Театр үшін туған

Алматы Жазушылар Одағы. 29 мамыр 2009ж.

Алаш жұртының аяулы азаматы, белгілі режиссер, кино және театр актері, ақын Рүстем Есдәулеттің дүниеден озғанына биыл – екі жыл. Ордабұзар жастан енді ғана асқан жас талант өзінің қысқа ғана ғұмырында ұлттық театр өнерінің өркендеуіне орасан еңбек етіп, соңынан сүбелі шығармалары мен ерекше сахналық қойылымдарын қалдырып кетті. 
Мезгілсіз ажал Рүстемдей дарынды арамыздан алып кетпегенде, ол өзінің өнерге деген құштарлығымен, шеберлігі мен біліктілігінің арқасында қазақ руханиятына әлі талай қызмет етер еді. Неге екенін қайдам, көбіне айрықша туған таланттардың ғұмыр жасының келте болатыны – тылсым әрі жұмбақ құбылыс. Бұған қатысты өмірден мыңдаған дәлел-дәйек келтіре беруге болады. Қазақта ерте танылып, ерекше қабілетімен елді таңғалдырып, қыршын кеткен дарындар аз емес. Жалғанды жырларымен тербеген кешегі Мұқағали, Төлегендер де жарық дүниемен ерте қош айтысып еді. Бұрынғы сал-серілердің жыраулық дәстүрін бүгінгі күнге икемдеп, шалғайдағы ауылда жатып-ақ көне өнерді жаңаша биікке көтерген қазақтың бард-әншісі, қара гитарасын асынған Табылды Досымов та 45 жасында бақиға аттанып кете барды. Ал жастары ордабұзар отыздың белесінен ары аспаған өрімдей жас таланттарымыз қаншама?! Күллі әлемге қазақтың жұдырығының мықтылығын танытқан Бекзат Саттарханов – 20 жасында, «От ауызды, орақ тілді ақын» атанған айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосынов – 29 жасында, осы Оразалының жары, әнші Ажар Түзелбекқызы – 33 жасында, белгілі тележүргізуші Руслан Бөлебай – 24 жасында, қазақ эстрадасында енді жарқырап көріне бастаған Нәби Аймұратов 23 жасында қапелімде жарық дүниемен қош айтысып кете барды. Осы бір орны толмас қазалар қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырып кеткені анық. Ұлттық театр өнеріне тың серпін береген жас талант Рүстем Есдәулеттің де ғұмыр жасы келтеленіп, Жаратушы Алла оның маңдайына небәрі 31 жас қана өмір қызығын көруді жазған екен. 


Мектепті тамамдап, Алматыға үлкен мақсаттар мен асыл армандарын арқалап келген ол Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын үздік бітіріп, алып қаладағы қайнаған ортасына бірден сіңіп кетеді. Маман Байсеркенов, Асанәлі Әшімов сынды майталмандарды ұстаз тұтқан ол сахна өнеріне деген махаббатын, кеудесін кернеген поэзияға деген құштарлықпен үйлесімді етіп аялай білді. Рүстемнің поэзияға, жалпы әдебиет атаулыға етене жақындығы оның режиссерлік бағытына өзгеше реңк бере түсті. Өз ортасынан ерте есейіп, өзгелерден басқаша ойлайтын оның жас санасы буырқанған небір тың идеялардың өзегі іспеттес еді. Өзі де театр десе ішкен асын жерге қойып, сол үшін туғандай кейіптен бір арылмайтын. Үнемі ізденіс жолында жүретін ол кезінде Санкт-Петербург қаласындағы  кіші академиялық  Еуропа театрында Ресейдің ең мықты театр режиссерлерінің бірі — Лев Додиннің халықаралық  зертханасында  дәріс алған жалғыз қазақ режиссері болды. Ол жас та болса Өскемендегі Ж.Жабаев атындағы Облыстық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін абыроймен атқарып, осы театр сахнасында аз уақыттың ішінде жиырмаға жуық спектакльді сахналады. Өзі оқып, тәжірибе алған Алматыдан алыстағы Өскемендегі қызметінде жүрсе де, Алматыға жиі келетін. Оның бұл сапарлары көбіне ресми жұмыспен, фестивальдар мен түрлі жиындарға байланысты болса да, ең алдымен қаламдас достарын іздейтін. Келе сала хабарласып: «Жігіттер, Зайсанның балығын ала келдім. Біздің елдің дәмі ғой. Үйге келіп дәм татыңдар. Өлең оқып, әңгіме айтып, шер тарқатып алайық. Әйтпесе, басшылық қызметте жүріп, достарды әбден сағынады екенсің. Өскемен – өз үйім ғой, бірақ Алматының жөні бөлек» – дейтін аңқылдап, ағынан жарылып. «Түсіме театр кіріп жүр. Кіре берісінде Оралхан Бөкейдің мүсіні тұрады. Спектакль жүріп жатады. Залда халық көп. Шір-кін, болашақта Оралхан атындағы үлкен кең сарайдай қазақ театрын салсақ қой...» – дегенді жиі айтатын. Осы түсі жайында жазған өлеңі де бар еді...

Бар жүрекке жылу шашып өлеңім,
Өскеменнің қақ төрінен
                       театр ашса деп едім.
Қаламыздың ортасынан қазақтың,
Сахнасын түсімде көп көремін.

Иә, түсімде сұлу әсем ғимарат,
Сарайында қарагөздер жиналад.
Фойесінде – Оралханның мүсіні,
Спектакль көретіндей тұр қарап.

Түс жориық жақсылыққа – бұл ақыл
Ал өңімде әлгі үйдегі бұзақы ұл,
Әлденені құрастырып кубикпен
«Әке, саған салдым», дейді ТЕАТР...

***
Ол айналасына дос жинай білетін, үлкенді сыйлап, елден шыққан өзінен кейінгі өрімдей талантты көрсе демеп, қолдап жіберуге дайын тұратын елгезек жан еді. Рүстемдей өнерге адал азаматпен мен де қаламдас, қанаттас дос-бауыр болғандығымды мақтан тұтып, танысып, табысып жүрген өткен шақтарды сағыныш­пен жиі еске алып отырамын. Бізді табыс­тыр­ған да өнер еді. Студент шағында-ақ оның өлеңдері республикалық басылым­дарда үзбей жарияланып тұратын. 2001 жылы екеуміздің де пышақтың қырындай ғана тұңғыш жыр жинағымыз «Жазушы» баспасынан қатар шықты. Қатарластары махаббат тақырыбынан шиырлап шыға алмай жүргенде, «Бөрі-нама» деп аталатын кітабында ол:

Құрыш тұяқ, қылыш құлақ,
Уақыт жылжып барады.
Ашып айтсам дұрысырақ,
Біз өмірдің қонағы...

– деп кесек ой айтуға бейім еді.
Осыдан он жыл бұрын Астанада өткен шығармашыл жастардың Халықаралық фестиваліне бірге қатынасып, жарыса өлең оқып, тым биіктен көрінбесек те, «Лауреат» атанып, біраз мойындалғанымызға өзі­міз­ше бір мәз болып, марқайып қалып едік. Кейін 2006 жылы Рүстем «Шабытқа» «Қарагөз» атты прозалық шығармасын ұсы­нып, бірінші жүлдеге ие болды. Рүстем кезінде «Қазақстан» телеарнасындағы таң­ғы ақпараттық-сазды «Таңшолпан» бағ­дар­ламасында да қызмет еткендігін біреу білсе, біреу білмейді. Кейін Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы драма театрының ұжымын басқарды. Жас режис­сер өз мүмкіндіктерін осы театр сах­насында жүріп көрсете білді. Әттең, ғұ­мырдың келтелігі оның ойға алған дү­ние­лерінің толыққанды жүзеге асыры­луына мүмкіндік бермеді. Соңғы рет талантты бауырыммен Алматыдағы Жазушылар Одағында өткен театр майталмандарының кезекті жиынында жолығып едім. Сонда суретке түсіп тұрып (суретте), Рүстемді бұдан былай көрмеймін деп кім ойлаған?
Рүстем дүниеден өткенде, рухани ағаларының бірі, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Қазіргі режиссерлеріміздің алды 70-тен асып, соңы 40-пен 50-дің ортасындағылар. Жас режиссерлер бізде жоқтың қасы. Ал Рүстем Есдәулетов осы саладағы тың күш еді. Осындай ерекше қабілет иесінің діттеген мақсатына жете алмай, ақ боз атынан аударылып қалған Төлегендей, оқыс құлағанына менің де жүрегім сыздап, жаным ауырады. Ол қазақ театры үшін әлі де талай қызмет етер еді. Әттең, ғұмыры тым қысқа болды. Онсыз да жас мамандарға зәру болып тұрған шағымызда шығармашылық потенциалы зор, режиссура музасына деген сүйіс­пеншілігі мол Рүстем сынды таланттардан көз жазып қалуымыз руханиятымыз үшін, оның ішінде қазақ режиссурасы үшін үлкен трагедия болды». – деп өзегі өртеніп тұрып, тебірене сөз айтып еді. Шынында да, Тәуелсіз Қазақ елінің рухани діңгегінің бірі саналатын киелі өнердің өз өкіліне айналып, ұлттық театрды өзінше түрлен­дірген талантты режиссер Рүстем Есдәулет­тің есімі жоғары дәрежеде дәріптелуге қа­шан да лайық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста