Жаңа оқу жылынан бастап, Қазақстан мектептерінде «Дінтану негіздері» атты курс енгізілетіндігі мәлім болды. Дінтану курсын оқу-оқымау бұған дейін әркімнің өз қалауына байланысты болып келген болса, ендігі жерде оны оқып-үйрену жоғары сынып оқушыларының бәріне бірдей міндетті болып саналмақ.
Осы мәселеге орай өткен брифингте еліміздің Білім және ғылым министрлігінің өкілі Серік Ырсалиев: «діни толеранттық негіздері әр адамның бойында тіпті бала кезден қалыптасуы тиіс» деген көзқарасын да айтып қалды. Дегенмен діни сауаттылық негіздерінен хабардар болу әзірге тек 10-11 сынып оқушыларының ғана еншісіне тиіп отыр. Ал балалар мен жасөспірімдерді діни сауаттылыққа тәрбиелеу мәселесі өзге елдерде қалай шешілген? Жалпы, дінтану сабағын оқытып-үйрету, арнайы пән ретінде енгізу қандай қажеттіліктен туындап отыр?!
• Ресейде...
Биылғы оқу жылында Ресей мектептерінде де «Духовно-нравственная культура» атты жаңа пән пайда болады. Мектеп бағдарламасындағы міндетті пән ретінде енгізіліп отырған аталмыш сабақ 4-11 сынып аралығында, аптасына екі рет өтеді. Оның аясында балалар дәстүрлі төрт дін – православ, ислам, иудаизм және буддизм негіздерін оқып-үйренеді. Пәнді оқытудың жалпымемлекеттік стандартын Ресей білім академиясы аталған діни конфессия өкілдерінің қатысуымен әзірлеген.
немесе Құранды жаттауға балаларды мәжбүрлеуге жол берілмейді. Қай діни сенімді оқып-үйрену қажеттігін ата-анасымен келісе отырып, оқушының өзі таңдайды және ол біреу ғана болуы тиіс. Егер ата-ана баласының төрт діннің ешқайсысын да оқып-үйренгенін қаламаса, ол оқушыға дінтанудың жалпы курсынан өту немесе этика сабағынан дәріс алу мүмкіндігі беріледі. Жаңа курсты дін қызметшілері емес, мұғалімдер жүргізеді. Дәріс оқитындар – жоғары оқу орындарының теология, дінтану факультеттерін бітіргендер немесе қайта мамандану курстарынан өткен, қоғамдық пәндердің оқытушылары. Сынақ ретінде аталмыш пәнді әзірге Ресейдің 18 аймағында енгізу жоспарланып отыр. Сөйтіп, Білім және ғылым министрлігі бұл тәжірибе арқылы елдің 12 000 мектебінің 44 000 мұғалімі мен 250 000-нан астам оқушысын қамтымақ ниетте.
• Өзге елдерде..
Мұндай тәжірибе Еуропада да бар: яғни елде қай дін үстем болса, мектеп оқушыларына сол діннің негіздері оқытылады. Мысалы, Дания мен Норвегияда – лютеран, Грецияда – православ, Литвада – католик дінінен дәріс беріледі. Англия, Испания, Бельгия мемлекеттерінде оқушылар христиандықпен қатар, ел аумағында басымдыққа ие өзге де бірқатар діндерден мағлұмат алады. Діни тұрғыдағы оқу-ағарту мәселесі бәрінен де Финляндияда жақсы жолға қойылған. Онда белгілі бір діннің тек жалғыз ғана ұстанушысы болса да, оған сол өзі қажетсінетін сала бойынша таным-білім беретін оқытушы бөлінеді.
• Мәселенің мәнісі
Жалпы, діни таным-білім балалар мен жасөспірімдерге қажет пе? Қажет болса, не үшін? Дін негіздерін оқытып-үйрету қандай мақсаттан туындауы тиіс?
Бір анығы, халықты дінге жаппай бет бұрғызу, мәжбүрлеу мүмкін емес. Өйткені ешқандай құндылықты, ешбір түсінікті адамға күшпен таңу арқылы дарытуға болмайтыны – жалпыға аян жайт. Кез келген адам белгілі бір сенімге өз еркі, жеке түсінік-түйсігі арқылы келеді. Зорлық-зомбылық, қиянат – әсіресе, исламға жат құбылыс. Өз ағымына көзсіз берілуге адамды тек секталар ғана еріксіз мәжбүрлейді. Дегенмен жас толқынның мәдени және имандылық тұрғысындағы сауатын ашу, оқушыларды адами шынайы құндылықтардың мән-мағынасынан хабардар ету – өте орынды да қажетті шара. Себебі бүгінгі қоғамымызды жаппай мәдениетсіздік пен тобырлық сипат, жадағайлық жайлап бара жатқаны жасырын емес.
Кеңестік кезеңдегі білім беру жүйесінің арқасында бізде «технарьлар елі» қалыптасты. Бұл, әрине, бір жағынан, жақсы да шығар. Бірақ адами тұрғыдағы мәселелерді де ұмыт қалдыруға болмайтыны анық. Жұртқа бәрібір философия керек. Жақсылық пен жамандықты ажырата білуге талпыну немесе өзінің кім екені және не үшін өмір сүретіні тұрғысында ой қорытуға тырысу – адам атаулының жаратылысына ежелден тән құбылыс. Бұл орайда, «Дінтану негіздері» оқушының пәлсапалық көзқарасын мейлінше кеңейте түсері анық. Аталмыш пәннің маңызды болатын себебінің бірі – осы.
Әдетте, ислам мәдениетінде адамның жеке тұлғасына деген құрмет басым. Яғни ол адамның өміріне, жалпы болмысына Алладан аманатталған ерекше құндылық ретінде қарайды. Ал бірде-бір мектеп оқулығында бұл жөнінде жете айтылмайды. Адамның жеке басы, қоғаммен, айналасымен қарым-қатынасы, бүгіні, тіпті болашағы туралы әңгімеге біз көп ретте «қызыл сөз», «жаттанды әңгіме» деп қараймыз. Бір жағынан алғанда, «адамды сүй!», «жақыныңды сыйла!» тәріздес сөздердің бәрі шынымен де айтыла-айтыла әбден жауыр болған тақырып екені рас. Бұл ретте, тек дәстүрлі діни ағымдар ғана адамның болмысын жете түсіндіріп береді және оны не үшін сүю, бағалау керектігіне иландыра алады. Дінімізден айырған дүбәра кезең көпшілігімізді адами асыл қасиеттерден де алшақтатып жіберді. Соның салдарынан адамның өмірі исламда атап көрсетілгендей басты құндылық болудан қалды. Сөйтіп, қасақана кісі өлтіру, жұртты жаппай қырып-жою, одан қалса, сәбиді жарық дүниеге жеткізбестен шарана күйінде тастау тәрізді жат қылықтар көбейді. Ал осы иманды адамның тірлігі ме?!
«Дінтану негіздерін» енгізудің тағы бір пайдасы – оқушылар дәстүрлі діни бағыттардың өзіндік ерекшелігін, мән-маңызын түсінуге мүмкіндік алады. Түрлі миссионерлер мен сектанттар жас ұрпақтың санасын улап, адастыруға ерекше құлықты болып отырған бүгінгідей қым-қуыт уақытта кімнің-кім екенін ажыта білудің аса маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Рас, қай діни сенімді ұстанатындығы адамның өз еркіндегі шаруа. Бірақ діндердің әр алуан екендігін және оларды бір-бірімен шатастыруға болмайтынын әркім білуі тиіс. Діни мәселеге немқұрайды қараушылық кез келген ұлт үшін, қай кезде де өте қауіпті...
Дін мәселесі тұрғысынан алғанда , бүгінгі қазақ қоғамынан байқалатын бір құбылыс, ол – жұрттың екіге жарылуы. Былайша айтқанда, діндарлар бір бөлек те, дінді ұстанбайтындар бір бөлек. Әрқайсысының өз ортасы, өзін ғана қызықтыратын жеке тақырыбы бар. Алғашқы топтікі – бақилық әңгімелер де, келесі топтікі – фәнилік тірлік, дүниәуи әңгіме. Және ең қиыны – екі топ бірін-бірі мүлде қабылдағысы да, түсінгісі де келмейді. Сайып келгенде, осының бәрі діни сауатсыздықтан, түсінбестіктен туындап отыр. Шын негізінде, дін деген – әлдекімдердің бетке ұстауына ыңғайлы көрнекі құрал да, ұлтқа лаң салушы бүлдіргі де емес, қалыпты жайт, әркімнің өз қалауынан туындайтын күнделікті қағидасы болуы тиіс. Өзім солай ойлаймын...
P.S. Ресей елі оқушылардың діни сауатын ашу мәселесін 4-сыныптан бастап қолға алғалы жатқанын айттық. Ал біздің министрлік діни ағарту шарасын 10-сыныптан бастамақ. Есесіне биылғы оқу жылында бастауыш сыныптар үшін «Қаржы-қаражат бойынша сауаттылық негіздері» (Основы финансовой грамотности) атты жаңа пән енгізілмекші. Сөйтіп, өзге жұрт жас ұрпағын ең алдымен имандылық бұлағынан сусындатуға бет бұрса, біздің айналып келіп тағы да технократтарды тәрбиелеуге талпынып отырған жайымыз бар. Осыдан туындайтын бір сұрақ: Біз өзі қандай қоғамға зәруміз?..