Ұлттық ойыншықтар мәселесі ойыншық емес!
Ойыншық жасау үрдісі ежелгі заманнан бастау алған. Деректерге сүйенсек, сонау Мысыр елінде қыштан, балшықтан мүсінделген алғашқы ойыншықтар жасалғаны белгілі болып отыр. Яғни адам баласы ерте ғасырлардан бері ойыншық түрлерін жасап, сол арқылы баланың дамуына, санасының қалыптасып, алға ұмтылуына үлкен ықпал еткен. Қазіргі заманда сәбидің жасы мен қабылдау деңгейіне сәйкес сан түрлі ойыншықтар жасалып қана қоймай, ол бизнес көзіне де айналуда. Ойыншық шығарушы, әлем рыногын жаулаған алпауыт кәсіпорындар да аз емес. Қазір ойыншықтардың электрлендірілген, өзі қимылдайтын, жүретін, сөйлейтін түрлерімен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Ал біздің бүлдіршіндер немен ойнауда?
Бүгінде дүкен сөрелері мен базар жаймаларында тізіліп тұрған сапасыз қытай заттарына да көзіміз үйренді. Арзан болғандықтан халық ойланбастан сатып алып жатыр, ал сапасына мән беріп жатқандар аз. Жылтыратып, жарқыратып қойғанымен, түкке тұрғысыз пластмассадан құйылған, аз уақыт ішінде сынып, бүлініп қалатын, сапасы күмән туғызатын ойыншықтарды бүлдіршіндеріміз амалсыз ермек етуде. Оған көнбеуге лаж жоқ, өйткені отандық ойыншық шығару өндірісі қолға тіпті алынбаған. Ресейден келіп жатқан, экологиялық таза шикізаттан әзірленетін ойыншықтарды алуға тура келеді, дегенмен олардың бағасы қымбат. Дүкендерде, сауда орындарында тек қымбат бағалы сувенир ретінде дайындалатын ұлттық нақыштағы дүниелерді кездестіресіз. Олардың өзін туристер мен қалтасы қалыңдау адамдар алмаса, қарапайым адамның қалтасы көтермесі анық. Ал өзіміздің балалар ойыншығы өндірісі туралы бас қатырып ойланып отырған ешкім жоқ. Сонда бұл қазақ ұлтының өз ұрпағына, бүлдіршіндеріне деген селқостығы ма?
Отандық ойыншықтарды шығаруға қолдау жасап, осы өндірісті жандандыру баяғыда қолға алынатын шаруа еді. Бірақ әлі қозғалыс байқалмайды.
Балаларымыз Ресейдің шығарған Вовасы мен Анясын қашанғы құшақтап жүретіні белгісіз. Көк көзді, сары шашты қуыршақтың бала санасына қаншалықты әсер етіп жатқанын ешкім зерттеп, зерделеп жатпағаны тағы анық. Олардың орнына неге шашы қос өрім болып өрілген, қарақат көз, аты қазақша қойылған, тіпті «әке, апа» немесе «ата, әже» деп дыбыс шығаратын қуыршақтар шығармасқа? Барбидің құрама жиынтығын емес, қазақша көйлегі, қазақша етігі мен тақиясы, сандық, жасаулары бар қазақ қызының бейнесі жасалса, қандай ғанибет болар еді?! Сол сияқты, мысалы, асықтардың жасанды түрін ойлап шығарса, балаларымызға кубиктермен ойнағаннан гөрі қызықты болар еді. Осылайша ойластыра берсе, талай идея туындары анық. Олқылығымызды толтырып, бір кәсіпкер немесе ұлтына, ұрпағына сәл жаны ашитын адам осы бағыттағы істі жүзеге асырар болса, қанеки!
Осы орайда ұлттық ертегілер мен анимациялық фильмдеріміздің әсері тағы бар. Сондағы ұлттық кейіпкерлер ойыншық етіп жасалатын болса, қазақ баласы ойыншық тапшылығын көрмес еді. Ойыншық арқылы сәби санасына көп нәрсені сіңіруге болады. Ал қазіргі балаларымыз ата-анасына Бэтман мен Шректің, Человек-пауктың қуыршағын алғызуда...
Шынар Айтмұханбетқызы, Астана қаласы Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мүғалімі:
– Қазіргі заманда ойыншықтардың түрі өте көп, бірақ қазақы ойыншықтар жоқтың қасы. Мен бастауыш сыныптарға 10 жылдан бері сабақ беріп келемін. Қазіргі балалардың түсінігі, психологиясы мүлде өзгерген. Бір мысал айтайын, бір күні сабақ беріп тұрып, балаларға батырлар туралы әңгімелеп, олардың бейнесін көз алдарына келтіруге тырыстым. «Батырлар қару-жарақ асынып, елін-жерін қорғаған» деп түсіндіріп жатқанмын. Сонда оқушылардың бірінің мынадай сауал қойғаны: «Апай, сонда сол батырларымыз, қазіргі біздің Супермэн, Человек-паук па?» дегені. Қазір уақыт создырмай, ең алдымен, балалар анимациялық фильмдері, балаларға арналған ұлттық қазақи ойыншықтарды шығара бастауымыз керек. Бұл жағдайдың ұрпағымызды ұлттық-рухани тоқырауға ұшырататыны ащы шындық.