«Ауру – астан, дау – қарындастан» деген сөзге бүгінгі заман «ауру – ыдыстан» деген жолды қосуға мәжбүрлейтіндей. Ілгерілеген заманның игілігімен қатар, кейінді ықпалы да болатыны жай сөз емес, расында, бүгін өз шындығын көп жағдайда көрсетіп жатқандай. Оның бірін елесек, бірін елемейміз. Алайда күнделікті асқа, оны ішетін ыдысқа қалай мән бермессің? Бал ішкеніңнен не пайда, егер ол «улы» ыдысқа құйылса?!
Әдетте асқазанымыз сыр бере қалса, дереу ішкен асымыздан көреміз. Ас ішкен аяқтан көрген адамды көргеніміз жоқ. Ал анығында, солай болуы әбден мүмкін. Қазақта «таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақпен тасты ұрсаң да, жапалақ өледі» деген әдемі теңеу бар. Сонда айтылғандай, таза ыдыспен бұзылған, яғни иістенген ас ішсе де, болмаса жаңа піскен ас болса да, «улы» ыдыспен ішсе де, нәтижесінде адам зиян шегетіні айдан анық. Бүгінде базар толы ыдысты сатып аларда абайламасаңыз, өзіңізге өлім сатып алуыңыз әбден мүмкін. Әсіресе кейінгі кезде бір рет қолдануға ыңғайлы, өзі арзан пластик ыдыстар, «лақтырсаң да сынбайды» деген жарнамасы жер жарып тұрған шыны ыдыстар, түбі күймейтін табалардың қандай қауіп туғызатынын білсек қой...
«Сынбайтын ыдыс» туралы мифтің астарында не жатыр?
«Суға салсаң – батпайды, отқа салсаң – жанбайды» деген әсірелеуші теңеудің ертегі не жырда кездесетінін ескерсек, қазіргі пиар заманы осындай аңыздың өзін ақиқат секілді сендіруге тырысып жатыр. Мысалы, жерге түсірсең де, лақтырсаң да сынбайды деген жарнамамен қазір шыны ыдыстар сатылып жатыр. Ақиқатында солай ма? Бұған күмән туғызған мынадай жайттар болыпты. Таңертеңгілік ас ішіп отырған отбасы дастарқанының кенет берекесі ұшады, қаннен қаперсіз, ешбір ас салынбай асүй сөрелерінде тұрған шыны тәрелке шарт етіп сынады да, күл-паршасы шығады. Оған ешкім ас салған жоқ, бос тұр, олай болса неден сынды? Жұмбақ. Ал сынған ыдыс әлгіндей «лақтырсаң да сынбайды» деген пиармен жер-көкті жаулап алған ыдыстардың қатарынан еді. Осыдан кейін ынталы топ тәжірибе жасаған, сонда әлгіндей ыдысты әртүрлі биіктіктен жерге тастап көрген, яғни 40-50 см биіктіктен тастағанда сынбаған, алайда 120 см-де сынбақ түгіл, түгі қалмаған.
Түбі күймейтін таба асты күйдірмейді, есесіне...
Бұл өз алдына, сіз «түбі күймейді» деген табалардың қызығын тыңдаңыз. Асүйінде тұрған тотықұсы аяқастынан өліп қалғанда оны асырап алған иесі – қыз бала мәнісін түк түсінбей қалған. Кейін байыптап қараса, бар кілтипан тотықұстың асүйде орналасқанында екенін ұғынған. Соның ішінде таяуда ғана сатып алған табақшасы. Лаборатория мамандары осы табаларды зерттей келе, оның құрамында ағзаға қауіп туғызатын перфтороктанды қышқыл екенін анықтаған. Таба астың түбін күйдірмеуі үшін қолданылатын осы бір зат ыдысқа пайда болғанымен, ағзаға ажал болып төнуі, атап айтқанда, қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін екен. Қатерлі ісікке апармаған күнде де жоқ дегенде ағзада ақуызды көбейтіп жіберетінге ұқсайды. Ал мұны АҚШ-та әлдеқашан зерттеп, анықтап, әлгіндей табаларды сатуға тыйым салған. Еуропа да солай. Ал «ажалды» табалар Ресей мен Орта Азияда емін-еркін сайрандап, тіпті сән тағын иемденіп отыр.
Ал пластик ыдыстардың қайдан шығып, қандай материалдан жасалуы мүмкін екендігін білсеңіз, тіпті шошынасыз. Мәселен, Ресей журналистері «пластик ыдыстар ВИЧ инфекциясы бар шприцтерден жасалады екен» деген мәлімет естіп, соның түбіне түскен. Том қаласындағы зауытына арнайы барып, ыдыстың жасалу процесін түгел көзбен көрген. Әлгі сыбыс түбегейлі негізсіз болмаса да, ВИЧ инфекциялы шприцтерден ыдыс жасалмайтыны, олардың осы зауытта балқытылып, одан көше сыпыратын пластик сыпырғыларға жұмсалатынын анықтаған. Дегенмен ол да қауіпті ғой.
Түйін
Пластик, шыны ыдыстар, күймейтін таба бізде бар ма? Бар. Оны зерттеп, қадағалап жатқан адам бар ма? Саудада жүрген ыдыстардың төркіні Қытай екенін білеміз. Сол Қытай оны қалай жасап жатқанын кім білсін? Демек, бізге осы жағын қадағалайтын кез жетті. Кім білсін, кейінгі кездері көбейіп кеткен ауру – жұмбақ аурулардың түбі осында жатқан шығар?!