Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов "Хабар" агенттігінің креативті продюсері болып тағайындалды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы "Хабар" Агенттігі" АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли Facebook-парақшасында хабарлады.
"Белгілі өнер қайраткері Тұрсынбек Қабатов бүгіннен бастап "Хабар" Агенттігі" АҚ-ның креативті продюсері ретінде қызметке кірісті. Бойындағы таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында халықтың ықыласына бөленген Тұрсынбек Аманғалиұлы қолға алған кез келген жоба табысты болып жатады. Ол әдемі қалжыңы арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, әрдайым көпшіліктің көкейіндегіні айтып жүретіні белгілі. Оның ішінде отандық телеарналардағы "Әзіл әлемі", "Көңілді тапқырлар алаңы" сияқты жобалары көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие", - деді Берік Уәли.
Оның сөзінше, Тұрсынбек Қабатов жаңа қызметінде көрерменнің көзайымына айналатын тың, қызық жобаларды әзірлеумен және үйлестірумен айналысады.