Бұрын ұзату той деген болмайтын, қызды үйден ұзататын. "Елу жылда - ел жаңа" деп бәрі өзгеріп жатыр ғой.
Отандық ток-шоуда қыз ұзатудан рекордсмен әнші Жазира Байырбекова қиналып той жасайтындарға қарсы екенін айтты. Бұл туралы әнші Жетінші арнадағы "Қыздар-ай" ток-шоуында пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бағдарламада әнші Жазира Байырбекова ата-анасын қинап, той жасайтындарға қарсы екенін атап өтті.
"Кей қыздарға айтып кетейінші, егер сіздердің ата-анаңыз айлыққа күн көріп отырған немесе сатушы болса, соңғы ақшаларын жұмсап, әнші шақырамын десе, келіспеңіздер. Сіздер жәй ғана әншінің әнін қойып-ақ ұзатылсаңыз болады. Тіпті, ата-анаңыздың той жасауға шамасы келмесе, қашып кетсеңіз болады", - дейді әнші. Сондай-ақ әнші қарапайым той иелерінің тойына барса, олардан ақша алуға да қымсынатынын жасырмады. "Мейрамхана сыртында қарапайым көліктер тұрса, қарапайым кісілерден қалай ақша аламын? Көмекшіме ақшасының жартысын тастап кетші дейтін кездерім болады", - дейді ол.
Ток-шоуда Жазира Байырбекова қыз ұзатудың қиын екенін, тұсаукесер, бесік тойда өнер көрсету одан жеңілірек екенін тілге тиек етті. Алайда ол күнтізбесі әлі де қыз ұзатуға толып тұрғанын айтты.
"Менің ұзатуым болған жоқ. Мен жаңа "қашып кетіңіз" деп айттым гой. Сол өзімнің тәжірибемнен. Бұрын ұзату той деген болмайтын, қызды үйден ұзататын. "Елу жылда - ел жаңа" деп бәрі өзгеріп жатыр ғой.
Әнші ұзату деген біздің салт-дәстүріміз емес. Бұл - жай ғана әдемілікті қалағаннан туған ой", - дейді Жазира Байырбекова.