Толғақты қалам иесі

Иә, құлашы ұзын, қарымы қуатты қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Тұлға – тағдыр» кітабын оқып шыққанда адам жанының тереңін қозғап, толқытып жіберетін толғаулар оқып шыққандай күй кешетінің рас. Оқысаң-ақ кілең бір тербелістер мен тебіреністердің әлеміне кіріп кеткендей боласың. Ертеректе қазақ әдебиетіндегі тосын талант Оралхан Бөкеевтің тасып-төгіліп, құйылып, нөсерлеген «Қара сөзбен жырлаймын» деген топтамаларын оқып, таңданып, тамсанғандай ек. Енді, міне, Қали Сәрсенбайдың жаңа кітабыменен танысқан біз дәл сондай халде отырмыз.
Қан қызуың мен жан жылуыңды еселеп төгіп, ыстық махаббатыңды сарқып құя алсаң, қарапайым қарасөзің де жырлап қоя береді екен-ау! Содан ба, кітапты қо­лыңа алып, оқи бастасаң, оны бір деммен бітіріп тастағаныңды өзің де сезбей қала­сың. Бір тақырыптан соң екінші тақырып өзіне тартып, жетелеп ала жөнеледі...
Кітап қазақ ғылымына, мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз олжа салған, әрқайсысы рухани тірлігіміздегі бір-бір ұстындар деуге лайық, ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты байытқан, есімдері ел аузынан түспейтін, кескекті ердің сойындай дерлік тұлғаларға арналыпты.
Бірден айта кетейік, Қали Сәрсенбай ол тарихи тұлғалар туралы толғаныстарында, мақтап-марапаттағанның жөні осы екен деп сөздерді күбі піскендей күмпілдетпей немесе кебек суырғандай бұрқыратпай, елпілдетіп-желпілдетпей, бірақ ентелеген екпінінен де айырылып қалмай, адам жанының қатпар-қатпар қойнауларын адақтап, олардың ішкі иірімдеріне үңіліп қана қоймай, сол тарихи тұлғалар өмір сүрген заман келбеті мен уақыт кескінін де, мейлі, бірер штрихпен болсын, көз алдыңа келтіріп кетеді. Өйткені автор адам тағдыры, әсіресе тарихи тұлғалар тағдыры, ол өмір сүрген заман мен уақыттың мінез-құлқынсыз ашыла қоюы екіталай деп ұғады.
Қысталаң, қиын кездердің құрсаулы қыспағында өмір сүрген ол тұлғалардың кей кездерде өз-өздерінен пұшайман болып, «мынаны бітіре алмадым-ау», «ананы қолға алуға дәтім жетпеді-ау» деген өкініші мен наласы, күйініші мен назасы болмады дейсіз бе?! Болғанда қандай! Міне, осы бір ойлар «Әбаға» деген эссесінде көрініс тауыпты. «Әбаға» деп отырғанымыз – бір бойына әлденеше өнер жинақтаған, яғни белгілі суретші, актер, әнші, биші, тарих­шы, әңгімеші Әубәкір Ысмайылов. Әрине, ол – ең алдымен суретші.
Ал бұл эссе орыстың нағыз шовинистік көзқарастағы суретшісі Илья Глазуновтың бір баспасөзде жарияланған сұхбатын оқығаннан кейін туған ғой. Әрине, Илья Глазунов, шындығын айту керек, аса талантты суретші. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Бірақ әңгіме – басқада. Ол, не бол­ғанда да, күні кешеге дейін жарты әлемді билеп-төстеп келген, билеп-төстеуге әлі де ұмтылып отырған Ресей империясының өкілі. Сондықтан да ол шектен шығып, асып та, кемерден шығып, тасып та сөйлеуге әбден үйренген. Тіпті Глазунов «Римді біздің бабаларымыз тұрғызған» деп соқса да, оған ешкім ештеңе демейді.
Ал біздің суретшілеріміз кезінде ол құсап ірі, кесек сөйлемек түгіл, өз халқы­ның өткен тарихын, хандары мен батыр­ларын, билері мен байларын көрсетуге бара алмады. Бара алмады емес-ау, барғызбады. Содан да Әубәкір ағамыз: «Біз тарихқа есеміз кеткен халықпыз», –деп күйінумен өтті.
Осы бір сәттерді Қали Сәрсенбай Әу­бәкір ағасының күйініштеріне өзінің де өзек өртер өкініштерін қосып, баппен өріп шығыпты. Оны оқып отырып өз-өзіңнен көңілің әлденеге алағызып, көкірек тұсың ашып, қамыға мұңданып налисың. Сол бір кесірлі де кесапатты кезеңде кеткен есе­леріңді ойлап, еріксіз «әттеген-ай» дей­сің...
Қазақта басыңды шайқатып, барма­ғыңды шайнататын «әттеген-айлар» тым көп қой. Ол «әттеген-айлардың» бірі, оры­ны ерек тұлға, заманымыздың ірі заңгері Салық Зиманов туралы оқығанда алдың­нан тағы шыға келеді.
Қали «Мені ең алдымен қызықтырғаны – ұлы адамның тірі бейнесі. Дананың ди­дары. Неткен биік адам. Әр қимылы, қоз­ғалысы тектілікке тұнып тұр» деп алады да, оның шын мәніндегі азаматтық болмысы­ның тұтастығын, ерен өрлігін көрсететін нақты мағлұматқа қарай бет бұрады. Қали ол кісінің Желтоқсан көтерілісі кезінде, қалың жұртшылық көп біле бермейтін Соломенцов пен Колбиннің алдында сөйлеген сөзін түгелдей келтіріпті. Мұнысы оңды болған. Жұртшылық біле жүрсін деген ниет қой.
Салық Зиманов сол жиналыста қазақ халқының көрген зорлық-зомбылығы мен тәшпішін тізбектеп айта келіп: «Мысалы, 1987 жылдың бас кезінде Алматы қала­сында 372 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі болған еді. Соның небәрі ал­тауында ғана қазақ тілінде балалар тәр­биеленді», – деп тіке тартады да, «осы жерде бұл мәселенің о баста қойылу тари­хына қайта оралу қажет. Алматыда ата-аналардың қазақ балалар бақшаларын ашу туралы табандарынан тозып, талай мекемелер есігін ашқан «азапты сапар­лары» сонау 60-жылдары басталған еді» – деп, көтерілістің шыққан себеп-салда­рын тым әріден, яғни әлеуметтік тең­сіздіктен іздестіріп, ашына сөйлеуі қазір­дің өзінде оқыған жұрттың зығырданын қайнатары сөзсіз. Қазақ біткеннің бәріне жауар бұлттай түйіліп қарап, сыртына түгі шығып, түтігіп тұрған ол заманда осылай сөйлеу оңай болып па?! Тиісерге қара таппай отырған соломенцевтер «іздегені­міз сен едің» деп, шап беріп ұстап, бордай үгіп, жүндей түтіп жіберуі мүмкін ғой. Оны Салық ағамыз білмеді дейсің бе? Білген. Бірақ ұлтының кеткен есесі үшін, тағы бір «әттеген-айы» үшін басын бәйгеге тігіп тұрып айтқан. Сондықтан да Қалидың «Мұндайда тәңірдің берген дарыны өз алдына, кісіге керегі жүрек қой. Егер терең бағамдасаңыз, осы бір баяндамаға бергісіз бекзат баянның әр жолын жүрегіңіз қан жыламай оқу мүмкін бе? Жылдар бойы бесігінде тұншыққан ұлт мұратын, бір халықтың арманын жалғанның жары­ғына шығарып, жарқылдап сөйлеу үшін де қаншалықты төзім, табандылық керек десеңізші» деген сөздеріне имандай ұйып иланасыз.
Салық Зимановтың кісілік келбетін, адамгершілік дидарын, ұстаздық ажарын ашатын шағын-шағын детальдар да оқырман қауымның оған деген ықылас-ылтипаты мен құрметін арттыра түседі.
Мені әсіресе Қали Сәрсенбайдың күні кеше ғана арамызда жүрген, киіктің асығындай қалпымен-ақ тау қопарып, тас жарған, аса мол асыл қазына қалдырған Қадыр Мырза Әли туралы тебіреністері қатты толқытты. Өйткені ол кісіні біз де бірқыдыру біліп қалдық қой. Кездескен кезде құшақ жая қауыштық, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдық, алыс-алыс жол­дарда сапарлас, дәмдес, табақтас болдық. Ол кісінің кілең бір ондыққа тигізетін мірдің оғындай сөздері қандай еді?! Небір дө­кей-дәулеріңізді қо­зы­ның құмала­ғындай ғана бір сөзбен тоңқалаң асы­­­рып жүре бе­руші еді. Әсіресе маған ол кісінің бойын­дағы туабітті де­мокра­­тиясы қатты ұнай­­тын. Ас­қақ­та­май­тын. Астам сөз айт­­пай­тын. Өң­мен­демейтін. Өрек­пі­мейтін. Кім-кім­мен де мынау кіші екен, мынау кісі екен деп жатпастан, сөзбен қағы­сып, сөзбен қа­уы­шып жүре бере­тін. Бү­гінде енді са­ғы­насың...
Әдетте, жұрт онша көп біле бермейтін адам­ды жазғаннан гөрі, жұрт­тың бәрі жақ­сы білетін адам туралы жазу әлдеқайда қиын. Өйткені жұрттың бәрі жақсы білетін адам туралы жазғаныңда шамалы бір ақау, болар-болмас ауытқу, сәл ғана бір ағаттық кетсе, онда бүкіл еңбегіңнің зая кеткені. Білетін жұрт ондайды кешірмейді. Кешір­мегені былай тұрсын, «қой, пәлекет» деп жазғаныңды ысырып қоя салуы мүмкін.
Ал Қалидың толғанысынан ондай мүлт кеткен жерлерді көрмедік. Қайта жұрт бі­летін оның мінезі мен болмысын одан сайын сендіре тереңдетіп, одан сайын ұл­ғай­та, қомақтандыра сомдапты... Әйтеуір, жайраңдап күліп, жарқылдап жүретін, қашан көрсең де қасыңда көп аялдамай, тағы бір жұмысқа асығыс кетіп бара жата­тын, ширақ та шымыр Қадыр ағамызбен қайта қауышқандай болдық.
Қадыр ағамыздың, бәріміз жақсы біле­міз, ең басты қасиеті – еңбекқорлығы мен уақытты бағалай білетіндігі ғой. Қали оның сол қастерлі қасиетін ашатын мына бір детальды келтіре кетеді. «Уақыттың қадірін білу» дегеннен шығады, жасы бізбен қатар белгілі бір әріптес: «Бірде ағамен сұхбат алуға келісіп, бір-екі сағатқа кешігіп бардым. Сонда аға: «Айналайын, сұхбатыңа рақмет, әрине, сен жассың ғой, ең алдымен біреудің уақытын бағалай білуді үйренуің керек» дегенде, кірерге тесік таппадым», – деп еді. Міне, осыдан-ақ оның бүкіл болмыс-бітімі көрініп тұрған жоқ па?! Біз білетін Қадыр Мырза Әлидің тап өзі ғой.
Шіркін-ай, жұрттың бәрі Қадыр аға­мыздай уақытты бағалап, сол уақытын дәл сол кісідей еңбекке, пайдалы іске жұмсаса ғой, онда мына қазақ жері баяғыда-ақ жұ­мақ боп кетер еді-ау...
Сондықтан да Қали Қадыр ағасының «Осы жұрт қазаққа қандай ескерткіш қою керек екенін білмейді. Қазақтың асқаза­нына ескерткіш қою керек» деген ұтқыр сөзін келтіреді де: «Әзіл көрінгенімен, ас­тары терең ғой, ал енді Қадырдың өзіне қандай ескерткіш қоюға болар еді? Әй­теуір, бір ертелі-кеш бір ескерткіш тұрғы­зылатынына сенемін. Меніңше, сол ескерт­кішке «Уақыт» деп жазып, ағаның жастық үстінде жатқан блокноты мен қарындашын салса, жетіп жатыр ғой деп ойлаймын», – деп қайырыпты.
Әрине, бүкіл күш-қайратын, бар уақы­тын тек шығармашылыққа арнаған Қадыр ағамыздың, айта берсек, басқа да толып жатқан қырлары бар. Бірақ сол қыр­ларының бәрінің тамыр салған топырағы – еңбекқорлық пен уақытты қадірлей білуінде. Әлбетте, алдымен – Құдай бер­ген талант. Бірақ талантты уақытқа жегіп қойып жұмыс істетпесең, оны оңды-солды шашып, рәсуа етсең, онда бәрі бекер. Барыңнан да, базарыңнан да айырыласың. Қали Сәрсенбай Қадыр Мырза Әлидің осы қасиетін ашып, көрсете біліпті. Зор тағылым. Үлкен үлгі мен өнеге!
Жан-жағымызға бажайлап қарасақ, уақыттың қадіріне жеткен жан тек Қадыр аға ғана емес екен. Оған да Құдайға шү­кір. Оның қатарында, сөз жоқ, бүкіл қазақ жұртшылығы ең бір рухани жақын туы­сындай көретін, есімін қай кезде де іл­типат-ықыласпен атайтын, қадірлеп-құр­меттейтін Герольд Бельгер де бар.
Гер-ағаң – жазғандарынан ұққанымыз­дай, әр күні мен сағатын ең бір асыл қазына-байлығындай көретін жан. Ол кісі өзінің сол әр күні мен әр сағатын, біздің түсінігімізше, құр жібермей, қақтап сауып алатын сияқты. Сонан кейін ол өнімдер біздің рухани игілігіміздің айдынына толассыз құйылып жатады. Ішіп, мейір қандырасың...
Оның заман мен уақыттың тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басып айтатын, іші тұнып тұрған ілім мен білімге, дәйек пен дәлелге, фактілер мен мысалдарға, парасат пен пайымға, мысқыл мен ажуаға, күдік пен күманға, сергектік пен бәйектікке толы күнделіктерінің қалың оқырмандар үшін алар орны ерекше. Олардың бәрін мен Гер-ағаңның қазаққа деген ұлы сүйіс­пеншілігі мен ұлы махаббатынан туған дер едім. Ол кісінің осы қасиетіне Қали да дәл баға беріпті: «Г.Бельгердің бүгінге дейінгі әр тақырыптағы кітаптарын былай қойғанда, ол күнделіктердің өзімен-ақ тарихта қалған болар еді», – депті. Шы­нында да, солай.
Гер-ағаңның бүгінгі қоғамды аздырып-тоздырып бара жатқан дүмшелік пен дүмбілездікке, жәдігөйлік пен жал­бақайлыққа, бос мақтан мен марапатшыл­дыққа, тұтас елдің бойы мен ойын қатар меңдеп алған салғырттық пен немқұрай­дылыққа, ештеңе көргісі келмейтін көр­медік соқырлық пен ештеңе естігісі кел­мейтін тас керең тосаңдыққа, қайырымы мен мейірімі жоқ астам­көкіректікке, имансыздық пен ынсап­сыздыққа қарсы жазылған ашутастай ащы ойлары мен кекіредей кермек ой-пікірлерін қадірлі бір бұйымындай қаттап, мұқият құнттап жинап жүретін, оларды келген-кеткен адамдарға зор ықыласпен оқып беретін жандарды, мен өз басым көп кездестірдім. Осыдан-ақ Гер-ағаның қазақ үшін кім екенін біле беріңіз. Яғни Гер-аға қазақты қалай сүйсе, қазақ та Гер-ағаны солай сүйеді. Қали Сәрсенбайдың жазуында да сол сүйіспеншіліктің ыстық табы жатыр.
Қали Сәрсенбайдың бұл кітабын түгел қамтып сөйлейміз десек, онда біз тым ұзаққа кетіп қалатын түріміз бар. Оның үстіне, бұл кітап туралы айтқаннан гөрі, оны оқыған жөн. Біздің ойымызша, сол әлдеқайда тиімді, әлдеқайда пайдалы болмақ.
«Тұлға-тағдырдың» тағы бір ерекшелігі – оның кейіпкерлерінің әр салада жұмыс істеген немесе жұмыс істеп жүрген кейіпкерлер екендігі. Біреуі – суретші, біреуі – ақын, біреуі – ғалым, біреуі – актер, енді біреуі – әнші... Бір таңғалғаным, Қали солардың бәрімен таныс-біліс... Тағы да солардың бәрінің бойынан ең керегін ала білген де, іштей қорыту-сұрыптаудан өткізіп, оқырман қауымға сыйға тартқан...
Қалидың шемен боп қатқан шеріңді қозғап кететін «Шешемді шығарып салған «Құстар» әні немесе нұрдан жаралған Нұр­ғиса» туралы тебіренісін, бүгінгі таңдағы сахнадағы әрі абызға, әрі аңызға айналып кеткен Сәбит Оразбаев туралы «Тазалық туралы» толғанысын, музыка өнерінің әрі білгірі, әрі дүлдүлі Илья Жақа­нов туралы «Даниярдың әнін», беделі зор, бедері мол, берері әлі де көп Иманғали Тасмағамбетов туралы «Уызында жарыған ұлын», кескіндеме өнеріне құбылыс болып келген Салахетдин Айтбаев туралы «Қа­лып­қа сыймаған Қалжанын», рухани әлеміміздегі орны бөлек Ақселеу Сейдім­беков туралы «Қайран Ахаңын», «ол сахнаға шыға келгенде бір шетте жұлдыз жанғандай болатын» деп басталып, ішкі дүниеңді аласапыран күйге түсіретін «Сембинді сағынғандағысын», күн­шіл­діктің құрбаны боп кете жаздаған Тыныш­бай Рахимов туралы «Боз орамалын», ірі мінезді Мереке Құлкенов туралы «Бүтін бітімін», қаламы қуатты, ойы суатты Нұртөре Жүсіп туралы толғамын және басқаларын оқып отырып, оның білгір­лігіне, кең тыныстылығына шешен тілі мен шеберлігіне тәнті боласың. Ол эсселердің қай-қайсысы да, оқыған сайын сенің етіңе еніп, сүйегіңе сіңіп, бойыңды да, ойыңды да баурап алады. Үлкен бір тағдырлы толғаулар оқығандай боласың. Жан толқытар толғаулар.
Сондай-ақ кітаптың екінші бөлімін құрайтын сұхбаттар да тартымды. Даңқты ағамыз Асанәлі Әшімов бастап әңгіме ағытқан ол сұхбаттардан алар тағылым мен тәлім аз емес.

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста