Түркі әлемінің тұтасуына не кедергі?
Көктемде себілген тұқым күзде өнімін беретіні секілді, кешегі кеңес өкіметі тарапынан жүргізілген отарлық саясаттың нәтижесі бүгінде өз «жемісін» беруде. Ұлтсыздандыру саясатына өз кезінде оңайлықпен көнбей, тілімізді, дінімізді, ділімізді сақтау жолында күрескенімізбен, бүгінде руханият мәселесіне келгенде көзқарастарымыз қақ айырылып, құлдық санадан арыла алмай келеміз. Ұлтымызды дүбәра күйге шалдықтырып, еңсемізді езген осындай кеселден құтылудың жолы бар ма? Әлемді дағдарыс жайлап, аждаһадай ақырған АҚШтың өзі есеңгіреп тұрғанда, түбі бір түркі бірігіп, әлеуетіміз бен мәдениетімізді тығырықтан алып шыға алар ма екенбіз?
Туысын түгендемек түгіл, өзінің кім екенін зорға ажыратқан кешегі «байтал түгіл, бас қайғы» болған заманда көк бөрінің ұрпақтары жанжаққа шашырап кеткенді. Егемендік алып, ес жиғалы бері түркі жұрты түптамырын, туыстарын іздеп, ендігі уақытта жаһанданудың жалынынан аман қалуға ұмтылуда. Осының бір дәлелі – соңғы уақыттарда қаны бір, жаны бір, мүддесі бір түркі бауырларымыз атажұрты Қазақстанда бас қосып, түркі әлемінің өзекті мәселелерін талқылауды дағдыға айналдырғаны. Кешегі түркіге ортақ қайраткер Мұстафа Шоқай сынды азаматымыздың түрікшілдік, түркі жұртын тұтастандыру идеясы, Түркістанды «екі дүниенің есігіне, ер түріктің бесігіне» балаған Мағжандай арысымыздың арманы бүгін де маңызын жойған жоқ. Кеше біреудің жетегіне ерген елдер бүгінде алпауыттарға бәсекелес болуға талпынған шақта түркі жұртының жұдырықтай жұмыла әрекет етуі шарт. Осы орайда түркі жұртының өкілдері күні кеше екі күн бойында Алматы шаһарында өткен «Түркі әлемінің бүгінгі өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылымитәжірибелік конференцияда бас қосты. Түркі халықтарының мәдени қоры ұйымдастырып отырған жиын Елбасының таяуда Әзірбайжан астанасы Бакуда өткен саммитте Орта Азиядағы түркітілдес халықтардың бірлігін арттыру туралы айтқан идеясына арналып отыр. Конференцияға еліміздің белгілі ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондайақ Түркия, Өзбекстан, Ресейден келген ғалымдар, экономистер, тарихшылар, түркітанушылар, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілдері атсалысты.
Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, қоғам қайраткері:
– Кезінде АҚШтың 150 миллионға жуық жергілікті халқы өлтірілген. Жанжақтан келгендер олардың жерін тартып алып, халыққа улы киім, тамақ беріп, жаппай қырды. Егер қазақстандық ұлт болсақ, онда Қазақстандағы басқа түркітілдес ұлттар да жойылады. Ұлтты сақтап қалу – басты мәселе. Әрқайсымыздың өз атабабаларымыздан бері қарай жалғасып келе жатқан генетикалық ақпараттық қозғалыс болады. Әркім өз тілінде ойлауды, сөйлеуді тоқтатқан кезде сол ақпараттық қозғалыс үзіледі. Атабабаларымыздың рухы бізге арыз айтады. Өз ұлтының рухына қарсы шығу – Аллаға қарсы шығу. Ұлтты ешкім ойлап тапқан жоқ. Ұлтты Алла жаратты. Көп ұлттардың аз ұлттарға қысым жасауына жол бермеуіміз керек.
СоветХан ҒАББАСОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Түркі жұрты «бірігейікбірігейік» дегеннен біріге алмаймыз. Бізге керегі – бірігудің тәсілдері. Біз – әлемге бүкіл білім мен ғылымды таратқан елміз. Адамзат өркениеті Қытайдан, Египеттен, Грекиядан тараптымыс дейтін тарихи бұрмалаулардан арылып, ақиқатқа жетуіміз керек. Еуропацентристік көзқарасқа барынша төтеп бермесек, ұлт болып қала алмаймыз. Кешегі цунами, топан су секілді апаттар, спид, құс және шошқа тұмауы секілді індеттер неге етек жайып кетті? Бұл табиғаттың қателігі ме? Бұл табиғат тылсымдары күн жүйесінде емес, адамзат тіршілік ететін жер бетінде белең алды. Яғни бұл – адамзаттың қателігінен. Сондықтан біз Батыстан ділімізге жат дүниелерді қабылдай бермей, ұлттық иммунитетімізді күшейткеніміз жөн.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Біз, түркітілдес халықтар, сөйлегенде бірбірімізді түсіне аламыз, бірақ жазуымыз әртүрлі. Міне, қанша жылдан бері біз түркітілдес халықтарға ортақ тіл, жазу мәселесін шеше алмай келеміз. Түбіміз бір болғанмен, жиындарда орысша сөйлесек, онда несіне бірігеміз? Түркі елдерінің кейбірі латын әліпбиіне көшіп те алды. Алайда латын әліпбиінің өзін әркім әртүрлі қолданады. Біріміздікі біріміздікіне сәйкес келмейді. Мен осы мәселені Елбасының алдына да қойған болатынмын. Сонда ол кісі: «Егер біз өзімізше латын әрпіне көшсек, басқа туысқандарымыз не дейді?» – деген еді. Бұл сөздің де жаны бар. Өйткені біз алдымен барлық түркі тілдеріне лайық латын әліпбиінің үлгісін таңдауымыз керек.
Жаһандану процесі бүкіл әлемде өзгеше қанат жая бастады. Баршаңызға аян, бұл дегеніміз – ұлттық мүддені тұқырту, өзгенің тілін, салтсанасын енгізу. Бүгінде алпауыт елдер – Ресей мен Қытай билігі ашықтанашық аз ұлттарға қысым көрсетіп, ұлттық мектептерді жауып жатыр. Ал біздің елде мемлекеттік қызметте істейтіндердің 85 пайызы орыс тіліне жетік, ана тілін керек те қылмайды. Өйткені қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ. Атыжөніміздің өзі не қазақ, не басқа ұлт екенімізді айқындай алмайды. Өйткені құжатымызда тегіміз орысша жазылған. Дербес мемлекет бола тұра, бірдебір қазақтілді телеарнамыз жоқ. Мұндай проблема бізден басқа кейбір түркітілдес елдерге де тән. Міне, алыстан ат сабылтып келген бауырларымыз да, еліміздің беткеұстар зиялылары мен ғалымдары да осы мәселелерді шешудің өзіндік жолдарын ұсынды.
Түркі әлемінің бүгінгі өзекті мәселелері:
• түркітілдес халықтардың әлемде бейбітшілікті сақтай отырып, әлеуметтік жағдайды жүйеге келтіруі;
• әлемдік дағдарысты еңсеру, дағдарыстан шығудың тиімді жолдары;
• түркілер тарихының бұрмаланған тұстарына жаңаша көзқарас;
• түркіге ортақ тіл, дін және жазу мәселелері;
• түркі тілдеріне арналған сөздік жасау және интернетресурстарды тиімді пайдалану;
• түркі елдеріне тарайтын телеарна ашу.
Түйін
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді халық даналығы. Алайда түркі әлемі бірігіп, түгенделу үшін ең жетіспейтіні – ауызбірлік. Түркітілдес елдерді айтпағанда, бір ғана қазақтың өзі қырыққа бөлініп, өзінен асып кетсе, көре алмай, жоқ болып қалса, бере алмай отырған жоқ па?! Мүддемізді біріктірейік деген мақсатта өткізілетін жиындардың өзінде жиналғандар бірінбірі құттықтап, мадақтаумен немесе даттаумен уақыт ұтқызады. Ал аз ғана уақытта көп проблеманы шешу мүмкін емес. Дәме бар, дәрмен жоқ болып қалатыны да сондықтан. Дегенмен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға талпынған зиялы қауымның бүгінгі еңбегі ертең жеміс беріп қалатынына үміттенейік.