Жер-су атаулары – халықтың тарихи жадын қалыптастырудың қайнар көзі. Сол себепті де большевиктер үшін топонимдік төңкерістің маңызы саяси-әлеуметтік революция салмағынан бірде-бір кем болмаған.
Бұл ретте олар кеңестік кеңістік аумағындағы елдердің байырғы жер-су аттарын ауыстыру ісіне монументтік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде қарады. Әрі сол жаңа атаулар мен «қызыл қырандардың» көрнекті жерлерден орын тепкен қола мүсіндерінің бұқара санасына берік шегеленетін мықты насихат көзі екенін жақсы түсінді. Сөйтіп, оны жаңа идеологияны негіздеудің қуатты қаруы ретінде ұтымды пайдаланды. Бір қызығы, кеңестік қалаларды оккупациялаған неміс басқыншылары да ондағы басты көшелерге бірден өз фюрерлерінің атын беріп отырған екен. Ономастикаға қай кезеңде де үлкен мән берілгендігін осыдан-ақ байқауға болады.
Рас, қазір бізде көптеген топонимдік атаулардың байырғы нұсқасы қалпына келтірілді. Сонымен бірге қоғамдағы орны мен қызметіне, елеулі еңбегіне байланысты, көрнекті тұлғаларымыз бен зиялы қауым өкілдерінің есімдерін де жер-суға, елді мекендер мен көшелерге беру үрдісі етек алды. Бірақ осы орайда бірқатар сауатсыздықтарға жол беріліп жүр. Ең негізгісі – кісінің есімін кез келген жерге жапсыра беретіндігіміз. Ал көрнекті ғалым Мекемтес Мырзахметов: «Біздің қазақ жерге еш уақытта адамның атын қоймаған. Топонимдік атаулар тұрғысынан алғанда, макро және микролинияларды ескеріп отырған. Мысалы, «бәленшенің құдығы», «түгеншенің бұлағы» деп кішігірім нәрселерді әлдекімге тели атағанымен, белгілі бір аймаққа ат берген кезде табиғаттағы жер рельефімен, сол аймақтың өзіндік ерекшелігімен байланыстыра отырып, мәселен, Сарыөзек, Сарыарқа, Көкшетау, Маралды деген сияқты мағыналы ат қойған», – деген пікірде.
Жоғарыда айтқанымыздай, кеңес заманында барлық жер-су атаулары идеологиямен байланыстырылды. Сөйтіп, Маркс, Энгельс, Ленин, Калинин, Киров т.б. атында тираждалып кеткен жүздеген, мыңдаған нысандар мен елді мекендер болды. Осы жағдай бүгін де қайталанып отыр. Яғни жер-суға есімі беріліп жатқан ұлттық батырларымыз бен тарихи тұлғаларымыздың, зиялыларымыздың атының тираждалу қаупі зор. Негізі, «бір әкімшілік-аумақтық бөліністе бір атау үштен артық қайталанбауы тиіс» деген шектеме бар. Дегенмен осы ономастикалық тұжырымның орындалуын қадағалау жағы нашар. Ол-ол ма, солтүстік облыстарымыз бен еліміздің шығыс аймағында Антоновка, Михайловка сияқты отарлаушы онимдер мен Каганович, Киров, Ворошилов тәрізді тоталитарлық топонимдер сеңі ішінара әлі бұзылмай келеді. Көзіқарақты қауым бұл жөнінде қанша дабыл қаққанымен, бірлі-жарым шенеуніктер мен ескі жүйенің жақтаушылары «бұл да – біздің тарихымыз. Ол қандай болған күнде де, тарихтан бас тартуға болмайды» деген сыңайдағы наразылықтарын білдіріп қалады. Былай қарасаң, Гитлер мен оның шашбауын көтерушілер де – Германияның тарихы. Бірақ солай екен деп, олардың есімін ел картасына кіргізіп қойған тағы ешкім жоқ. Маңызын жоғалтқан мағынасыз атауларды өзгертуге құлықсыздардың айтатын екінші бір сылтауы – «бұл өте қымбатқа түседі, яғни артық шығын» дегенге саяды. Дегенмен елдік мәні зор осындай өзекті шараға табылмай қалатын қаржының болар-болмас конкурстар мен даңғаза фестивальдар өткізуге келгенде не себепті иен-тегін шашылатыны түсініксіз.
Бір пікір
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ:
– Топонимдерді біздің тарихи санамыздың көзі деуге болады. Мысалы, Жамбыл облысындағы Меркі ауданында Аспара деген жер бар. V-VIII ғасырларда сонда Батыс Түркі қағанаты болған. Солардың әскері жасақталып, жауға шабар алдында бір ай бойы көкпар тартады екен. Сөйтіп, жігіттер шыңдалып, әбден піскен кезінде шабуылға шыққан. Содан «бұлар кімдер?» дегенде, «Аспарадан шыққандар» деседі екен. «Аспара» деген «аттың құлағында ойнайтын» деген мағынаны беретін болған. Сол сияқты «Хан Аспарух» деген сөз де, «астаналық», «алматылық» деген сияқты, «аспаралық» дегенді білдірген. Сондықтан жер-су аттарын өзгерткенде, әркім өзінің атасының немесе руының атақты адамдарының атын қалай болса, солай қоя салмай, сол жердің ежелгі тарихи атауын тірілтуге тырысу керек. Өйткені байырғы топонимдер мен антропонимдерде халқымыздың көне тарихы тайға таңба басқандай сайрап жатыр...
Р.S. Сайып келгенде, бұл жердегі мәселе ниетке байланысты. Яғни ықылас болған жағдайда бәрін өзгертуге де, жүйелі түрде реттеуге де болады. Ал «тарих» пен «қымбатшылық» тұрғысындағы «алаңдаушылықтың» бәрі – әлденені, атап айтқанда, топонимикадағы, тұрмыстағы, ең бастысы, адамдардың санасындағы ең негізгі ұғымдарды өзгертуді қаламаушылық қана...