Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төреғали Тәшеннің есімі елге кеңінен танымал. Қаламы ұшқыр журналист, сондай-ақ азулы ақын ретінде де. 1962 жылдың ақпан айында туылған, биыл ердің жасы – 50-ге толып отырған ақынның 24 ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағында «Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі» атты шығармашылық кеші өтеді. Осыған орай біз Төреғали Әліпұлын әңгімеге тартқан едік.
– Сіз жайлы, сіздің журналистік қырыңыз жайлы әріптес, қаламдастарыңыз «көптің көзі шала бермес, көп назары ауа бермес мәселелер мен тылсым дүниелердің сырын ашып, жіліктеп шағып жазатын журналист» деп айтады. Аға, шынында, сіз тылсым тақырыпты іздеп жүріп жазасыз ба, әлде тылсымның өзі сіздің қаламыңызға үйірсек пе?
– Мен журналистикаға кенже келген адаммын. Негізі, өзім филологпын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет істедім талай жыл. Ал енді ел «түрлі қызық тақырыптарды тауып жазады» дейтін баға беріп жатса, оның ең бірінші құпиясы менің жақсы оқырман болғандығымнан деп топшылаймын өзім. Кішкентайымнан әкем «Жұлдыз» журналынан бастап, орталық, яғни осы Алматыдан шыққан бүкіл газет-журналды жаздырып алатын. Қойшыларға дейін баспасөзге жаздырушы еді ғой. Соның арқасында қойнауда жатқан қойшының баласы, мына біз кітап пен газет-журнал кеміріп өстік. Оқи-оқи, тіпті кейбір мақалаларға неге мынадай жағын жазбады екен деп көңіліміз толмай отыратын. Сондықтан егер менен жақсы журналист шыққан болса, ол жақсы оқырман болғандығымнан шығар.
– Осы тұста аз-кем балалық шаққа ойыссақ, қайда туылдыңыз, қандай ортада өстіңіз дегендей...
– Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғанға қарасты «Қарабұлақ» деп аталатын ауылда туып-өстім. Қаратаудың бауырында орналасқан аядай ауыл. Әке-шешем он бала тәрбиелеп өсірген қарапайым кісілер болды. Өлеңді 13 жасымнан бастап жаза бастадым. 1975 жылдың қаңтарынан бастап бір айдың ішінде бір дәптерді өлеңге толтырып тастадым. Сиыр туралы жазсам, қасына сиырдың суретін, бүркіт туралы жазсам, қасына бүркіттің суретін салып қоямын. «Томаға» деген сөзді сен қайдан білесің?» – деп таңырқайды өлеңдерімді оқыған әкем. Оның бәрін маған, әрине, кітап үйретті. Ең қызығы, осы ең алғаш өлең жазып бастаған дәптерім сол қалпында менде әлі күнге сақтаулы. Егер балаларға арналған кітапша шығаратын болсам, кей жерін түзетіп жіберсем, дап-дайын түрған дүние деуге де болады.
– «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, сіздің болмысыңыз ақын ғой, сондықтан кей тақырыпқа мақала жазғаннан гөрі, өлең жазғыңыз келмей ме?
– Негізі, журналистер өсіп, жазушы болып жатады. Ал менің өмірім кереғар өрбіді, яғни ақындық жолда өсіп, өз жолымды салған кезде журналистикаға келдім. Алматыға 2001 жылы көшіп келдім. 39 жасымда. Бірі кем 40 жасымда үш баламен өмір бойы арман болған Алматыға көшіп келу мен үшін ұлы ерлік жасағанмен бірдей еді. Бұл кезде Алатаудың етегіндегі алып шаһар бұрынғы мен аңсап келген Алматы болудан қалыпты. Әлде біз бе екен қалып қойған? Баяғы жастық кеудемен желігіп жүрудің дәурені өтіп кеткен екен. Эстафета кейінгі жастарға тиіпті. Қасым Аманжоловтың майданнан елге келе жатып: «Үстімде – сұр шинелім, ақсаңдай басып келемін. Ұмытса да достарым, ұмытар ма мені елім?!» – деп жазған өлеңі бар. Мен де сол ер Қасымның кебін киіп, қатарымның ең соңында көштен қалып қойған көңіл күйде едім. Бірақ көп ұзамай ақындық сүрлеуді бірге бастаған ескі достарымның тұрмысы көшілгері кеткенімен, шығармашылық жағынан пәлендей артта қала қоймағанымды сезіп, көңілім орнына түсті. Марқұм Қайрат Әлімбек мені: «Қазақ поэзиясына жымиып келген ақын», – дейтін. «Жымиып келгенім рас, тек жымсиып кетпесем болғаны», – дейтінмін оған.
– Қасым ақын, Қайрат Әлімбековтерді ауызға алып қалдыңыз, жалпы ақындық жолда кімді өзіңізге жақын санап, қай ақынның жырынан жаныңызға азық іздеуші едіңіз?
– Алғаш өлең жазғанда ақындардың қай-қайсысы болсын, шыны керек, өзін ұлы санайды ғой. Бірақ солардың барлығы күндердің күнінде нағыз ақынды оқығанда, не өлеңді тастап кетеді, не өсуге ұмтылады. Сол сияқты алғаш Шығыс ақындарына еліктеп, өзімше өлең жазып жүрген кезімде мені күрт таңғалдырған Төлеген Айбергенов болды. 8-сыныпта оқып жүрген кезім, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазымыздың үстелінің бетінде бір кітап жатыр екен. Өзіміз оқымаған бейтаныс кітап көрсек, парақтағанша асығатынбыз, сол әдетпен әлгіні қолыма алып, қарадым. Ашып, алғашқы жыр жолдарын оқығаннан-ақ Төлеген ақынның поэзиясы мені өзіне баурап әкетті де, бас ала алмай қалдым әлгі кітаптан. Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да болады екен. Жаман жағы: мен өлең жаза алмай және ұзақ уақыт сол Төлегеннің шырмауынан шыға алмай қалдым. Қандай өлең жазсам да, Төлегендікіне ұқсап кете беретін сияқтанып тұрады. Бұл енді – ұлы ақындардың әсері. Мысалы, көп ақын Мұқағалидың шеңберінен шыға алмай қалды. Әйтпесе ол кісімен тұстас, тіпті одан бұрын да жазып жүрген қаншама мықты ақындар болды,бірақ Мұқаң оларды жұтып қойды.
– Балқан түбегіндегі Косово Республикасында өткен Бүкіл түркі дүниесі ақындарының 9-фестиваліне Қазақстан атынан өзіңіз ғана қатысып, арнайы жүлдеге ие болып қайттыңыз. Осыны таратып айтып беріңізші.
– Мехмет Акиф Ерсойдың құрметіне өткізілген бұл фестивальді ұйымдастырған – Анкарадағы Түркия Жазушылар одағы. Оған 22 елден ақындар қатысты. Чувашия, Ирак, Иран, Германия, Голландия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Кипр, Македония, Түркия, Гагаузия, Болгария сынды елдерден қатысқан ақындармен танысып, әр елдің поэзиясындағы ерекшеліктерін бағамдадық. Бұл өзі – әр екі жыл сайын өткізіліп тұратын фестиваль. 2009 жылы мұндай шара Әзірбайжан астанасы Бакуда өтіпті. Енді 2013 жылы Кипрде өтпек. Түріктер осы арқылы Түркия мәдениетімен, өнерімен танысып, түрік тілін үйренушілерге қолайлы жағдай туғызып отыр. Біз де осыған ұқсас Абай орталығын әр мемлекетте ашсақ, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
– «Айқынға» дейін «Жас қазақ үні», «Қазақстан-Заман», «Қазақ елі» секілді газеттерде тер төктіңіз. Журналистика ақындығыңызға кедергі келтірмей ме?
– Газеттің уақытымды ғана емес, өмірімді жұтып жатқаны рас. Бірақ, Темірхан ақын айтқандай, мені асырап келе жатқан – ақындық емес, журналистика. Соның ішінде «Айқын» газеті елге танытты. Екінші «Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі» дейтін жыр жинағым алғашқы кітабымнан кейін 11 жылдан соң, 2008 жылы жарыққа шықты. Бұл арада жұрт мені ақын ретінде ұмытып та кетті-ау деймін. Осы кітап жырыма қанат бітірді. «Сарғалдақ» атты жыр жинағым 2009 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасы бойынша жарық көрді. Мен үшін бәрінен де 2011 жыл жемісті жыл болды. Мәдениет министрлігінің мәдениет қайраткері атағына ие болдым. Жақында «Сана мен саясат» атты публицистикалық кітабым жарық көрді. Осының бәрі мен үшін аз жетістік емес. Адамға қуаныш сыйлайды, ертеңге деген үмітің оянады. Сол үмітпен, мінекей, 50 деген жасқа да келіппіз.
Бір ой
– Қазір «тілім», «халқым» дейтіндер өте көп секілді, бірақ мен олардың бәріне сене бермеймін. Неге? Себебі тіл жөнінде айтатындардың көбінің өз балалары ана тілін білмей жатады. Өмір деген күрес қой, тек әркімнің күресу тәсілі әрқалай: біреу үнсіз күреседі, біреулер айғайлап, «мені көрдіңдер ме?» дегендей, дауысын барынша зор шығаруға тырысады. Біз көбіміз сол айғайлап жүргендерді ғана ұлтшыл деп ойлап қаламыз, ал анығында...