26-ақпан күні Ахмет Ясауи университеті Мәдениет орталығының кіші залында Ахмет Ясауи университеті мен Түркі тілдес елдердің парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) бірлескен семинары өтті. Семинарда «Әдеби аударманың маңызы мен міндеттері» атты тақырып қозғалды.
Аталмыш шара 2014 жылдың 29 қыркүйегінде ТүркПА мен ХҚТУ арасында қол қойылған Түсіністік меморандумының аясында өрбіп отыр.
Семинарға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, ТүркПА мүшесі А.Смайыл мен ТүркПА бас хатшысы Ж.Асанов университет президенті, профессор У.Әбдібеков, университет вице-президенттері Т.Раимбердиев, М.Нұрсой, Б.Мұхамеджанов, Б.Ахметов, сондай-ақ, оқу орнының ғалымдары, оқытушылары, студенттері қатысты.
Шара барысында жалпы тілдік аударманың ғылымды, білімді, мәдениетті дамытудағы және елдер арасында ақпарат ағынын туғызатын арналар салудың мемлекетаралық байланыстардың нығаюына әсері жайлы тақырып төңірегінде әңгіме болды.
ТүркПа Бас хатшысы Асанов Жандос Әнуарұлының «Түркітілдес елдер арасындағы әдеби аударманың маңызы мен міндеттері», ҚР Мәжілісінің депутаты Смайыл Алдан Зейноллаұлының «Түркітілдес елдер арасындағы кәсіби тәржіменің өзекті мәселелері туралы», вице-президент М.Нұрсойдың «Түркиядағы кәсіби тәржіме:оның жағдайы, болашағы», ХҚТУ Оқу-әдістемелік ісі бойынша вице-президенті Б.Ахметовтың «Түсіністік меморандумы жоспарына сай орындалған жұмыстар», ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.к., профессор Ергөбек Құлбек Сәрсенұлының «Қазіргі таңдағы аударма ісінің жағдайы: мәселелер, олардың шешу жолдары, келешегі» атты баяндамалары тыңдалды.
ТүркПА Бас хатшысы Жандос Асанов: «Елбасы 2014 жылы 5-маусымда Түркияның Бодрум қаласында өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының төртінші саммитінде түркітілдес елдердегі бұқаралық ақпарат құралдарын нығайту және ортақ медиа ресурс құруды көздеген қадамдар жасауды ұсынды. Осы бағыттағы тиісті шаралар негізінде, ТүркПА –ның Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық комиссиясы өзінің 2014 жылы Бішкекте және Бакуде өткен екі жиналысында бір түркі тілінен екінші бір түркі тіліне кәсіби тәржіме жасай алатын аудармашыларды әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізді. Себебі, кәсіби аудармашыларсыз түркітілдес елдер арасында қай салада болмасын ақпарат ағымын ұлғайтып, елдеріміздің информациялық дербестігін нығайту мүмкін емес. ТүркПа мен ХҚТУ арасындағы Түсіністік меморандумы да осы мәселені қамтиды. Біздің осы университет студенттеріне үміт артқанымыз жөн болар. Студенттерге дұрыс бағыт-бағдар берсе, талай істі тындырады деп ойлаймын. Кәсіби аудармадан онлайн сайыстар өткізілсе, үздік аудармашыларды насихаттасақ, солар жайлы ақпарат кеңістігінің бір бөлігін толтырсақ бір игі іс болар еді. Аударма техникасы жайлы жазылған дүниелер онлайн, яғни, электронды желі арқылы тиісті сарапшыларға, көпшілік қауымға белгілі болу керек. Жақын болашақта түркі тілдерінің тарихын жазуды қолға алуымыз керек» деп өз ойын жеткізді.
Семинар барысында жалпы тілдік аударманың ғылымды, білімді, мәдениетті дамытудағы және елдер арасында ақпарат ағынын туғызатын арналар салудың мемлекетаралық байланыстардың нығаюына әсері жайлы тақырып төңірегінде әңгіме болды. Сондай-ақ, семинар тақырыбы аясында пікір алмасып, ұсыныстар беріліп, резолюция қабылданды.
Шара соңы қызу пікірталасқа ұласты. Көпшілік сұрақтарын қойып, толғандырған мәселелерін ортаға салды, ұсыныстарын білдірді. Университет президенті, профессор У.Әбдібеков ҚР Мәжілісінің депутаты, ТүркПА мүшесі Смайыл Алдан Зейноллаұлына, ТүркПа Бас хатшысы Асанов Жандос Әнуарұлына сый-кәде жасады. ТүркПа Бас хатшысы Жандос Асанов та өз кезегінде ректорға «мұнайдан» салынған кесене суретін табыстады.
(Суретті түсірген О.Назаров.)