Барлық нәрсе әйтеуiр бiр кездерi басталады. Содан соң әрi қарай өрiс алып, дамиды. Дегенмен тарихта қашан да сол бiрiншi кез, бiрiншi адам қалады. Қазақта мұны бiр ғана сөзбен «тұңғыш» дейдi. Бiз бүгiн қазақ әйелдерiнiң арасынан шыққан әр саладағы тұңғыштарды iздедiк.
1. Нәзипа ҚҰЛЖАНОВА (1887-1934) – қазақтың тұңғыш журналист қызы.
1902 ж. Қостанайдағы қыздар гимназиясын бiтiрiп, Торғайдағы қыздар училищесiнде, кейiн (1904-1919 ж.ж.) Семейдегi мұғалiмдер семинариясында ұстаз болған Нәзипа қазақ әйелдерi арасынан тұңғыш әлеуметтiк iске белсене араласқан педагог-ғалым әрi қазақ тағдыры жайлы бiрнеше басылымдарға мақалалар жазған қаламы қарымды публицист те. 1914 жылы 26 қаңтарда Семей қаласында Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арналған поэзия кешiн ұйымдастырған әрi сонда Абайдың өмiрi мен өнерi туралы таза орыс тiлiнде баяндама жасаған Нәзипа Құлжановадай қарындасының iсiне сүйсiнген Ахаң, яғни Ахмет Байтұрсынов кезiнде оған өлең арнап, 1924 жылы жарық көрген “Ана мен бала” атты еңбегiне алғысөз де жазды.
2. Дариға ТIНӘЛИНА – қазақтың тұңғыш кәсiби режиссер қызы.
Әлемге әйгiлi кинорежиссер А.Довженконың өзi Дариға апамызды «Шығыстың тұңғыш әйел-кинорежиссерi» деп ерекше бағалап, қазақтың қаршадай қызының дарыны мен өнерiнiң алдында бас иген. Олай ететiн де жөнi бар, себебi 22 жыл «Мосфильм» киностудиясында тер төккен Дариға Тiнәлина ұлы итальян режиссерi Федерико Феллинимен, француз киноактерi әрi күмiс көмей әншiсi Иво Ливимен, КСРО халық әртiсi Иван Пырьевпен иықтаса жүрiп, қызмет еткен. Оның өзi де актриса ретiнде 1940 жылы М.Донскойдың «Романтиктер» атты фильмiне түскен. Ал өзiнiң режиссер ретiндегi кәсiби бiлiктiлiгiн «Салтанат», «Қияндағы қыстауда», «Айрықша маңызды тапсырма» фильмдерiнде керемет үлгiде көрсеткен. Осылардан бөлек Эйзенштейн, Сергей Герасимов, Әбдiлдә Тәжiбаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов сынды тұлғалар туралы деректi фильм жасаған кинорежиссер апамыздың жасы бүгiнде 88-де. Алматы қаласының «Самал» мөлтекауданында тұрады.
3. Ләзиза АЙМАШЕВА – қазақтың тұңғыш тележүргiзушi қызы.
1958 жыл, наурыздың 8-i. Тарихқа алтын әрiптермен жазуға лайық бұл күн – Қазақ телевизиясының туған күнi. Әлi ешкiм экран дегеннiң не екендiгiн де бiлмейтiн сол тұста қазақ қыздарының iшiнен алғашқы болып тiкелей әуе толқынында хабар жүргiзген тұңғыш дикторды бүгiнгi жастар бiле ме? Сол тұста жап-жас әрi үрiп ауызға салғандай сұлу Ләзиза қызды дәрiханада жұмыс iстеп тұрған жерiнен көрiп, бiрден жүргiзушiлiкке шақырған екен. Содан Аймашева апамыз15 жылдан астам диктор болды. Және бәрi де тек тiкелей эфирдегi хабарлар едi.
4. Қазақтың тұңғыш кәсiби бишi қызы – Шара ЖИЕНҚҰЛОВА.
Би құдiретi бойына тумысынан дарыған Шара небәрi он алты жасында атақты бишi атанды. 1936-1937 жылдары Мәскеу мен Ленинград гастрольдерiнде театрдың қандайлық биiк белеске көтерiлгендiгi тарихтан белгiлi. Қазақ әдебиетi мен өнерiнiң Мәскеудегi алғашқы онкүндiгiнде зор табыстары үшiн бiр топ қайтаркерлерге Үкiметтiң ең биiк наградалары табыс етiлсе, соның iшiнде Шара Жиенқұлова «Құрмет белгiсi» орденiн тағып қайтады. Оның орындауындағы қазақтың күлдiргi әндерiне құрылған «Молдабай», «Жариям-айдай», «Бүркiтшi», «Сауыншы жеңгей», «Шахтер», тағы басқалар тендессiз қайталанбас дүниелер-тұғын. Қазақтың тұңғыш драма театры шымылдығын ашқанда Еңлiк пен Қаракөздей аяулы қыздарымыздың рөлiн, Қазақтың ұлттық кино өнерiнiң төлбасы болған «Аманкелдi» фильмiнде Бану рөлiн Шара Жиенқұлова ойнады. Қазақ өнерiнде қазақ биi мықтап қалыптасты десек, соның көшбасшысы, бастау көзi болып қалай да Шара (Гүлшара) Жиенқұлова қалады.
5. Күләш БАЙСЕЙIТОВА – қазақтан шыққан тұңғыш КСРО халық әртiсi, аты аңызға айналған тұлға.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтiң өзi «Күләш деген керемет!» деп таңғалғаны жайдан-жай емес. Е.Г. Брусиловский жазған бiрiншi қазақ операсы – «Қыз Жiбектiң» қойылуы қазақ музыка мәдениетiнде үлкен тарихи оқиға болды. 1936 жылғы Мәскеудегi қазақ өнерiнiң онкүндiгiнде Қыз Жiбек бейнесiн сомдаған Күләш тыңдарман жұртшылықты таңғалдырды. 24 жасында Күләшқа Совет Одағында алғашқылардың қатарында СССР халық әртiсi атағы тағайындалды.
6. Мәншүк МӘМЕТОВА – Кеңес Одағы батыры атағын алған тұңғыш қазақ қызы.
1922 жылы Гурьев облысы Орда ауданында туылған Мәншүктiң азан шақырып қойған аты Мәнсия. Анасының «Моншағым» деп еркелеткенiн ол сұрағандарға бала тiлiмен «Мәншүк» десе керек. Солай Мәншүк боп кеткен ол мектептi бiтiрген соң медицина институтына оқуға түседi. Содан екiншi курсқа өткенде Ұлы Отан соғысы басталып кетедi. Сонда небары 18 жастағы Мәншүк «Фашистердi жою үшiн майданға жiберетiн менiң ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзiмдi жiберiңiз» деп әскери комиссариатқа хат жазған. 1942 жылдың 13 тамызында Алматыдан № 100 атқыштар бригадасымен Мәншүк те майданға аттанады. Кеңес Социалистiк Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесiнiң Жарлығымен 1944 жылдың 1 наурызында немiс басқыншыларымен соғысу майданындағы көрсеткен ерлiгi үшiн Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi.
7. Хиуаз ДОСПАНОВА – қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш ұшқыш.
Елiмiздiң көркi мен даңқын сонау Ұлы Отандық сұрапыл соғыс жылдары ерлермен бiрге етiгiмен су кешiп жүрiп қорғаған аяулы қыздарымыздың бiрi әрi бiрегейi, тұңғыш әскери ұшқышы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова Қазақстанның батыс өңiрiнiң орталығы Оралда 1922 жылы дүниеге келген. 1940 жылы Мәскеу қаласындағы Медицина институтына оқуға түскен ол соғыс басталған кезде атақты орыс ұшқышы М.Раскова басқарған 46-шы гвардиялық полкке қабылданады. Қайтпас қайсар қазақ қызының бiр өзi Украина, Белоруссия, Қырым, Кавказ, Польша және Албания сияқты фашистер басып алған ел аспанында “ПО-2” бомбалағыш ұшағымен үш жүз рет жау төбесiнен ажал оғын бұрқыратқан. Осындай ерлiгi үшiн 2004 жылдың 16 желтоқсаны – Тәуелсiздiк күнi қарсаңында Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен “Халық Қаһарманы” атағы берiлiп, Алтын Жұлдыз және “Отан” орденi тағылды.
ТҮЙIН
«Әйел — ердiң тәңiрiсi, жарата да алады, жоқ қыла да алады, сүйдiре де алады, күйдiре де алады. Әйел – ердiң құлы, табанының астында топырақ болады, ердiң көлеңкесiне айналады, өзi жоқ болады». Мағжан мұндай сөздердi қазақтың қызы мен әйелдерiнiң бойындағы асқақ рух пен темiрдей төзiмге қарап айтқаны даусыз. Себебi қазақтың қыз-келiншектерi қай заманда да отбасы, ошақ қасында отырып қалмай, ақылы жетсе ел iсiне, ұлт намысы мен жұрт жұмысына да араласқан. Жоғарыда келтiрiлген қазақ әйелдерi, мiне соның – жарқын дәлелi.