Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Олжас Сүлейменов тұлғасының үлгісі арқылы жастарды тәрбиелеу моделі» атты студенттік ұйымдардың республикалық Жастар форумы табысты өтті.
Аталған форумға Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы мен Медеу ауданы әкімдіктері өкілдері, республикадағы жоғары оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі проректорлары, жастар саясаты комитеттерінің төрағалары мен студент жастар қатысты. Біліктілердің басын қосқан ауқымды шараның басты мақсаты – белсенді студент жастарды біріктіру, олардың өзекті проблемаларын талқылау, жастар ұйымдарының қарым-қатынасын нығайту және тың идеялар мен бастамаларға қолдау көрсету. Сондай-ақ Олжас Сүлейменовтің тұлғасы арқылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттерді тәрбиелеу моделінің тәжірибесін насихаттау.
Елуге тарта ЖОО-дан 100-ден астам студент қатысқан форумда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі уақытта жастар саясаты мен тәрбиесіне мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп отырғандығын тілге тиек етті.
Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик:
– Мемлекет басшысы республика білім қызметкерлерінің ІІ съезінде: «Білім беру ісін реформалаудағы стратегиялық міндеттердің бірі – шығармашылық тұрғыдан ойлай білетін жеке тұлғаны қалыптастыру мен тәрбиелеу» деп атап көрсеткен болатын. Бұл мақсаттың жүзеге асуы тек тұлғаның қалыптасуына ғана емес, жалпы қоғамның дамуына үлкен әсерін тигізеді. Осы ретте оқу орнында жастарды қазақстандық патриотизм және толерантты этникааралық рухта тәрбиелеу жұмысы мақсатты әрі жүйелі түрде жүргізіледі. Қай уақытта да ел болашағы – жас ұрпаққа сол дәуірдің бірегей көрнекті тұлғалары үлгі болған. Міне, сондай тұлғаның бірі – халық ақыны, ойшыл-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменов. Оның тұлғалық кеңістігін қазіргі замандастары әлі толық түсіне алған жоқпыз. Бірақ бір нәрсе анық – Олжас Омарұлы – қазақ халқының тарихында өз парағын жазып қалдырған айтулы тұлға.
Олжас Омарұлы жыл сайын 18 мамыр – өзінің туған күні қарсаңында Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне арнайы келіп, мәдени шаралар мен волейбол турниріне қатысуды дәстүрге айналдырған.
Өйткені аталған оқу орнында бірнеше жылдан бері ақынның атымен аталатын Әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институты жұмыс істейді. Сондай-ақ аграрлық университеттің үлкен спорт кешенінде жыл сайын волейбол спорты ардагерлері арасында дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» сарапқа салынады. Бұл шаралар университет ректоры, академик Тілектес Есполовтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылып келеді.
Бұл жолы да білім қуған жастардың ортасынан көрінген ақын форум жұмысына қатысушыларға алғыс айтып, руханият пен білім турасында келелі ойларымен бөлісті.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Халық жазушысы:
– Бүгінгі форум тақырыбы менің өзімді ойлануға мәжбүрлеп отыр. Иә, мен қалай тәрбиелендім? Бізді анамыз да, уақыт та, комсомол да, студенттік орта, мектептегі достық, көшедегі қарым-қатынас та тәрбиелеп, соның бәрін өзімізден өткіздік. Ал менің тәрбием бүгінгі тәрбиеден несімен ерекшеленеді? Әрине, уақыт өзгерді. Бірақ бізді «алдымен халқың, Отаның жайлы, сосын ұжымың, адамзат туралы, сонан кейін уақыт қалса өзің жайлы ойла» деп тәрбиеледі. Мені анам «Еңкейгенге еңкей – ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай – ол Құдайдың ұлы емес» деп өсірді. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін экономиканы, мәдениет пен білім жүйесін қайта құру кезінде «Қалай болған жағдайда да өзіңді ойла, саған жақсы болса, елге де жақсы, сондықтан уақыт қалса, елді сонан соң ойла» деді. Міне, сіздер осындай уақытта туып, осындай уақытқа тап болдыңыздар. Біз өзіміздің ХХ ғасырымызды қиындықпен өткізсек те, адамгершілік, ар-намысымызды, ақыл-ой, сана-түсінігімізді сақтап қалдық. Ал сіздер әлі жассыздар. Бәрі алда. Кезінде Америка президенті Джон Кеннеди: «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп ойлау керек» деген. Мәселе, кіммен бірге болуда емес, кім болып шығуда дұрыс таңдау жасау керек. Міне, осы сөз бәрімізге қатысты деп ойлаймын.
Форум бағдарламасы аясында ҚазҰАУ-дың студенттік орталықтары мен ҚазҰАУ ғалым жастары альянсының тұсаукесері, О.Сүлейменов шығармашылығы бойынша әдеби-сазды композиция, дебат, шеберлік сыныбы, жастар аллеясын отырғызу т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұдан соң аграрлық университеттің спорт кешенінде Олжас Сүлейменовтің қатысуымен волейболдан ардагерлер арасында VІ халықаралық турнир басталды. Осы күні түс ауа Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Олжас кітапханасы» баспа үйінен жарық көрген «Қазақ әдебиетінің классиктері, қазақ прозасының және поэзиясының шеберлері» атты кітап сериясының арнайы таныстырылымы ұйымдастырылды. Жаңа әдеби кітаптардың тұсаукесеріне белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Бұдан соң шаралар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жалғасып, онда Олжас Омарұлы Сүлейменов студент жастармен кездесу өткізіп, «Сөзді сүю» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Форум материалдары алдағы уақытта арнайы жинаққа топтастырылмақ.
Тұлға арқылы ұрпақты тәрбиелеу
Последние статьи автора