Төреғали Төреәлінің Астанадағы концерті өтпейтін болды
Отандық әнші Төреғали Төреәлінің 7 шілдеге жоспарланған концерті өтпейтін болды. Бұл жайлы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады "Қазақпарат".
"7 шілдеде Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда Төреғали Төреәлі мен Әбдіжаппар Әлқожаның концерті өтеді деп жоспарланған болатын. Кеше, 22 маусымда концертті ұйымдастырушы концерттің болмайтынын хабарлады. Демек бұл концерт біздің залда өтпейді", - деп хабарлады филармонияның баспасөз қызметі. Еске сала кетейік, 14 маусым күні Алматыда есірткіге масайған көлік жүргізушісі полицейлердің бұйрығына бағынбай, оқиға орнынан кетпек болғаны туралы жазған едік. Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіні ұстап, медициналық сараптама жүргізген, нәтижесінде оның есірткіге мас екені анықталды. Сол күні есірткіге масайған Төреғали Төреәлі әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын. Кейінірек әншіні қамау мерзімі тағы үш күнге ұзартылды.