Батыста таңсықтығы таусылған, бізде әлі ынтықтығы өрлеу үстіндегі стриптиз шоулар бүгінде тән тояттандырудың неше атасын қалайтындар үшін таптырмас орын болып тұр. Тізесі көрініп қалса ұяттан өлердей болған ұлттың ұрпағы бүгінде бақанды айналып тұттай жалаңаш билейтін болған. Стриптиз клубтардың алдын бермейтін болған да біздің қаракөздер. Жалаңаштанып билеу арқылы біреудің делебесін қоздырып, көзін тояттанырудың кәнігі шебері болғандар жетіп артылады. Батыстан келген бейәдеп «өнердің» өріне жармасқан бауырларымыз оны қалыпты құбылыстай қабылдайтыны байқалады. Бірер мысал...
1. Қызы әне-міне ұзатылғалы отырған танысымыздың үйіне барғанбыз. Қыдырып. Құда түсудің жөн-жоралғысы жасалып, сырға салу рәсімі де өтіп қойған. Қызу дайындық болып жатыр екен. «Бұл тағы неге дайындық?» дедік. Сөйтсек «девичник» екен. Біздің таңданысымызға таңданған тақылдаған бір қыз: «Әпке, қазір тұрмысқа шығатын қызардың бәрі осылай девичник жасайтын болған. Мұны әрі қыз күнімен қоштасу десе де болады. Бұл өте мәдениетті, сыпайы өткізіліп жатқаны ғой. Кейбіреулер Стриптиз клубтарға барып өткізеді» деді сөзінің аяғын сыбырлай бітіріп. Сосын бетімізге бақжия қарады. «Соны да білмейсің бе, мақау»... дегендей. Бақсақ... бәрі басқаша екен ғой. (Таным-түсінігіміз тас дәуірінде қалып кеткендігі үшін жастардан кешірім өтінеміз). Еліктеу-солықтаудан алдыға қара салмаймыз ғой, мойындау керек мұны. Түрік сериалдарында «девичник», «мальчишник» деп жатады ғой. Бұл соның қазақыландырылған түрі болса керек. Жастарымыз қоштасу кешін Стриптиз клубқа барып өткізетін болса...онда жетіскен екенбіз. Басқаша айтуға келіңкіремейді енді...
2. Жұмыстағы қыз-қырқынның қырылып қалайын деп компьютерге үңілгенінен шошындық. Стриптиз-шоу екен көріп жатқандары. Сол содан таңданыс білдірмей жұмысқа кірісіп кеттік. Кешке тағы «шу» шықты. Бір қыз кеш ұйымдастырып, соған арнайы стриптиз-шоу ұйымдастырып беретін адамды тауыпты. Үй дайын, стриптизер дайын... ендеше... Қыздардың тым дарақыланғаны ұнамады. Сол себептен болар кешке баруға бірден «отказ» жасадық.
Қай дүниеге сұраныс артса, соның көбейетіні рас қой. Бүгінде Стриптиз клубтарыңыздың жарнамасы жау шақырған жалаудай жер жарып тұр. Клиент жинаудың нешетүрлі амал айласын ойлап тауып қойған. Алғашқы келушілерге тегін шақыру билеттерін таратады. Бұл торға көбіне сүрбойдақтар, студенттер ілігеді. Не болмаса шау тартса да шабысынан жаңылмаған желіккендер барады. Бір барған адам тұрақты клиентке айналары сөзсіз. Білетіндер мейрамхана ашқаннан көрі стриптиз клуб ашқан әлдеқайда пайдалы дейді. Онда атағы жер жарған аспаз іздеп әуре болмайсың. Мейрамхана сияқты сәндеп, ақша шығындаудың және қажеті жоқ. Пилонға асылып бар «асылын» көрсетіп жыландай ирелеңдеп билей алатындарды тапсаң болғаны. Осы клубтар қалай торға маталудың амал айласын алдыңызға тосады. Сайттары да бар. Тіпті «девичник» ұйымдастырып беретін арнаулы сценаристері де бар. «Қыз күніммен қалай қоштасамын деп уайымдап жүрсіз бе? Қызметіңізге дайынбыз. Стиптизерлеріміз сіздің көңіліңізді қалауынша көтеріп береді» дейді. «Қаласаңыз үйге шақыртыңыз не болмаса шулы ортаны қаласаңыз клубқа келіңіз. Реніш туындамас үшін күйеужігітті де құлақтандырып қойыңыз» дегенді және ұмытпайды. Еліктеп-солықтауда алдына қара салмайтын қаракөздеріміз мұндайда қарап тұра ма? Әлгіндей «қоштасу кештерін» қызықты өткізуге барын салады.
Бейәдеп «өнер» қазақта болған ба?
Стриптиз ағылшын тілінен аударғанда «шешіну» және «ызаландыру, қоздыру» дегенді білдіреді екен. Билеу мен күйлеудің ауылы алыс қонбаған ғой. Еркек біткеннің делебесін қоздырып, тәнін жалаңаштап ақша сауу ерте замандарда-ақ жолға қойылған құсайды. Бұған тағы бір дәлел ертеректе тәнін жартылай жалаңаштап алып бөксесін бұлғаңдатып билейтін, бүгінгі аты «Шығыс биі», бұрынғы атауы қоздыру биі патшалардың гаремдерінде биленген. Ал осыған ұқсас «өнер түрі» яғни, «Тайлақ тарту» деген біздің тарихта да болған көрінеді. Н. Хлудовтың туындысы да дәл осылай аталады «Тайлақ тарту» деп. Бүтін қазақтың басын қосқан аламан тойларда көкпар, балуан белдесуінен бөлек осындай «Тайлақ тарту» деген ойын ойналған. Онда үстіне кілем жабылып, қоржын ілінген түйені сыйға тартқан. Оны оңайлықпрен бермейді әрине. Тәнін жалаңаштап ортаға шыққан әйел тісімен түйенің жібін шешіп алатын болған. Бірақ оның стриптиз-шоулардың шаңына да ілесе алмайтыны айқын. Ертеректе болса болған шығар, бірақ дәл бүгінгідей ашыққан көздердің алдына тәнін жалаңаштап, күнтимесін тосқан мәшқарашылықтың маңына да жолай алмайтыны анық. Ал стриптиз-шоудың сәл мәдениеттендірілген түрі «Шығыс биі» бүгінде кез-келген тойда биленетін болған. Жап-жас қыздар кіндігін көрсетіп, ашық-шашық киініп, бөксесін бұраңдатып билеуі ерсі көрінетіні рас. Тойда жас та бар, жасамыс та бар. Ең сорақысы ұят санамай кіп-кішкентай қыздарға дейін осы биді билетіп мәз боламыз келіп. Араққа сылқия тойып алған жігітшалыс қозықарындар келіп бишілердің бөксесіне ақша қыстырып жатады. Ең масқарасы осы биші қыздарға қол шапалақтап мәз боп отырған өзіміздің апалар мен аталарымыз. Тойды қойып мұндай масқара сахнаға да шығып кетті ғой. Қасиетті сахнаның атына кір келтіріп еркектерді еліктіретін би билейтін қыздардың ата-анасы бар ма екен деп ойлаймыз кейде.
Стриптиз клубтарда жұмыс істейтін бір қызбен танысымыз жолықтырды. «Онда тұрған не бар?» болды бишіміздің алғашқы жауабы. «Менің де табақтай дипломым бар, одан не пайда? Оқу бітірген соң табанымнан таусылып жұмыс іздедім. Ақырында ақшасыз жұмысқа тұра алмайтынымды біліп осы жерге келіп кастингке қатысуыма тура келді. Анамның кезінде көркем гимнастикаға қатыстырғанының бір пайдасы тиді осы жерде. 40-қа жуық қыздың ішінде топ жарып шықтым. Табысым жаман емес. Мұндағы жұмысымнан бөлек кейде жеке кештерге де шақырып тұрады. Оның сомасы қомақтылау» дейді өз кәсібін мақтаныш тұтып.
Кіндігін көрсетіп көстеңдеп жүретін қыздарымыз енді жалаңаштанып, бұраңдау арқылы нан тауып жүр... Бағанға асылып бұраңдау ма еді арманың, қазақ қызы?