Келіннің тойда тоқтаусыз сәлем салуы сәнге айналып бара жатыр ма, қалай?! Әлеуметтік желіде тағы бір келін той үстінде тоқтаусыз сәлем салған видео жарияланды. Естеріңізде болса, мұндай оқиға бұған дейін де орын алған болатын.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода келін механикалық қуыршақ секілді секунд сайын иіліп, тоқтаусыз сәлем салған. Жұртшылық "бұл той Алматы облысында немесе Шымкентте болған шығар" деп топшылауда.
Видеоны тамашалағандар қатарында "бұлай сәлем салу қазақ дәстүрінде болмаған" деп кейіс білдіргендер де бар.
Келіннің бұл әрекеті тойға келген қонақтарға да ұнай қоймаған тәрізді. Қонақтардың кейбірі онысын іс-әрекетімен де білдіріпті. Пікір қалдырушылар видеода қонақтардың бірі көрімдік бермегенін байқаған көрінеді.