«Біздің ата-бабаларымыздың да жауынгер болғаны тарихтан мәлім. Егер олардың қолданған сан түрлі айбатты қару-жарақтарын дәл осылай жеке көрме ретінде ұсынса, рухымыз көтеріліп, патриоттық сезіміміз еселеп артар еді». Бұл – елордадағы Президенттік мәдениет орталығында өткен «Мемлекеттік Эрмитаж жинағынан құралған ХV-ХІХ ғасырлардағы орыстың салтанатты және аңшылық қару-жарақтары» көрмесін тамашалағаннан кейінгі Республикалық ұланның 0112-әскери бөлімінің жауынгері, аға сержант Аймұқан Солтыбаевтың ойы. Мұны Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл да қостайды.
Мәскеудегі Мемлекеттік Эрмитаж өткен ғасырлардағы түрлі өнер туындыларының жинағына толы десек артық емес. Сол құнды жәдігерлердің ішіндегі бір төбесі – саны 15 мыңға жететін көне қару-жарақтар. Бұларды өткен ғасырлардағы қару ұста шеберлерінің таланты мен еңбегінің туындылары деуге болады. Түп негізін орыс князі Николай Павлович (І Николай) салған коллекция құрамында небір көркем дүниелер бар. І Николай тарихи, ескерткіштік және көркемдік құндылығы бар, техникалық жоғары сапамен ерекшеленетін көне қаруларды жинағанды ұнататын көрінеді.
Коллекция бұйымдарының қатарын негізінен жоғары деңгейдегі салтанатты, аңшылық, жекпе-жек және соғыс қарулары құрайды. Бір қарағанда олардың тек техникалық мүлтіксіздігі ғана емес, сонымен бірге бай жабдықтармен ерекшеленетінін байқауға болады. Германия, Италия, Франция, Испания, Түркия, Иран, Жапония мен Үндістан қатарлы елдерден әкелінген көне сауыт-саймандар, басқа да қарулар, қылыштар мен қанжарлар, тапаншалар мен дулығалар – осынау коллекцияның негізін құрайтын дүниелерге жатады. Ал олардың әлемдік қару-жарақ коллекцияларының бірегейлері санатына кіретінін де айта кеткен жөн.
Бүгінгі күні құнды мәдени дүниелерге айналып отырған қару-жарақтардың қатары оңайлықпен толықпағаны мәлім. Оларды Еуропаның батысы, Франция, Германия мен Швейцарияда өткен аукциондарда сатылған жәдігерлермен және жекеменшік тарихи, көркем жинақтарды сатып алу арқылы көбейтіп отырған. 1885 жылы ІІІ Александр тұсында Хандық село Арсеналы жинағы бүгінгі тұрағы – Эрмитажға көшіріліпті. Әрине, олардың арасындағы ең құндысы ХV-ХІХ ғасырлардағы орыс қару-жарақтары болып саналады екен. Олар сол кездегі барлық қару соғатын ұстаханаларда жасалған.
Астанадағы көрмеге Мәскеу, Санкт-Петербург, Тула, Златоуст және өзге де қару дайындайтын орталықтарда соғылған қару-жарақтар қойылыпты. Қызықты мәдени шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақ әуендері» АҚ ұйымдастырды. Оған мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев та қатысты. Асқар Исмайылұлы бұл шараның екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың жаңа парағы болатынын атап өтті. Көрме келесі жылдың 27 қаңтарына дейін жалғаспақ. Мемлекеттік Эрмитаждың көрмесі елордада 2006 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында да болған. Бірақ бұл жолғысы басқаша әсер қалдыратын көрмелердің қатарынан. Көрмедегі бұйымдардың көркемдігі мен басқа да ерекшеліктері орыс қару-жарақ шебер ұсталарының таланты мен шеберліктерін айқындады десек те, онда шығыстық үлгі менмұндалап тұрған сыңайлы.
Бір ғана мысал, коллекцияның ең алғашқы жәдігері 1811 жылы Түркиядан олжа ретінде әкелінген семсер екенін айтсақ та жеткілікті. Бұл пікірді Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл да құптайды. Алдан Зейноллаұлы көрмені тамашалағаннан соңғы әсерін былай жеткізді.
Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты:
– Егер ХV-XVII ғасырларда осындай дәрімен атылатын қаруларымыз болғанда, кең байтақ жеріміздің едәуір бөлігінен айырылмас едік, ешкімге отар да болмас едік. Өйткені Жайықтың бойындағы Сарайшықты Иван Грозныйдың қалай тып-типыл қылғаны, казактарды бастап келген Ермактың жорықтары еске түседі. Мына қарулар сол кезде пайдаланылды ғой. Ал дәрімен атылатын мылтық болмаса да, қылыш пен сауыт-дулыға бізде де болған. Гиттің түсіндіруіне қарағанда, дулыға мен тор көзді сауыт шығыстың үлгісі екен. Және қайқы қылыш та шығыстікі. Орыстардікі түзу болған. Және қылыштың бау тағатын жеріндегі ою-өрнектер қорғандардан табылып жатқан сақ жауынгерлерінің қылышындағы бедерлерден аумайды.
Түйін
Орыстың қаруын көре отырып, мұндай қару-жарақ жәдігерлерінің топтамасы неге бізде жоқ деген ой келеді. Оны жоғарыдағы жас жауынгер де, депутат та айтады. Бізде әр өңірден табылған ескі қарулар сол жерде сақталады. Тіпті кейбірі жоғалып та кетіп жатыр. Ал археологиялық жұмысты ерте жүргізіп, бұрын қамданған көршілер бізге тән қару мен өрнекті өзіне меншіктеп алудан аулақ емес. Оны Мемлекеттік Эрмитаж мамандарының өзі де мойындайтын көрінеді. Астанадағы біздің Эрмитаж болып саналатын – Президенттік мәдениет орталығында қазақтың, тіпті түркінің түп тарихынан сыр шертетін айбынды қару-жарақтарымыздың коллекциясы жиналып, жұрт назарына ұсынылса, рухымыз ояу жүрер еді.