Өткен аптада Ақтөбеге арнайы шақыртумен Шерубай Құрманбайұлы бастаған Тіл комитетінің өкілдері келіп қайтты. Сапарларының мақсаты 20 жылдан астам уақыт бойы төрімізге шығара алмай келе жатқан туған тіліміздің тұралап жатқан тағы бір тұсын қаузау екен. Өткен ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы бастап, Алаш зиялылары енгізген сөздік қорымыз жаңа заман талабына сай терминдермен толықпай жатқаны қонақтардың жандарын ауыртып жүргені көрініп тұрды. Түп төркінін түркі тарихынан бастап көз майын тауысып жазған еңбектерін елдің алдына жайып салғанда, шынымен де, біраз жұмыстардың жасалып жатқанына көзіміз жетті. Егер осы қарқынмен алға баса берсек, ғылымның әр саласында өзінің ұлттық атауы бар ұлтқа айналатын күн алыс емес секілді көрінді.
ХХ ғасырдың басында қазақ тіл білімінің қалыптасуына, оның ғылым тіліне айналуына ұлт зиялылары аз еңбек сіңірген жоқ. Тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсыновтың көшін ғылымның басқа салаларында Қаныш Сәтбаев, Мағжан Жұмабаев, Елдос Омаров, Жұмахан Күдеровтер жалғай білді. Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Әуезов секілді қаламгерлер әр салада аударма жасап, тәржіме жұмысының кемел үлгілерін көрсетті. Қысқасы, Алаш зиялыларының мұраларынан алатын тағылым жетіп- артылады. Тек оны жаһандану заманының жетегіне ілестіріп, техника тілінде сөйлетіп жіберуге өзіміз қауқарсыздық танытып келеміз.
Шерубай ҚҰРМАНБАЕВ, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары:
– Алаш азаматтарының қай-қайсысы да өз заманында ұлттық санамызды оятуға, рухани құндылықтарымызды ұштауға, дербес елдігімізді Тәуелсіздікке ұластыруға қажыр-қайраттарын, қабілеттері мен білімдерін сарп етті. Сол қайраткерлеріміз қалдырған мол мұра ұлы талпыныстың куәсіндей болып бізге жетті. Бірақ бүгінгі ұрпақ осы асыл қазынаны қажетінше игеріп, ұлттық мұраттардан қажетінше тағылым ала алмай, енжарлық танытып отыр. Төл тіліміздің өзге тілдің аудармасы ретінде қолданылып жүргенінің өзі – жүрекке салмақ түсіретін үлкен мәселе. Одан қалды БАҚ тілінің де бұрмаланып, «бұзылып» бара жатуы – бүгінгі күннің өзекті өртер тұстарының бірі.
Мен БАҚ өкілдері пайдаланып жүрген аудармалар мен сөз тіркестерін арнайы жинақтай отырып, бір еңбек жазып шықтым. Ең қорқыныштысы – құлаққа түрпідей тиетін аудармалардың қарапайым халықтың құлағына сіңісті болып, одан қалды сол сөздердің қолданысқа еніп бара жатқандығы жаныма батты. Тіпті танымал дикторлардың өзі баяндауышты сөздің ортасында айтып, орыс тіліндегі мағынасымен дүңк еткізіп жүр. Дипломы бар, көзі ашық, сауатты деген мамандарымыз жалпақ жұрттың санасын сауатсыз аудармаларымен улап жатса, тілдің болашағынан не күтуге болады? Есігінің алдында өсіп тұрған алабұта мен жусанды ажырата алмайтын мектеп оқушысының Африканың паприкасын жаңылмай жатқа айтуы – соның дәлелі.
Бүгінгідей нано, ІТ техонологиялардың заманында тілге термин төңкерісі керек. Әр саланың маманы өз қызметіне қатысты тілдік қолданысқа тастай батып, судай сіңіп кететін терминдер тудыруы керек. Сонда ғана тіліміздің іргетасы мықты, керегесі кең болады. Біреудің қаңсығын өзімізге таңсық қылмай-ақ қоржынымыздағы көпсөзді қолданысқа оп-оңай енгізіп жіберуге болады. Мәселен, өз әскері бар қазақтың әскери тілі жоқ дегенге сенер ме едіңіз? Құлағымыз жауыр болған засада сөзін – торуыл, атаканы – шабуыл, приставты – жасауыл, комвойды айдауыл десек, кімнің тіліне сүйел шығады? Сол бір ғана уыл жұрнағы арқылы әскерге қатысты қанша сөз жасауға болатынына көз салып көріңіз. Барлауыл, бақауыл, жандауыл, қайдауыл, сайдауыл, сырғауыл, тыңдауыл, торуыл, шабуыл, жортуыл, шырғауыл т.б.
Ғылыми ұғымдарға ат қою оңай жұмыс емес. Ол – үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді, Абайша айтсақ, «айналасы теп-тегіс, жұмыр келуді» қажет ететін шығармашылық үдеріс. Атаудың ықшам болуы, бірмағыналылығы және ұғым мазмұнын қамтуы тағы бар. Осындай талаптарды мүлтіксіз орындаудың қиындығы – терминдерді ана тілінде жасаудан гөрі көп жағдайда оны өзге тілдерден дайын қалпында ала салуға мәжбүр ететін себептердің бірі.
– Калька тәсілімен термин жасау – Ахаңның кезінен бері бар әдіс. Тиімді пайдалана білсе, калькалау тәсілімен де тәп-тәуір терминдер жасауға болады. Тек аударманың сәтті шығуы үшін өзге тілдегі сөздің семантикасын, морфологиялық құрылысын және қолданылатын саласын жақсы білу керек, – дейді «Аудармаға және аудармашыға қойылатын талаптар» тақырыбында баяндама жасаған Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы РМҚК директоры Бижомарт Қапалбек.
«Өзге сөзбен былғанса сөз арасы...»
«Іс қағаздары қазақшалансын» дегеннен қорыққан қызметкерлердің көбі бүйректен сирақ шығарып жүргендерін өздері де байқамай жүр. Жақында ерлердің ішкиімі салынған қораптың сыртындағы «еркектер қорқақтар» деген аударманы да көрдік. Орыс тіліндегі нұсқасын көріп, оның «муж.трусы» деген қысқартылған сөздің аудармасы екенін білгенімізде сауатсыз аудармашының қатесі екенін түсініп, тілімізді тістедік. Мұндай мысалдарды күнделікті тірлікте сіз де көріп жүрсіз. Бір мейрамхананың мәзір жазылған кітапшасынан «куриная грудинканың» «тауықтың кеудешесі» деп аударылғанын оқып, күлкімді тыя алмағаным бар-ды. Тауықтың төс етін осылай аударған маман, тауықтың сан етінің орнына тауықтың борбайшасы деп айды аспаннан бір шығарыпты. «Огурцы» дегенге «қиярлар», «свекла» дегенге «қызылшалар» деп қоятындар да қазақ тілінің заңдылықтарынан хабары жоқтардың тірлігі екенінде дау жоқ. Соның салдарынан бір қазақтың аударғанын екінші қазақ түсінбейтіндей жағдайға жеттік.
Ербол ӘБДІРӘСІЛОВ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы:
– Қарапайым халықтың тілдік мәдениеті қызмет көрсету орындарында да қалыптасатынын ескерсек, осындай орашолақ аудармалар ертең тілімізге сіңісті болып кетуінен қорқуымыз керек. Әсіресе орыс тіліндегі ойды сол қалпы тігісін жатқызбай бере салу тілдің дамуын шектеп, оның қолданылу аясын тарылта түсері сөзсіз. «В старших классах почувствовал увлечение к чтению национальной литературы» деген сөйлем «Аға кластарда оқи жүріп ұлт әдебиетін оқуға құныққанымды сезе бастадым» деп аударылыпты. Осындағы «аға кластар» дегеннің орнына «жоғарғы сыныптарда», ал «ұлт әдебиеті» дегеннің орнына «ұлттық әдебиетке» деп аударған дұрыс болмас па еді?
Бүгінгі сөз қолданыстағы аудармалардың сапасы сын көтермейтінін түрлі мекемелердегі іс қағаздарының қате тәржімелерінен көріп жүрміз. Құжаттардың аудармасында қазақ тілінің заңдылықтарына қайшы келетін тіркестер толып жатыр. Бұны бірізділікке салатын – тек маман ғана. Ал маманның ұлттың уызына жарыған, қазақ тілінің қаймағын жеп, майын жалаған сауатты болуы – басты мәселе.
Қос тілділіктен құтылу керек
Алтай ТАЙЖАНОВ, М. Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетінің саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының жетекшісі:
– Тіл төңірегіндегі мәселелерді тізе берсек, таң атуы мүмкін. Бірақ айтпай кетсек, сөздің атасы да өлуі ықтимал. Менің түсінігімде әрбір ұлт өкілінің өзіне ұнаған мекенінде өмір сүруге, өзінің өркениетін таратуға құқығы бар. Біздің елімізде жерімізді мекендеген жүздеген ұлтқа осындай конституциялық құқық берілген. Бірақ бұл – біздің Отанымызда қос немесе көптілділікті ұстансын деген сөз емес. Себебі біз Ресей елі секілді құрамында бірнеше автономды мемлекеті бар федерациялық мемлекет емеспіз. Біздің жерімізді паналап тұрып жатқандардың кетем десе, өз Отаны алдарында күтіп тұр. Ал бізді кім күтеді? Сондықтан да Ата Заңымызда қазақтың туған тіліне мемлекеттік мәртебе берілген. Соған сәйкес, біздің тіліміз тек қана қазақ тілі болуы қажет.
«Қазақстан – 2050» стратегиясы және тілтаным мәселелеріне әлеуметтік талдау» тақырыбына баяндама жасаған профессор Тайжанов көпұлтты Қазақстандағы тіл тағдырының дертіне нақты мысалдармен шолу жасады. Егемендік алғаннан кейін пайда болған жаңа терминдердің кейбірін сыпыртып сынап та алды.
Семинар-тренингіден қазақ тілінің болашағы мен қазақпын деген әр азаматтың арқасына аяздай бататынын түсіндік. Аттан салып айқайлағаннан түк шықпайтынын түсіндірген терминологтер сауатты сөзжасамдар арқылы ана тіліміздің аясын кеңейтуді ұсынды. Термин жасаудың үлгісі болған Алаш зиялыларының кешегісінен бастап ой қозғап, Орынбор съезінде қабылданған «Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер басқа түркі халықтарынан ізделсін; басқа түркілер тіліндегі пән сөздер жалпы түркі сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, ондай сөздер жатырқамай алынсын» деген қағидасымен түйіндеді. Осы семинар ой салып, әр салада жаңа сөзжасамдар қалыптасып жатса, бүгінгі басқосудың жемісі болар еді.
Тілді тірілтетін – терминдер
Последние статьи автора