Қарағандының бейнелеу мұражайы өзінің 25 жылдық мерейтойына орай түнгі мұражай жобасын ұйымдастыруда. Аты айтып тұрғандай, мұражай түнімен есігін айқара ашып, қарағандылықтарға тарихтан сыр шертпек. Түнгі мұражай халықаралық мұражайлар күні қарсаңында өткізілмекші.
Мұражай алдындағы алаңда күндіз Қарағандының суретшілері туындыларын көпшілікке ұсынып, сатып, көрмеге қоя алады. Ол үшін суретшілерден ақы, төлем талап етілмейді. Ал кішкентай балдырғандар «Әлемді бейнелеймін» деген тақырыпта қағазға, асфальтқа сурет салу бойынша байқауға қатысады. Кешкі сағат 18.00-ден бастап, 23 сағатқа дейін түнгі мұражай басталады. Онда мұражай қызметкерлері боди-арт жобасын ұсынады. Ол «Жанды мүсіндер» деп аталады. Яғни адам арқылы белгілі суретшілердің туындылары бейнеленетін болады. Сондай-ақ мұражай қызметкерлері мұражай залын бірнеше бөлікке бөліп, түрлі костюм киіп, онда тарихи кезеңдерді бейнелейтін көрінеді. Сонау адамзат пайда болған үңгірден бастап, бүгінгі ХХІ ғасырдағы Қазақстанға дейінгі аралықты қамтымақ.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА, мұражай қызметкері:
– Атақты суретшілердің көркем туындыларына жан бітеді. Атап айтқанда, Валентин Серовтың «Қыз бен шабдалы», Франсиско Гойидің «Герцогиня Альба», Жан Этьен Лиотардың «Шоколадшы» сынды озық туындылары. Сонымен қатар, мұражайға келушілер алғашқы қауымдық құрылыстан бүгінгі егемен елімізге дейінгі тарихи дәуірлерді тамашалай алады. Олар тоғыз секторға бөлінген. «Үңгірдегі өнер», «Ренессанс», «Орыс суретшілері», «Сюрреализм. Сальвадор Дали және оның моделі», «Шоқан Уәлиханов суреткер ретінде», «Қазақтың бейнелеу өнері», «Репрессияға ұшыраған суретшілер», «Қарағанды суретшілер одағының негізін қалаушылар» және «Біздің замандастарымыз».
Бұл жоба мұражайда алғаш рет жүзеге асып отыр. Мұражай мамандарының айтуынша, бұл алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Түнгі мұражай тылсымға толы
Последние статьи автора