Әлеуметтік желіде кейбір белсенділер "Асыл Арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабектің "Тәлім тренд" хабарының Ұлттық арнадан көрсетілуіне қарсылық білдірген. Мұхамеджан Тазабек бірнеше адамның сөзіне бола бағдарлама жабылмайтынын жеткізді.
 
"Менің осы жүргізіп отырған парақшамнан, айтып жүрген - ТӘЛІМ ТРЕНДТЕН - кімге не зиян бар? Кейбір қаракөздеріміз дабыл қағып, - Мұхамеджан сөйлемесін, ТӘЛІМ ТРЕНД тоқтатылсын - деп даурығатындай кім не бүлдірді?" Жазбасын осылай бастаған Тазабек бұл хабарда діни уағыз бен насихат емес, тәжірибесімен бөлісіп, тәлім-тәрбие  мен ізгілік туралы айтып жүргенін жеткізді.
 
Сондай-ақ автор отбасымен бірге көруге болатын  тағылымды хабардан кімнің қандай қасірет көріп тұрғанын түсінбейтіндігін айтып, ағынан жарылды.
 
- Ойбай, уахаби екен, арабтан ақша алады екен, билікке жағымпаз болғасын жолы ашық екен- деген жала мен долбарды естіп келе жатқаныма жиырма жыл болды. Күдіктілер ұсталып, кінәлілер сотталып, қаншама оқиға тарихқа сіңіп кетті. Болатын жаққа жүріп, оңатын тірлікпен айналысудың орынына әлі күнге бір-бірімізді аңдып, берекемізді қашырып, бет-бетімізбен шашылып жүрміз, - деді авторы сөзін жалғастырып.
 
Сөз соңында, М.Тазабек жау іздегенше, бақ іздеу керектігін айтып, ашуға берілмей, бірлікке шақырды. Оған қоса бес-алты қазақ қарсы болғаннан - Тәлім тренд" тоқтап қалмайтынын да баса айтты.