Ұлттық нақышты да бүгінгі сәнге сәйкестендіруге болады

Қыркүйек айының соңына таман Мәскеуде өткен халықаралық «Русский силует» конкурсында қазақстандық жас дизайнер Жадыра Сахиева  дипломант атанды. Конкурс ұйымдастырушылары Жадыраның жетістіктерін «ұлттық нақыштағы, бірақ бүгінгі тенденциялар мен көзқарастарға сай киімнің тамаша үлгісін көрсетті» деп айрықша бағалады. Ресей мен Қазақстаннан басқа, Армения, Прибалтика, Әзірбайжан, Қырғызстан, Украина, Беларусь мемлекеттері  атынан бақ сынасқан жас дизайнерлер өздерінің бүгінгі модаға қатысты әр алуан танымдарын ортаға салған сол ауқымды шарада тағылымды тарихты бүгінгі талғаммен ұштастыру тұрғысынан Жадыраға тең келер ешкім болмаған. Негізі, талантты адамдар қай жағынан да талантты. Басқа-басқа, мұны Жадыраға қарап-ақ байқауға болады. Енді сол төңіректе бірер сөз...   

...Жас кезінде билегенімен, тұрмыстық жағдайларға байланысты би өнерінен қол үзіп қалған анасы «өзім болмасам да, қызым осы салада жүрсін» деген ниетпен  сымбатты да сұңғыла Жадырасын кішкентайынан биге беріпті. Өнердің дәні жүрегіне ерте себілген Жадыра ақырында Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін халық биінің әртісі мамандығы бойынша бітіріп шығып, ары қарайғы білімін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында режиссер-хореограф ретінде жетілдіреді. Еліміздің «Алтынай», «Гүлдер», «Салтанат» іспетті белгілі би ұжымдарында қызмет ете жүріп, көптеген би конкурстары мен фестивальдерінің лауреаты атанады. Дегенмен уақыт ағымына сай әрекет ете білетін еңбекқор қыз бір са-ламен ғана шектеліп қалмай, алдына үлкен міндеттер қоя отырып, «Жадыра-жайна» продюсерлік орталығы мен Jado сән үйін ашады.

Сән үйін ашудағы бір мақсатын Жадыра: «Бишілерге бір көмегім тисе дедім», – деп түсіндіреді. Өйткені оның ойынша, бидің тартымдылығы, көркемдігі көп жағдайда костюмге де байланысты. Бишінің үстіндегі киімге қарап та қай ұлттың, қай халықтың биі екенін білуге болады. Бірақ қазіргі жастар көбінесе костюмдерді шатастырады. Қанша жерден «шығыс биі», «қазақ биі» дегенмен де, олардың өзі түрлі-түрлі болып бөлінеді. Мысалы, шығыс биін алсақ, оның ішінде өзбек, хорезм, тәжік, бұхар, ұйғыр, араб сынды әр алуан билер бар. Әдетте соны «өзбек биі» дейді де, қолөнерін, ұлттық киім үлгісін – бәрін қойыртпақ қып жібереді. Ал «қазақ биі» дегенде, меніңше, біз әуелі оны сонау түркілік негізінен бастап көрсетуіміз керек. Және соған сай костюмдер болуы тиіс. Бұл ретте көне заманнан келе жатқан ою-өрнектер мен әшекейлерді сәйкестендіре пайдаланған жөн. Оның бергі жағында фольклорлық билеріміз батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік билері болып бөлінеді. Костюмдердің безендірілуі де соған сәйкес болуы қажет.

Мысалы, батыстық оюлар пішіні жағынан төрт бұрышты, өте салмақты, ал оңтүстік өңірге тән оюлар қошқар мүйізді, бояуы өте қанық болып келеді. Яғни костюмнің де әр өңірдің биіне сай өзіндік өрнекпен көмкерілгені абзал. Өкінішке қарай, бізде әлдебір кезеңнің немесе халықтың ұлттық киім үлгісіне сәйкес костюмді кез келген ателье тіге алмайды. Әріптестерінің сахналық және би костюмдеріне деген осындай мұқтаждығын қанағаттандыруды көздеген  Жадыра модельдері ұлттық ою-өрнектердің үйлесімді әдіптелуі арқасында әуелден-ақ қайталанбас авторлық стилімен ерекшелене бастады. Дизайнердің бұл реттегі ұстанымы –  ұлттық нақыштағы киімдердің бүгінгі заманға сай үлгілерін әзірлеу. Тіпті спорттық киім тіккеннің өзінде де астарын қазақы ою-өрнекпен әшекейлеуге тырысатын талапты қыздың арманы – кішкентай деталь арқылы болса да әрдайым қазақы рухты дәріптеу. Жадыраның осындай ойлардан серпін алған игі ізденістері нәтижесіз де емес. Оның бір мысалы ретінде биылғы мамыр айында Алматы қаласында өткен Kazakhstan Fashion Week апталығында Jado сән үйінің мүлде жаңа стильдегі киім үлгілерімен көпшілік назарына іліккенін айтуға болады. Таза аң терісі мен былғарыдан тігілген киімдері талғампаз жұрттың жүрегіне  жол тапқан Жадыраның сән үйі алдағы уақытта аяқкиім үлгілерін де ұсынбақшы. Және оларды да ұлттық ою-өрнекпен безендірмек ниетте.

Әр дәуірдің өзіндік киім кию стилі бар. Сол тұрғыдан алғанда, «бүгінгі дәуірге қандай стиль тән» деген сауалға Жадыраның берер жауабы: «Қазір әр адам өзінің индивидуалдық болмысын, ішкі жан дүниесін көрсетуі керек. Сонда ғана ол – мода. Моданы біз өзіміз жасаймыз. Әлдебір киім үлгісін бес-алты адам үйлесімді, қонымды ғып киіп жүрсе, жұрт соны «мода» деп қабылдайды», – дегенге саяды. Демек, ұлттық нақышты да бүгінгі сәнге сәйкестендіруге болады. Өкінішке қарай, қазір сән әлемі жасандылыққа көбірек бой ұрып барады. Елді қайткенде де елең еткізу мақсатында қағаздан да киім тігіп, цементті де адамның үстіне жапсыруға құмарлар бар. Алайда Жадыраның пікірінше, әркімнің өз стилі болуы керек. Мысалы, әрбір дизайнер өз халқының тарихын көтергені және соның аясындағы таным-түсінікті, талғамды ұстанғаны абзал. «Сол сияқты, – дейді Жадыра, – біз де жаңа стиль қалыптастырсақ, оны ашық-шашық немесе түсініксіз креатив емес, фольклорлық креатив тұрғысында шығаруымыз қажет».

Дегенмен сән өнері бір емес, бірнеше адамның нәтижелі еңбегіне тәуелді. Яғни дизайнердің ой-қиялынан туындаған жобаларды ойдағыдай жүзеге асыратын әмбебап шеберлер қажет. Осы ретте Жадыраны тәжірибелі тігіншілердің аздығы, жастардың ізденуге құлықсыздығы қынжылтады. Сондықтан да ол өз көңілінен шығатындай шеберлердің біразын сырттан шақыруға мәжбүр. Бір анығы, бүгінде ел ішіне де, алыс-жақын шетелдерге де танымал бола бастаған модельерлер баршылық. Және әрқайсысының бағыт-бағдары, ұстанымы әр алуан. Бұл ретте Жадыра: «Бір таңдауым би өнеріне байланысты болғандықтан ба, мен өз үлгілерім арқылы адамның артық-кем тұстарын бүркемелеп, керісінше, әдемілігін баса көрсеткім келеді. Әсіресе қыз баланың ішкі дүниесін, ибалылығын паш ететіндей және отырып-тұруға қолайлы киімдерге көбірек ден қоямын», – дейді.

P.S. Талапты да талантты қыздың алдына қойып отырған жоспарлары да жетіп-артылады. «Ақтаудағы Jado сияқты сән үйін Алматыдан да ашсам», «болашақ дизайнерлер мен тігіншілерге қайырымдылық негіздегі курстар ұйымдастырсам» деп армандайды. Әрине, жиырма жетідегі жұдырықтай қыз үшін бұл – кез келген адам көтере алмастай ауыр жүк, ауқымды міндет. Бірақ Жадыра жұмысқа «жұмыс» деп емес, өзінің сүйікті ісі, жаны қалаған кәсібі ретінде қарайды, жақсы көреді. Тағы бір ерекше жақсы көретіні – би. Өйткені би арқылы өзін-өзі тапты, сұлу әлемнің сырына қанықты, өнер адамы ретінде қалыптасты. Жауапкершілігі мол басшылық қызметте жүргеніне қарамастан, бір жағынан, Маңғыстау облыстық музыка колледжінде ұстаздық ететін Жадыра әлі күнге дейін биден қол үзген емес. Алдағы уақытта жұртшылыққа әдемі бір өнер кешін сыйлау да ойында бар. Бірақ ол – әзірге құпия...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста