Түркі әлемі зиялыларының мұрасына мұқият болсақ...
Дүниежүзіндегі түркітектес халықтар ішінде Осман түріктерінен кейін халық саны жағынан екінші орынға шыққан қазақ жұрты зұлмат жылдары зорлықпен жүргізілген саясаттың әсерінен жартысынан астамынан айырылды. Бұл бір халыққа бағытталған геноцид ішіндегі тарихта өте сирек кездесетін қанды қырғын еді. Оның тарихи себебі мынада: Кеңес империясы түркілердің тұтастығын жоққа шығарып, олардың ыдырауына, бастарын қоспауға күш салғаны белгілі. Ал Түркияда кеңестік империяның озбырлығына қарсы шыққан Нехал Атсыз, Ататүрік, Ахмет Зәки Уәлиди, Алпарслан Түркеш сынды түркішіл зиялылар бастаған 40 шақты кісі 1944 жылы Анкара түрмесіне қамалады. Екі рет сот өтеді. Тек 3 мамыр күнгі екінші сотта әділет салтанат құрып, түркішіл зиялылар бостандыққа шығады. Сондықтан Түркияда азаттық жолында опат болған зиялыларын еске алу күні 3 мамырда атап өтіледі.
Ататүрік қағидасы
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толықтырып, жаңартудың дәуірі келді. Орынсыз жала жабылып, жазықсыз жапа шеккен түркі әлемі зиялыларының ақталып, олардың еңбектерінің ғылыми айналымға қосылуы, бүгінгі күнде жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Кеңес кезіндегі көп ағаттықтардың барлығын бүгінде қалпына келтіріп, шындықты жазатын уақыт келді. Қазақ халқының тарихы бір, тілі бір, діні бір бауырлас түркі халықтары тарихынан бөле-жара зерттеудің қалай бұрмаланғандығы «ақтандық» беттерінің ашылмай, шынайы тарихымыздың жазылмай келгені баршаға аян. «Тарихты жазу да оны жасау сияқты маңызды. Жазған, жасағанға адал болмаса, өзгермейтін шындық адамзатты таңдандыратын сипат алады», – деген Мұстафа Кемал Ататүріктің тұжырымдамасымен келіспеу қиын. Өйткені дананың айтқан бір сөйлемінде үш бірдей маңызды түйін жатыр. Біріншіден, тарихты жазу жасаумен теңестіріледі. Тарих дегеніміз тарихи оқиғаларды жасаған тұлғалардан тұрады. Демек, тарихшы да – тарихи тұлға. Екіншіден, жазғанның жасағанға адалдығы талап етіледі. Яғни жазушы тарихи тұлғаға шындықпен қарауға тиісті. Үшіншіден, Ататүрік тарихты өзгермейтін шындық деп алып, оны бұрмалаушылықтың түсініксіздікке соқтыратынын айтады. Яғни болған, өткен уақиға енді басқаша бола алмайды. Сондықтан оны саясатқа салып, қалай бұлғақтатсаң да, бәрібір сол оқиға болған қалпын өзгертпейді. Тарих – адам баласының жүріп өткен қасіреті мен қуанышының жиынтығы. Егер біз өткен тарихымызды таразыласақ, өзек өксіткен өкініштерді қайталамауға тиіспіз.
1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Қазақстан елінің Тәуелсіздігін қуанышпен қарсы алған ірі мемлекеттердің бірі – Түркия. Мұстафа Кемал Ататүрік нығайтып кеткен Түркия Республикасы біз үшін көзқуаныш. Мұстафа Кемал Ататүрік (1881-1938) – тек туысқан түрік халқы, Түркия елі ғана емес, бүкіл Түркі әлемі, тіпті бүкіл адамзаттың ХХ ғасырда тарих сахнасына шығарған ірі тұлғалардың бірі. ХIХ ғасырдың соңында әбден әлсіреген, сөйтіп, өзінің ыдырау кезеңіне аяқ басқан Осман империясы (1299-1922) Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырайды. Бұған дейін талай жерінен айырылған алып империяның қалған бөлігінің (Анадолының) жартысынан көбін Ыстамбұл, Ізмір, Бурса сияқты үлкен қалаларымен қоса батыстың ірі империалистік елдері басып алады. Өз тарихында ешкімге отар, бодан болып көрмеген Түркияға енді біржолата құрып кету қаупі төнеді. Оны тек жақсы ұйымдастырылған ұлт-азаттық соғыс қана құтқара алатын еді.
1919-1922 жылдар аралығында сондай соғысты 40 жастардағы армия генералы Мұстафа Кемал паша (паша – ең жоғарғы әскери лауазым, генерал, маршал ұғымын білдіретін сөз) басқарып, көп адам шығынымен болса да, сол соғыстың нәтижесінде Түркия өз тәуелсіздігін сақтап қалады. Ататүріктің басшылығымен Түркия үшін өмірлік маңызы бар көптеген реформа жасады. Ол батыс үлгісіндегі Еуропа демократиясына негізделген, дамыған түрік мемлекетін құрып, көптеген жаңа істің ұйытқысы болды. Осы мақсатпен жаңа түрік парламентін ұйымдастырып, оны өзі басқарды. Қазір ол «Түркияның Ұлы Ұлттық мәжілісі» (ТҰҰМ) деп аталады. Ататүрік сондай-ақ елдің жаңа Конституциясын (Anayasa – Ата Заң) дайындап, басшылық жасады. Мұстафа Кемал пашаның түрік халқының, Түркияның алдында сіңірген орасан зор еңбегін ескеріп, 1934 жылы фамилиялар туралы заң қабылданғанда ТҰҰМ (парламент) арнайы қаулымен оған Ататүрік (түріктердің атасы деген мағынада) фамилиясын берген. Ол тарихта да сол есіммен қалды, әлемге де сол есіммен әйгілі болды.
Түркітануға басымдық керек
Бүгінгі таңда да біртұтас Түркістан идеясы мыңдаған түрік зиялылары мен қайраткерлері үшін қасиетті әрі болашағы бар идея ретінде өмір сүруде. Мұстафа Шоқайдың еңбектері мен өмір жолы, қазіргі түріктамырлас тәуелсіз республикалар басшылары үшін де өнеге үлгі боларын сара жол десек, артық айтқандық болмайды. Түркі халықтарының ортақ қамқоршысы, бүкіл ғұмырын осы жолдағы арпалыспен өткізген тұңғыш эмигрант күрескер, саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың ұлтшылдық идеясы. Оның өзгелерден басты ерекшелігі де сол. Эмиграцияда жүрген кезінде М.Шоқай бірнеше мақалаларында және Франция мен Германияда халық алдында сөйлеген сөздерінде КСРО-ның саясатын сынға алды. Яш «Түркістанды» (1935 ж 7-сан) ол Түркістан, Кавказ және Украина ұлттық орталықтарының, КСРО-дағы орыс емес халықтардың құқықтарының бұзылуы туралы Ұлттар Лигасына арнап бастырады. М.Шоқай мұның бірінші үндеу еместігін жазып, ұлттар құқығын қорғау үшін күреске шақырған.
Ендігі кезекте түркі халықтарының тарихи тағдырының ортақтығын айқындайтын еңбектер жариялау, жаңа деректерді іздестіруді жалғастыру түбі бір түркі халықтарын бір-біріне жақындата түсетіні айқын. Ғасырлық тұлға Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор. Ол түркітілдес халықтардың конференциясын жариялы түрде ұсынып, экономикалық-саяси жақтан тәуелсіз болуды армандаған. Ұлттық саясатты бұрмалаушылықты орталық үкіметке ашық жеткізген.
Бүгінгі таңда да біртұтас Түркістан идеясы мыңдаған түрік зиялылары мен қайраткерлері үшін қасиетті әрі болашағы бар идея ретінде өмір сүруде. Бауырлас Түркия мемлекеті мен Қазақстан арасындағы ағайындық байланыстың маңыздылығын көрсете келіп, Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан мен Түркияны байланыстыратын ортақ негіздер аз емес: географиялық жағынан Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде, этнографиялық тұрғыдан келсек, халықтардың шыққан тегі, тілі және мәдениеті тамырлас», – деп атап көрсетті. Қазіргі ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту кезінде тегіміз бір түркі елімен байланысымыздың маңызы зор болмақ.
Жалпы, түркі халықтарына қыруар еңбек сіңірген тұлғалардың өмірі мен іс-әрекеті – арысы әлемге, берісі Орта Азияға ортақ өзгелерге өнеге болғандығы анық. Тек бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын тереңдете түсу қажет.
Бұрын жарияланбаған мәліметтердің жариялануы осы мәселе жөніндегі ескі көзқарастарды өзгертуге себепші болатынына ешкім күмәнданбас. Демек, түркі әлемі зиялыларына тағзым – ұрпаққа ұлағат. Ал оған үлес қосатын да жастар. Осы орайда түркітану саласына баса мән беру қажет. Болашақта, ортақ мұраларды насихаттауда, жеке тұлғаларды әлемдік деңгейде ұлықтауда күш біріктірсек – шығар тауымыздың, алар биігіміздің бүгінгіден де биік болатынына кәміл сенеміз.
М. Молдабаева, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің профессоры,
З. Ноғаева, тарих және халықаралық кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты