Өмір ұлы ма, әлде өлім бе? Мәңгілік жауапсыз сұрақтар жетегіндегі адамзат баласын осылардың қайсысы өз алақанына салып әлдилеп, жанына тыныштық таптырады? Ана құрсағынан жарық дүниеге шыққан нәресте көзімен қарағанда, өлім деген тым шексіз, алыстағы дүние секілді көрінгенімен, ол күнделікті өмірмен егіз қозыдай қатар жүріп, адамдардың көзіне сәт сайын үңілетін болса керек. Асау толқындары жағалауды ұрып, буырқанып жатқан теңізге бүтін бір халықтың өмірін сақтап қалу үшін аттанған төрт азамат: ата, әке, бала атты үш ұрпақ өкілінің арасындағы диалог, олардың өмір үшін арпалысқан әр сәттегі қимыл-қарекеттерін бір деммен көріп, тіпті бір жұтым суға зар болған арыстай азаматтардың халін жүректен өткергіңіз келсе, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетті» көріңіз.
Күні кеше Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры осындай бір жаңа қойылымның тұсауын кесті.
Талғат Теменов, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер:
– Шыңғыс Төреқұлұлының бұл туындысы басқа шығармаларынан ерекше. Өйткені бұл – қиын дүние. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында якут театрында сахналанған шығарма сол тұста керемет дүрлігу туғызып, тіпті Мемлекеттік сыйлық алған болатын. Содан бері басқа бірде-бір театрда осы «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» сахналанған жоқ. Себебі мұндағы оқиға тек бір ғана қайықта өтеді. Сахналық шешімін таппағаннан кейін басқа театрлар қоюға жүрексінген болулары керек. Шығарманың қиындығы комедия не сол секілді басқа да жанрдағы қойылымдар секілді көп қимыл-әрекет жоқтығында. Бірақ біздің театр осы дүниенің күрделі де болса шешімін тапты деп білемін.
Аталған театр бұл шығарманы ерте көктемнен бастап қолға алып, содан күзде дайын болысымен тұсаукесерін елордада өткізді. Қазанның 8-14-і аралығында Астана қаласына гастрольдік сапармен барып, өздерінің соңғы кездегі тың туындыларын көрерменге тарту етіп ұсынды. К.Байсейітова атындағы опера және балет театры сахнасындағы қойылымдардың ашылу салтанатына елорданың әкімі Иманғали Тасмағамбетов келсе, жабылу салтанатына еліміздің мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп, аталған қойылымды өз көзімен көріп, бағасын да беруді ұмыт қалдырмады.
Ал, жалпы, туындының қазақ сахнасына келу тарихына аздап шегініс жасар болсақ, Шыңғыс Айтматовтан алғаш қазақшаға аударған белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза болатын. Міне, осы бір Алаштың ардақты тұлғасы кеше көрерменмен бірге театр залынан табылды. Шерағаңнан аталған шығарманы сахнаға лайықтап инсценировкасын жасаған да, режиссерлік еткен және түгел музыкасын үйлестірген де театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Талғат Теменов.
Әрине, туындының тағдыры, яғни көрерменнің жүрегіне жетуі ондағы актерлерге тікелей байланысты. Қарт аңшы Орхон шалды Сағызбай Қарабалин сомдаса, үлкен ұлы Эмрайнды – Еділ Рамазанов, кішісі Мылгун жігітті – Данияр Базарқұлов, ал ең кішкентай немересі 14 жастағы Кирийскті Мерей Әжібеков сомдады. Аталған актерлердің қай-қайсысы болсын осыған дейін бірнеше қойылымдарда сан қырлы шеберліктерін танытып келсе, ал Мерей Әжібековтің бұл театрдағы тұңғыш басты рөлі болса керек. Атасы, әкесі мен ағасынан айрылып, соңында жалғыз өзі аман оралатын немере рөлін жас актер бар жан дүниесімен сомдағаны сезілді. Соңында қалған бір жұтым суды жұтып тұрып, ең ардақтыларын жұтып кеткен теңіз толқындарына қарап көкірегі қарс айрылған баланың көз жасы отырған көпшілікті егілтпей қоймады. Сондай-ақ қос бауырдың қатты шөлдеп, аштықтан бұралып жатса да, бір-бірлерінің тірі қалуын тілеген тұстары, Орхон шалдың ұрпақ жайлы толғанысы барлығы да көрген жұрттың көзіне жас алдырды. Қалай болғанда да, Шыңғыс Айтматов шығармасын Алаш жұрты сонау қияндағы нивх жұртының тағдыры ғой деп емес, өз мұңы, өз қасіреті секілді қабылдағаны ақиқат. Айта кету керек, көрерменді бұлайша бір деммен ұстап отыруда музыканың да үлесі зор. Әр сәт сайын, әр оқиғаға сәйкес әуен де дәл үйлесіп, солайша туындының ешбір тұсы көрермен назарынан тыс қалмай, қайтара оқиғаның ішіне енгізіп жібергендей болды. Режиссерлік шешім де анық, жұрт көкейінде наразылық тудырған жоқ. Ұрпақ амандығы, сол жолдағы баба буын, әке буынның құрбандығы, жалпы, көрерменді биік адамгершілікке үндейтін туынды ең алғаш саха еліндегідей тағдыр кешіп, біздің елімізде де өз деңгейіне сай бағасын алады деген сенім мол.
Алдағы уақытта театр аталған қойылымды Таулы Алтайға апарып көрсетуі әбден мүмкін.
«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет»
Последние статьи автора