Былтыр академик жазушы Сәбит Мұқановтың 110 жылдық мерейтойы аталып өткені белгілі. Бұл тойдың басты жаңалығы өзі туған ауданға жазушының аты берілетіндігі болған еді. Тимирязев ауданын Сәбиттің есімімен атау ұсынысын аудан тұрғындарының көбі, ал мәслихат депутаттары тегіс қолдаған. Бірақ содан бері жарты жылдай уақыт өтті. Тимирязев «тұғырынан» әлі түскен жоқ. «Тіреуі» мықты.
Сәбит Мұқановқа туған жері Қызылжарда бір ауданның атын беруді зиялы қауым ұсынған болатын. Халық та тегіс қолдады. Тимирязев ауданының барлық ауылдарында жиналыстар өткізіліп, тұрғындардың пікірлері тыңдалған-ды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы жүргізген бұл жұмыстың нәтижесінде тұрғындардың басым көпшілігі ауданның Сәбит Мұқановтың есімімен аталғанын қолдап дауыс берген. 16 ауылдық округте өткен жиналыстарға қатысқан 6163 адамның 95 пайызы Мұқановты қаласа, тек 5 пайызы немесе 286 кісі Тимирязевті жақтаған. Кейін бұл ұсынысты аудандық және облыстық мәслихат депутаттары да бірауыздан құптап, тиісті шешім шығарған болатын.
«Қызылжарда орысша аталған аудан қалмады» деп сүйінші сұрап, «Алаш айнасына» мақала да жазған едік. Шынында да, облыстағы 13 ауданның ішінде кеңестік кезеңдегі атауын сақтап қалған осы Тимирязев қана. Сәбит туған Жаманшұбар деген жер осы аудандағы қазіргі Докучаев елді мекенінің маңы болып табылады. Әкесі Мұқан мен шешесі Балсары да осында жерленген. Сондықтан қазақ жазушысының аты туған ауданына берілетініне ешкім күмәнданбаған.
Облыстық мәслихаттың сол шешімінен кейін де жарты жыл өтіп кетті. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас». Ауданның атын ауыстыру ісі неге көпке созылып кеткенін облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы да түсінбей әлек.
Кемел ОСПАНОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Біз өзіміздің қолымыздан келетін жұмыстардың барлығын атқардық. Тұрғындардың қолдарын жинап, мәслихаттың шешімін қосып, Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарамағына тапсырдық. Енді ешқандай кедергі көріп отырған жоқпын. Бірақ ономастикалық комиссия игі істі кешеуілдетумен келеді. Сұрасақ, «сайлауға байланысты атауларды өзгертуге мораторий жарияланған» дейді. Ол қайдағы мораторий? Жақында ғана облыстық мәслихатта бірнеше елді мекеннің атауын өзгерттік. Ешкім «мораторий жарияланған, ауыстырмаңдар» демеді. Сондықтан Тимирязев ауданына Сәбит Мұқановтың есімін не себепті бермей отырғанын мен білмеймін.
Аудан жайлы ақпар
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Тимирязев ауданы 1963 жылдың 2 қаңтарында құрылған. Аудан орталығы – Тимирязево ауылы. Территориясы – 4,51 мың шаршы километр. Аудан аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейін – 96 шақырым, батыстан шығысқа дейін – 71 шақырым. Облыс орталығынан 236 шақырым қашықтықта жатыр. 16 ауылдық округ, 25 елді мекеннен тұрады. 2011 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша 13 542 адам тұрып жатыр. 43,0 пайызы (5,8 мың адам) – қазақтар, 41,5 пайызы – (5,6 мың адам) орыстар, 9,0 пайызы – (1,2 мың адам) украиндар.