандай жақсы дүниелерді өмірге әкелетін, қоғамның дамуына үлес қосатын азамат болуыңа тілектеспін. Қаламың ұшқыр болсын! Жолың жарқын болғай!
- Рахмет!
Сұхбаттасқан: Әлміш Жадыра