Ұлттық өнерге негізделген заманауи музыка келешек үшін қажет

The Spirit of Tengri фести­валі оған қатысқан заманауи этникалық музыка өкілдеріне шығармашылық серпіліс сыйлаған. Әсіресе қазақстан­дық музыканттар­дың рухани әсері тарқамай жатыр. Олар­дың бірқатары этника­лық музыканың Қазақстан­дағы тұңғыш халықаралық фестивалінің мәңгі жасауы үшін оған мемлекеттен қолдау көрсетілуін қалайды.
Фестивальден айрықша шабыттан­ғандардың бірі – «Роксонаки» тобының негізін қалаушы Руслан Қара. «Азия дауы­сы» халықаралық фестивалінің тұңғыш сыйлы­ғының иегеріне сол кезең қайтып келгендей әсер қалдырды. «Халық фести­ва­льдің басынан-ақ көп жиналып, төрт сағат бойы тапжылмай тыңдап, қошемет білдіріп отыр­ды. Мен соған қуандым. Жас та, кәрі де бол­ды. Демек, этникалық музы­ка фестивалі халыққа қажет деген сөз. Ал бұл коммерция­лық жоба болмағандықтан, келешекте ол қаржылай қолдауды қажет етеді. Сондықтан халықтық музыка негізін­дегі қазіргі заманғы өнер фестиваліне мем­лекет, ҚР Мәдениет және ақпарат министр­лігі қолдау білдірсе екен деймін. Өйткені бізде жақсы бастамалар пайда болады да, кейін қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалып жатады. Қазіргі жағдайда түркі халықтары әуендері негі­зінде дамыған қазіргі заманғы музыка фестивалінің Қа­зақс­танда қайта пайда болғаны қуантады. Жастар өздерінің арғы тамырын, көне мәдениетін білуі тиіс. Фестивальге Сайнхо Намчылак сияқты әлемдік есімнің келгені оның маңызын арт­тырғандай. Өйткені ол – этникалық музыка­ның әжесі атанған адам», – дейді Р.Қара.
Қорлан, жетігенші, әнші:
– Қазақтың ұлттық музыкасын заманауи  әуендермен  үйлестіру мен үшін қызық әрі тұңғыш тәжірибе болды. Сол себепті The Spirit of Tengri фестива­ліне қатысуға қуана-қуана келісім бердім. Бұрын дәстүрлі музыканы орын­дайтын­мын. Енді тұңғыш рет жетіген үнін электронды музыкамен сабақтас­тырдым. Алғашқыда дәстүрлі әуенді рокпен қалай байланыстырамын деп қорықтым. Бірақ кейін жетігенмен рок стиліндегі «Нөсер» деп аталатын компо­зи­ция жазып, бұл екі музыканың ұшта­сатынына көзім жетті. Келешекте рок, джаз стилінде де әндер жазылады деп ойлаймын. Фестивальде әлемге әйгілі көптеген орындаушымен таныстым. Соның ішінде, ятагашы Нам­гар­мен тәжі­рибе алмастым. Ол жетігенде ойнап көрді, мен оның ятагасын шертіп көрдім. Басқа да музыканттар жетіген аспабына қызығушылық танытып, шы­ғар­машы­лық байланыс орнату туралы ұсыныс айтып жатты. Фестиваль жыл сайын өтіп тұрса екен деймін, өйткені біз сол арқы­лы жастарға ұлттық музыканы дәріп­тей­міз.

Нұржан Тойшы, «Алдаспан» этно-рок тобының жетекшісі әрі продюсері:
– The Spirit of Tengri – өте бірегей бастама, түркі-моңғол музыкасына ак­цент жасаған тұңғыш жоба деп есептей­мін. Алматыда бас қосқан орындау­шы­лар заманауи бағыттар бойынша жұмыс істеп жүргенімен, олардың әрқайсы­сы­ның музыкасында өзіндік болмыс бар. Мұндай музыка өл­мей­ді, өйткені оның негізі – ұлттық ерек­шелік пен фольклор. Сол себепті этника­лық музыка ғасыр­дан-ғасырға жал­ға­са береді. Осы жа­ғы­нан The Spirit of Tengri – ұтылмайтын жоба. Қонақжай халық өкілі ретінде мен қатыс­қан ше­тел­дік музыкант­тар­дың өнеріне риза­мын. Бірақ өзіміздің музы­калық аспаптар мен қазақтардың орын­дау шеберлігі өзгелерден асып тұрған сияқты. Ал көмей әніне келгенде, Алтай, Сібір халықтары, әрине, мықты. «Алдас­пан» тобы электр домбыраның бар мүмкіндігін көрсете алмады, айталық, треш-металл мен шертпе күйлерді орын­­дауға уақыт тығыз болды. Соған қарамастан, электр домбыра үні фести­вальге өзінше әр берді.

Мақсат Хасанов, «Алдаспан» этно-рок тобының соло домбырашысы:
– Домбыраның электр нұсқасын алғаш көрген адам «бұл дұрыс емес» деп  жатырқап жатады. Дегенмен біздің домбыра өзінің түпнұсқасын 70-90%-ға сақтаған аспап. Кезінде әр аймақтың өз домбырасы, әрқайсысының өзіндік ерекше үні болған. Кейін Ахмет Жұба­нов домбыраның стандартын енгізді. Кәдім­гі домбыра музыка тілінде акусти­калық домбыра делінеді, гитара да солай, оның акустикалық түрі де, электр түрі де бар. Міне, біздің домбыра да – сол электрлі аспап. Жергілікті аудитория көп ұнатпа­ғанымен, шетелдіктер бұған қы­зы­ғушы­лық танытып жатыр. Сол арқы­лы олардың ұлттық музыкамызға деген сүйіспеншілігі оянып жататынын байқай­мыз. Маған фестивальге қатысу­шы­лардың барлығы тегіс ұнады. Әр елден келген музыканттар өз халқының ұлттық өнерін барынша көрсете білді, өз ұлттық музыкасын әлем­дік музыканың түрлі жанрларында таныта білді, соны­сы­мен қатты ұнады. Башқұрт­стандық «Арғы­мақ» тобының өнеріне тәнті болдық. Өйткені бұл топ әлемнің түрлі халқының музыкалық аспабын қолдана­ды, тіпті африкалық халықтардың аспа­бы да болды. Олардың әлемнің халық­тық музы­калық аспаптары мен өздерінің ұлттық әуендерін байланысты­рып, тың дүниелер жасауы күллі адамзат үшін музыканың ортақ екенін көрсетеді. Тағы бір айтқым келеті­ні, бұл фестиваль түркі халықтарын біріктіре түседі. Түркі ха­лық­тары музыкасының тарихы тереңде, фило­софиясы да терең­де. Түбі бір халық­тар бірігіп, осы музыкалық мұраны әлемге паш етуіміз қажет, біз де осы мақсатта аянбай еңбек етуге тырысамыз.

Шамшаддин Омаров, «Алдаспан» этно-рок тобының бас домбырашысы әрі вокалисі:
– The Spirit of Tengri-де қырғыз әнші­сі Гүлзадамен бірге және өзіміз бөлек өнер көрсеттік. Гүлзадаға біздің аспабы­мыз­дың сүйемелдеуі қатты ұнады. Мүмкін, фестивальге дейін оның ұлттық аспаптар­дың электронды нұсқасына деген көзқарасы басқа болған шығар. Деген­мен алғашқы дайындықтан кейін керемет әсер алғанын айтты. Гала-кон­цертте түрлі музыканттардың өз ұлттық аспаптарында ойнау шеберлігіне риза болдым. Соларға қарап отырып, рухани әсермен бірге өзімізге де қажет тың кәсіби тәжірибелер, идеялар алдық. Бола­шақта біз де өнері­мізді жаңа меже­лер бойынша жетілдіре түсеміз деген ойдамыз.

Бақытжан Желдербаев, «Алдаспан» тобының ритм домбырашысы:
– Электр домбыраның сырына басқа түгіл, біздің өзіміз күн сайын қанығып отырамыз. Оның көп мүмкіндігі әлі де ашыла түседі деп ойлаймыз. Күн­бе-күнгі дайындық үстінде «мынадай дүние жасауға болады екен, мына шығарманы бұлайша туғызуға болады екен» деп жаңа қырынан танып жата­мыз. The Spirit of Tengri-де осы кезге дейін жасалған дүниелерден ұлттық ерекшелігімізді танытады-ау деген бағдарламаны іріктеп алып ұсындық. Фестивальде мені ұлттық аспаптардан гөрі Сайнхоның вокалы қатты таңғал­дырды. Ғалымдардың ай­туын­ша, әлем­дегі ең бірегей музыкалық аспап – во­кал. Сайнхо өз дауысымен тамаша дүн­ие­лер туғыза алатын музыкант екен. Мен соған көз жеткіздім.

Қазақстанда өткен халықаралық фести­вальден оған қатысушы шетелдік музыкант­тар да өзінше рухани ләззат алған. Бізге Сайнхо Намчылак, Болот Байрышев, Нам­гар Лхарасанова, Диксон Ди, Гүлзада және басқа да қатысушылардың лебіздері ғалам­тормен жетті.
Намгар Лхарасанова, бурятиялық «Намгар» тобының солисі, ятагашы:
– Фестивальден алған әсерім ерек­ше, жаңа достарым мен теңдесі жоқ музыка үшін қуаныштымын. Қазақстан жайлы ең керемет естеліктер айтатын болдым. Жер­гілікті жұртшылықтың көңі­лінен шықтық деп ойлаймын. Фести­валь­ге тұрақты қолдау тілеймін! Ұйым­дастырушыларға шексіз алғыс айтамын, бұл көңілді коман­даның тапқырлығына, белсенділігіне тәнтімін. Бәрі тамаша болды.

Сайнхо Намчылак, тувалық музыкант, әнші, композитор:
– Ұйымдастырушылар мені энту­зиа­з­­мімен, бірлігімен таңғалдырды. Оларға келешекте барлық ниетінің орындалуын тілеймін! The Spirit of Tengri-ге қатысқан музыкант достарыма жалынды сәлем, оларға басым жерге жеткенше иіліп, тағзым етемін.

Еске сала кетейік, қазіргі заманғы этникалық музыканың халықаралық фестивалі – The Spirit of Tengri маусымның 8-і күні Алматыда өткен болатын. Оған бурятиялық «Намгар», башқұртс­тан­дық «Арғымақ» топтары, сахалық шаңқобызшы Юлияна, таулышориялық әнші Чылтыс Таңнағашева, қырғызстандық этно-рок әнші Гүлзада, алтайлық жыршы, мультиинструменталист Болот Байрышев, тувалық импро­ви­­затор әнші Сайнхо Намчылак және қазақстандық «Алдаспан», «Роксонаки», Hapanasasa топтары мен Қорлан, Найя сияқты орындаушылар қатысқан болатын. The Spirit of Tengri – Tengri FM ұлттық радиостансысы мен СТВ телеарна­сы­ның бірлескен жобасы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста