Қыркүйек айында «Қазақфильм» киностудиясында ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуов туралы деректі фильмнің тұсаукесері болмақ. «Тұрмағамбет» деп аталатын деректі фильмнің режиссері әрі сценарий авторы Жаңабек Жетіруов үлкен кинода жоғары жетістіктерге жетсе де, ол өзінің жанына жақын жанр – деректі фильмнен ешқашан қол үзген емес.
Жаңабек Жетіруовтің әрбір деректі фильмінен ұлттық тұрғыда ойлайтын суретшінің көзқарасы байқалады. Ол әрқашан өз халқының белгілі тұлғаларын, ұлттық мәдениетке сүбелі үлес қосқан қайраткерлерді дәріптеп келеді. Бүгінде ұлттық кино, соның ішінде деректі фильмдер жеңілжелпі этнографиялық жасандылықтармен жиі шатастырылатын болды. Жаңабек Жетіруов өзінің шығармалары тартымды, ал бас кейіпкерлерін өте күшті, ерекше етіп көрсетіп, олардың тағдырларын көрерменнің жетесіне жеткізе суреттейді. Жаңабектің ең бір шебер бейнелеген тұлғаларының бірі – тәжік классигі Фирдаусидің «Шахнамэсін» қазақша сөйлеткен аудармашы, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов. Ұзақ жылдар бойы Т.Ізтілеуов туралы зерттеуге рұқсат берілмеді. Алайда Жаңабек белгілі ақын жайлы көп ізденіп, ол туралы деректі фильмді дүниеге әкелгенше көптеген тарихи тұлғалар мен қазіргі заманның белгілі адамдары жайлы деректі фильмдер түсіріп, шеберлігін шыңдай түсті.
Жаңабек Жетіруовтің ең сәтті шыққан деректі картиналарын атайтын болсақ, оның қазақ киносының ақсақалы Ораз Әбішев туралы түсірген «Ақсақал портреті» атты фильмінде режиссер қазақ кинематографиясының ең қызықты кезеңдерін және кейбір ұмыт болған тұстарын сәтті суреттейді. Ал оның мемлекеттік тапсырыспен түсірген «Махамбет» жобасынан кейін Жаңабекті көпшілік танып, дарынын бағалайтын болды. Сондайақ режиссердің «Абай мен Толстой» фильмі Францияда ЮНЕСКО көлемінде Абайдың 150 жылдық мерейтойын атап өткен кезде көрсетіліп, әлем халықтары оны жылы қабылдады. Жаңабектің тағы бір ерекше фильмі – «Кенесары Қасымов». Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігі үшін күресіп, аты аңызға айналған күрескердің бетбейнесі нақты көрсетілген алғашқы отандық деректі фильм. Енді, міне, режиссер Тұрмағамбеттей тұлға туралы туындыны дүниеге әкелді. Алайда қазіргі кезде Т.Ізтілеуов туралы екінің бірі толық біле бермейді. Тұрмағамбет – Бұқардағы атақты МирАраб медресесінде классикалық ислам діні бойынша білім алған соңғы буынның өкілі. Ол – шығыс тілдерін жетік меңгерген маман.
Жаңабек Жетіруов Тұрмағамбет өмірі туралы деректерді ұзақ жылдар бойы жинақтады. Режиссер ақынның мақалаларын, сұхбаттарын, кездесулерін жинақтап, оның туыстарымен, аудармашының мұраларын сақтаушылармен кездесіп, ауызша деректерден материал құрастырды. Сондайақ «сабақты ине сәтімен» дегендей, шығармашылық топ Душанбеде Тұрмағамбет Ізтілеуовтің қаламдас әріптестерінің ұрпақтарымен жолықты. Міне, қыруар еңбектің арқасында ақын, аудармашы туралы деректі фильм жарық көрді. Көрермен Т.Ізтілеуов жайлы жаңа туындының тұсаукесерін асыға күтуде.